Ақтөбелік азамат мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғамақ
Ақтөбелік азамат мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғамақ
5,207
оқылды
Ол жол апатынан соң арбаға таңылса да, ұзақ уақыт сауықтыру сатысынан өтіп, жанашырларының қолдауымен спортшы атанды, кәсіпкер болды. Шахан қоғамдық шараларға жиі қатысады, өз ойын еркін айтып, жолында кездескен кедергілермен бөліседі. Шахан өзінің қайсарлығымен мүмкіндігі шектеулі талай жанға күш сыйлады. Енді олардың мүддесін қорғау үшін Nur Otan праймеризінен жеңіске жетуді қалайды.
–Мен праймериз туралы партияластарымнан естіп, оған қатысуға бірден шешім қабылдады. Бұл тек өзімді көрсетуге ғана емес, туған қаламның әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуыма мүмкіндік береді. Басты мақсатым – мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру. Қазір қалада оң өзгерістерді байқап отырмын. Көшелер жөнделіп жатыр. Тек осы құрылыс жұмыстарында мүгедектігі бар азаматтардың мүддесі ескерілгенін қалаймын, – деді Шахан.
Шахан Жулдасбаев қазір 39 жаста. Отбасында екі бала өсіп келеді. Ол "Пандус ОК" мамандандырылған құрылыс компаниясын құрып, 2014 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензия алған. Содан бері мекемелер мен ұйымдардың ғимараттарына пандустар орнату ісімен табысты айналысып келеді. 2016 жылы электрлік көтергіштер өндірісін іске қосты.
–Бүгінде біз 100-ден астам нысанды бейімдедік. Облыс орталығының ауқымында бұл, әрине теңізге тамған тамшы ғана. Дегенмен бұл үрдістің іске қосылғанына қуаныштымын. Ақтөбе біз үшін барынша қолжетімді, әдемі болуы үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарға бақылауды күшейтіп, мүгедек азаматтардың мүдделерін қорғағым келеді, – деп толықтырды сөзін Nur Otan праймеризіне қатысушы.
Ол кәсіпкерлік және қоғамдық қызметтен басқа,  суда жүзу спортымен айналысады. 2019 жылы Италияда өткен әлем кубогынан алтын медальмен оралды.