Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем тұрғындарының 85 пайызы екпе салдырған. Вакцина салдырудан бас тарту әсерінен 1,5 млн адам көз жұмған. Әсіресе, екпе салдыру сәби үшін маңызды. Вакцина арқылы түрлі аурудың алдын алуға болады. Елімізде жыл сайын егуден бас тартатын ата-ананың көбеюіне байланысты Үкімет жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр.
Көпшілігіміз вакцина жасаудың байыбына бармаймыз. Бізге бұл дәрігердің міндеті сияқты көрінеді. Алайда екпе салдыру алдымен адамның өзіне қажет. Екпені салғанда ағзада Т мен В лимфоциттері түзіледі. Бұл вирус пен бактерияны анықтап, зарарсыздандырады. Лимфоцит жасушаларының «есте сақтау қабілеті» өте жақсы. Егер ағзаңызда вирус байқалса, бірден қорғану шарасын қабылдайды. Вакцина арқылы иммундық реакция жақсы жұмыс істейді.
Екпеден бас тарту дифтерия, көкжөтел, полиомиелит, қызамық, В гепатиті, қызылша, эпцефалит, туберкулез, паротит және сіреспе ауруына әкеледі. Мысалы, Ұлыбританияда 1978 және 1982 жылы көкжөтел індеті таралды. Себеп – екпе салдырмау. Салдарынан 70 мың бала ауруға шалдыққан. 1979-1996 жылдары Швецияда көкжөтелге қарсы вакцина салуға мораторий жариялайды. Нәтижесінде, елдегі 10 жасқа толған балалардың жартысынан астамы вирус жұқтырады. ДСҰ статистикасында, соңғы 10 жылда Еуропа елдерінде қызылшаның меңдеп кетуі егуге қарсы болумен байланысады.
Шетелдегі ахуал осындай. Ал Қазақстанда екпеден бас тартатын ата-аналардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл – бала өміріне қауіпті. Мамандардың айтуынша, вакцина салдыру – аурудың алдын алу кепілі. Дін істері комитетінің мәліметі бойынша, 2015 жылы 8 383 адам егілмеген. 2016 жылы 9 685 адам вакцина салдырмаған. Екпені қаламайтындардың саны бір жылдың ішінде 13,4 пайызға көбейген.
ЕКПЕНІҢ ЗИЯНЫ БАР МА?
0-14 жас аралығында негізгі екпе салу жүреді. 18 жасқа дейін тұмауға қарсы жылына бір рет вакцина алсаңыз жеткізілікті. Әлемде біз біле бермейтін екпе түрлері бар екен. Еуропа, АҚШ және басқа елдерде жаңа вакцина түрлері бар. Егер сіз аталған елдерге бара қалсаңыз, егуден өткеніңіз жөн.
ДСҰ екпенің қауіпсіз екенін айтады. Кері әсер беру сирек кездеседі екен. Эпилепсия, сал ауруы, иммун жетіспеушілігі кезінде де сала береді. Зерттеу бойынша, екпе салдырған бір миллион адамның тек біреуінде аллергиялық реакция береді. Шетелде вакцинаға аллергиялық талдама жасалмайды.
Қандай жағдайда вакцинадан бас тартамыз? Мысалы, баланың қызуы көтеріліп, тұмауратып тұрса, екпе салдырмауына болады. Өйткені екпеден кейін не үшін қызу көтерілгенін анықтау қиын. Егер сәбиіңіз гепатиттен енді ғана жазылып, антибиотик қабылдап жүрсе, екпе туралы алаңдамаңыз. Вакцина салдыра беруіңізге болады.
Вакцина – биопрепарат. Сондықтан егуден кейін баланың дене қызуы көтерілуі, аллергиялық реакция, сирек энцефалиттер кездеседі. Көпшілігі осының салдарынан екпеден бас тартады. Білсеңіз, екпе егілген бала жоғарыдағы аурудың бірімен ауырып қалғанның өзінде, тез арада емделіп кетуі мүмкін.
