Мәжіліс cпикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның Бюро отырысы өтті. Жиында қалаулылардың осы аптадағы жалпы отырысының күн тәртібі жобасы айқындалды.
Алдағы сәрсенбіде Мәжіліс депутаттары денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қарайды деп күтілуде. Атап айтқанда, заң жобасы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жаза енгізуге бағытталған.
Бұдан бөлек, жиында палата талқылауына ратификациялық заң жобасы Украинамен арадағы экстрадициялау туралы шарт шығарылады деп жоспарланған. Құжатта уағдаласушы мемлекеттер шарттың талаптарына сәйкес ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар бойынша қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында сұрау салушы тарап іздестіріп жатқан қылмыскерді өзінің аумағында ұстап алып, екінші тарапқа беруге міндеттенеді.
Осы жалпы отырыста сондай-ақ газ және газбен жабдықтауға қатысты жаңашылдықтары бар заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі бекітілмек.