25 тамызда әлеуметтік желіде Атырау облысында 13 жасар қыз тұрмысқа шықты деген жазба пайда болды. Кәмелетке толмаған қыз 2002 жылғы миялылық жігіттің отбасына келін болып түскен,деп жазады "Ақ Жайық" басылымы.
"Тексеру барысында Атырау қаласының Привокзальный ықшамауданында тұратын кәмелетке толмаған қыздың былтыр желтоқсаннан бері Миялы ауылының жігітімен кездесіп жүргені анықталды. Көп кешікпей олар үйленеміз деп шешіп, үш баланы бір өзі өсіріп отырған анасы, неліктен екені белгісіз, ортаншы қызының Миялы ауылына келін болып түсуіне рұқсат берген. Күйеуінің әке-шешесі, тіпті, сырға салып, келін түсіру ырымын жасап та үлгерген. Бұл жаңалық ауыл тұрғындарына тез тарап, полиция да хабардар болды", - деп хабарлайды Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
– Қызылқоға аудандық ювеналдық полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын бастап, қыздың анасы шақырылды. Анасының қатысуымен аудандық аурухананың гинекологы қызды тексеріп, оның жыныстық қатынаста болмағанын және басқа да дене жарақатының жоқтығын анықтады. Дегенмен де, кәмелетке толмаған қызбен, оның "күйеуімен" және ата-аналарымен ҚР ҚК-нің 122-бабына сәйкес, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас үшін қылмыстық жаза қарастырылғаны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Біздің мәліметіміз бойынша, қыз Миялыда бір аптадай болған. Екі жақтың ата-анасы балаларының бір-біріне шынайы ғашық екенін, ал олардың қарым-қатынасы рухани махаббат екенін растап отыр. Полицейлердің тексеру жұмыстарынан кейін қыз өз үйіне қайтарылды, ол бірнеше күннен кейін мектептегі сабағын жалғастырады. Биыл "қалыңдық" 8-сыныпқа көшкен.