Әлемде аутизмге вакцина себеп дейтіндер бар. Мәселен, Еуропада, Оңтүстік және Солтүстік Америкада жүргізген зерттеулер басқаша сөйлейді. Нәтижесі көрсеткендей, вакцина мен аутизмнің бір-біріне қатысы жоқ.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Ата заңда бала денсаулығы мен құқығын қорғау нақты көрсетілген. Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 89-бабының 1.1-тармағында «Әрбір бала денсаулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін, ауруларды емдеу құралдарын пайдалануға және денсаулығын қалпына келтіруге құқылы» делінген. Сондай-ақ 156-бабтың 1-тармағында «Қазақстанда тұратын физикалық тұлғалар кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберіндегі инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу екпелерін алуға міндетті» деп белгіленген. Яғни, баласына вакцина салдырудан бас тартқан кез келген ата-ана жазалануы мүмкін.
Осыған қатысты заң жобасы жайлы баспасөзде біраз айтылды. Аталған тақырыпта өткен жиын мен брифингтерде түрлі мәселе көтерілді. Екпеден бас тартқан ата-ана баласы ауруға шалдықса, өзі емдетуі тиіс. Өйткені балаға бірінші болып жауапты – ата-ана.
– Заң жобасында балаларының екпе салдыру құқығын бұзған ата-аналарға қатысты айыппұл санкцияларын енгізу туралы ұсыныстар бар. Жоба әлі әзірленіп жатыр, оған ұсыныстар енетін болады, – деді Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері.
Ведомство айыппұл ата-ананың бәріне бірдей салынбайтынын, екпе салдырмаған бала ауырмаса жаза да жоғын жеткізді. Сондай-ақ әзірше айыппұл мөлшері жарияланбағанын
айтты.
Министрлік мәліметінше, елімізде ата-аналардың 50 пайызы екпе туралы өзіндік пікірі бойынша бас тартады екен. Маңғыстау, Ақтау мен Ақтөбе тұрғындары діни наным-сенімге байланысты вакцина салдырмайды. Аталған пікірдегі азаматтар 35 пайызды құрайды. Ішінде екпеден күдіктенетіндер де бар. Олардың көрсеткіштері – 15%. Арасында екпе туралы жағымсыз ақпаратты оқығаннан үркіп қалғандары да бар.
Осы туралы елордада өткен конгресте Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин кеңінен айтты. Ата-аналар мұндай әрекетке барғанда бәрінен бұрын балаға қиянат жасайтынын ескертті. – Бізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бар. Соған сәйкес, балаларды вакцинациялау 95%-ға, ересектерді вакцинациялау 80-85%-ға жету керек. Осы деңгейге жетсек, елімізде жұқпалы аурулардың таралуы тыйылады. Біз Қазақстанда бұл көрсеткішті 97%-ға жеткіздік. Бізді қызылша ауруы алаңдатып отыр. Бұл ауру қазір пандемия ретінде әлем бойынша таралып жатыр. Конгресске келген қонақтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау деректері бойынша, қазіргі уақытта әлемде қызылшамен ауырған 375 мың жағдай тіркелгенін мәлімдеді. Осыған байланысты Мадагаскар және басқа да бірқатар мемлекетте өлім-жітім болған. Бұл ауру АҚШ-та да таралуда. Біз алдын алу шараларын жасап жатырмыз. Келесі аптадан бастап денсаулық саласында жұмыс істеп жүрген дәрігерлермен бірге қосымша егу жұмыстары қолға алынады, – деді ол.
Сонымен бірге қазір елімізде 10-12 айға жетпеген сәбилердің арасында ауру нышаны байқалған. Сондықтан егу шараларын 9 айдан бастайды. Ауру іштен тарамас үшін медицина қызметкерлерінің 99,7 пайызы вакцина салдырған. Енді балабақша мен мектепке тек вакцинацияланған балаларды жіберу туралы ұсыныс бар екен. Ал біле тұра балаларын егуге апармағандар әкімшілік жауапқа тартылады. Бұл туралы жоба денсаулық сақтау ұйымдарында талқылаудан өткен соң, Парламентке жолданады.
Мемлекеттің басты байлығы – адам. Бұл Ата заңда жазылған құндылық. Ал елдің ертеңі – ұрпақ. Баланың денсаулығы бәрінен маңызды. Денсаулықты күтудің негізі – алдын алу. 1736 жылы Бенджамин Франклиннің төрт жасар ұлы шешек ауруынан көз жұмады. АҚШ президенті өмірбаянында баласына вакцинаның бастапқы түрін салдырмағанына өкінетінін жазады. Өкінбеу үшін берілген мүмкіндікті пайдаланған абзал емес пе?!