Тәтті түбір табысты болып тұр
Тәтті түбір табысты болып тұр
311
оқылды

Алматы облысы – аса ірі агро­өнер­кә­сіптік аймақ. Қазір­гі кез­де елі­мізде өн­дірі­­летін ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнімдерінің 20 пайызы осы бе­рекелі өңірдің үле­сін­де. Мемлекеттік қол­даудың арқа­сында шаруалар жыл сайын өңірлеріндегі қо­лайлы ауыл шаруашылығы дақыл­да­ры­ның түр­лерін көбейтіп, көлемін ұлғайтып, тү­сімін артты­руда.

Әсіресе, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы құрылған сервистік-дайындау орталықтарының шар­уа­лар­ға көп шарапаты тиюде. Еңбек адамдарының қолын барын­ша ұзартып, адымын ашып отыр.

Қапшағайдағы «Ақөзек» СДО басшысы Думан Майли­ха­­нов сервистік-дайындау орта­­лық­та­рының тиімділігін айрық­ша атайды. Кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын «Ақөзек» ауыл шар­­уа­шылығы өндірістік ко­о­пе­ра­тиві мен «Майлиханов Д» шар­уа қожалығын біріктіріп, сер­вистік-дайындау орталығын құрды. Өңірге танымал кәсіпкер, Қапшағай қаласындағы ірі шар­уа қожалықтарының басшысы, фермерлер одағының жергілікті филиалын басқаратын және Кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кіретін шаруа адамын таңдауда адасқан жоқ. Оған ауыл шаруа­шылығымен бала кезден таныс. Жастайынан пияз себуге кө­мек­­тесіп, трактор жүргізген. Осы­лай­ша, ол бизнестегі үлкен тәжірибесі мен іс жүргізудегі инновациялық тәсілінің арқасында Қапшағай өңі­рінде табысты әрі ірі СДО құр­ды.

2017 жылы алғаш рет қант қы­зыл­шасына бет бұрған еді, қада­мы сәтті болды.

– Шаруашылықта біз бұған дейін әрдайым пияз, соя, арпа және қарбыз өсірдік. Жетісулық ша­руалар қант қызылшасын жаң­ғырту бойынша мемлекеттік қол­даудың жемісін көргеніне көз жеткізген соң біз де осы іс­пен айналысуды жөн көрдік. Со­сын сервистік-дайындау орта­лы­ғын құрдық. 2017 жылы 60 гек­тар­ға қызылша егілді. Нәтиже біз күт­кен­нен де асып түсті. Гек­та­ры­нан 520 центнер өнім жинадық, – дейді орталық жетекшісі.

Егер екі жыл бұрын «Ақөзекте» егістік көлемі 60 гектар болса, 2018 жылы тәтті түбір көлемі 200 гек­тарға жеткізіліп, 4 мың тон­на­­дан астам өнім жиналды. Биыл «Ақөзек» СДО-да қант қызыл­шасы 160 гектарға өсірілді.

Көпке мәлім, Қапшағайдың жазы ыстық және желді. Қолайсыз ауа райына қара­мастан, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы сатып алынған эли­та­лық тұқымдар өнімділікті арт­ты­­руға септігін тигізеді. 2018-2019­ жылдары жалпы сомасы 33,3 млн теңгеге Германия мен Фран­­циядан 640 дана егіс тұқымы са­тып алынды.

– Еуропалық тұқымдардың ерек­шелігі – олардың әртүрлі агро­климаттық жағдайларға бе­йім­­­делуінің жоғары деңгейде еке­нінде. Сонымен қатар, тұ­қым­дар біздің жер қыртысына төзімді. Осының арқасында жақсы өнім аламыз. Облыс шаруаларына ай­тар­лықтай көмек көрсеткені үшін «Жетісу» ӘКК-ге алғыс білдіргім келеді, – деп атап өтті Думан Майлиханов.

Заманауи ауыл шаруашылығы техникасы да кәсіпкерлердің ісін ал­ға бастыруда. Тиімділігі мен өнімділігі жоғары техника жұмыс күшін азайтуға, егіс алқабын жедел дайындап, егін жинау мерзімін қыс­қартуға көмектеседі.

Қаржы лизингі аясында «Же­­тісу» ӘКК» ӨДИ» арқылы «Ақөзек» СДО жалпы сомасы 171,6 млн теңгеге 14 ауыл шаруа­шы­­­лығы техникасын сатып алды. Олар­дың қатарында қопсытқыш, бү­ріккіш, айналмалы соқа, сепкіш, трак­тор, тіркеме және басқалар бар.

Қожалықта тұрған Agrotron 170 сериялы DEUTZ FAHR неміс тракторы жоғары өнімділігімен, беріктілігімен және икемділігімен ерекшеленеді және тіпті ең күрделі жағдайларда да жұмыс істей алады. Осы ерекшеліктері тракторға дайындық жұмыстарынан бастап күні бойғы егіс жұмыстарына де­йін, жыртудан бастап тасымал­дау­­­ға дейін күрделі істерді жүргі­зу­ге мүмкіндік береді.

Ал MONOSEM MECA V4 механикалық сепкіші қант қызыл­ша­­сын егу үшін арнайы жа­сал­ған. Себетін аппарат тереңдікті тұрақ­ты бақылап, тұқымдарды дұрыстап орналас­ты­ру мен сапалы себуді қам­тамасыз етеді.

Айта кету керек, қазіргі уақыт­та «Жетісу» «ӘКК» ӨДИ» АҚ қол­­дауымен Алматы облысында қы­зылша бағыты бойынша 29 СДО құрылған. СДО-ға «Жетісу» ӘКК тарапынан жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын 603 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды және 2011 жылдан бері 60 мыңнан астам дана (бір данада 100 мың тұқым болады) егіс тұқы­мы берілген.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы