Дәрігер қателігі: Қоғамның көзқарасы қандай?
Дәрігер қателігі: Қоғамның көзқарасы қандай?
1,115
оқылды
Соңғы уақыттары аза­мат­тардың медициналық қауіпсіздігі мен осы сала­дағы қызмет көрсету са­па­сына қойылатын талап­тардың күшеюіне және оған айрықша көңіл бөлі­нуіне қарамасатан, адам­дар­ды емдеу кезінде жі­берілетін қателіктер мен емдеудің кері нәтижелері клиникалық тәжірибеде белең алып барады. Ертеден келе жатқан: «Еш нәрсе істемеген адам ғана қате­леспейді» деген қағида барша­мызға белгілі. Алайда дәрігер қателігі кездескен жағдайда бұл ешбір жанды бейжай қалдыра алмайды және қалдыруы да мүмкін емес. Адам қай уақытта да күмәндануға бейім болғандықтан, өзінің кейбір сәтсіздіктерін бел­гілі бір деңгейде түзетуге болатын қателіктер қатарына жатқызады. Ал дәрігерге келер болсақ, ол өзі қызмет етіп жатқан ардақты мамандықтың иесі ғана емес, сонымен бірге оның болмашы қателігі орны толмас өкініш әкелетінін біле тұра, адамға өмір сыйлау құқығын өз еркімен мой­нына алған ержүрек адам. Иә, медицинада қателіктердің болғаны, болатыны және келе­шек­те де болуы мүмкін екенін бар­лығымыз да түсінеміз. Де­ген­мен пациент үшін медицинадағы қателіктер келеңсіз салдарға әкеп соқтыратын болса, мұның емдеу­ші дәрігер үшін және тұтастай ал­ғанда медициналық мекеме үшін әрқашан да салдары өте ауыр болады. «Дәрігер қателігі» деген сөз тіркесі «қателік» деген ұғымды біл­діретін жай ғана сөзбен са­лыстырғанда мағынасы өте терең және адам тағдырына әсері де салмақты. Дәрігер қателігін жай ғана құқықбұзушылықпен теңес­тіру – «дәрігер қателігі» ұғымы­ның тарихи қалыптасқан бас­тапқы мағынасына қайшы келеді. «Дәрігер қателігі» дегеніміз – дәрігерлік қызметпен бірге қатар келе жатқан түсінік.

Мәселен, белгілі патологоа­натом И.Давыдовский «дәрігердің қателігі дегенде басқа адамның емес, дәрігердің жіберген қатесін көрсететін бұл сөздің мағынасын айрықша атап көрсеткені бекер емес, «дәрігердің қатесі» деген сөз дәрігердің өз ісіне адал қызмет етуіне қарамастан, тіпті кейде медицинаның толық дамымаға­нына байланысты қателеспеу мүмкін болмағандықтан белгілі жағдайда дәрігер мүмкіндігінің шектеулі екенін білдіреді».

Оның пікірімен атақты хирург Н.Пирогов та: «...біз қателесуге тиіспіз, практикадағы қателік­терді, оның ішінде тіпті өрескел қателіктерді ұят немесе жазала­натын деп емес, оны болдырмау мүмкін еместігі ретінде қарас­тыруымыз керек. Өз қателіктеріңді әріптестеріңнің алдында ешқан­дай іркілместен мойындау керек. Ең алдымен, қателіктердің орын алу себебін ашу, ұғыну қажет...» деп келіседі. Демек, дәрігер қателігі еш уақытта заңды ұғым болып та­былмаған және қылмыс деп са­нал­маған. Қазіргі уақытта дәрігер қа­телігіне қатысты жағдай шие­ле­нісіп тұрған кезеңде дәрігер қа­­телігін осылайша түсіндіру әре­­кеті бұл күрделі мәселенің күр­меуін шешуге кедергі келтіріп отыр. Бүгінгі таңда қоғамдық нара­зылық туғызып отырған дәрігер қателігіне медицинаның сөзсіз бір элементі ретінде дұрыс түсі­нік­теме беру аса маңызды. Қоғам үшін сырқатты емдеу нә­тижелері медициналық қыз­мет­кердің шама-шарқынан тыс жағдайға да байланысты екені түсінікті болуы тиіс. Мысалы, сырқат адам дәрі-дәрмекті қабыл­дағаннан кейін аллергиялық реак­циясы шыға келуі мүмкін. Сауатты, ақыл-ойы салауатты, білімді адам клиникалық практи­каның болжау мүмкін емес осын­дай кез келген сәттеріне түсініс­тікпен қарап, бұрын өзіне белгісіз болған сырқат түрінің бой көтер­генін төзімділікпен қабылдайды. Шын мәнінде, қоғамда, жұрт­шылық арасында дәрігерлік қа­телік біздің дәрігеріміздің мо­раль­дық бейнесінен, білім берудегі олқылықтан, біздің сауатсызды­ғымыздан, орын алған жемқор­лықтан, мемлекет пен оның құ­қық қорғау органдарының тара­пы­нан жеткілікті бақылаудың жа­салмауынан, қателік жіберген дәрігерге қатысты жазалау шара­ларының жеткіліксіздігінен деген ұшқары пікір кеңінен таралған. Барлығына дәрігерді ғана кінәлау қаншалықты дұрыс? Бүгінгі таңда дәрігер қателігі мен немқұрайдылық арасына теңдік белгісін қою орынсыз. Бұл екі ұғым екі басқа. Медицинада «қателік» деген терминді пайдалану қаншалықты дұрыс? Қазіргі уақытта Мәжілісте «Ха­лық денсаулығы және де­нсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының жаңа редак­циясы талқылануда, оның шең­берінде «медициналық оқыс оқи­ға» және «қолайсыз оқиға» де­ген ұғымдар енгізілген. Дәрігер медициналық оқыс оқиға үшін жауапқа тартылмауы тиіс, бірақ пациент өзіне келтіріл­ген зиян үшін өтемақы алуы тиіс. Бұдан басқа, әрбір жекелеген оқыс оқиғаны егжей-тегжейлі зерттеп қана қоймай, оның жүйелік себептерін анықтау үшін ғылыми талдау жүргізу қажет. Қазіргі уақытта біздің дә­рігерлеріміздің қаншалықты деңгейде құқықтық жағынан қорғалатындығы туралы мәселе өзекті болып отыр. Егер дәрігер заң тұрғысынан қорғалатын бол­са, ол өзінің іс-әрекетіне сенімді болады. Бұл оның қателік жіберу ықтималдығын айтарлықтай азай­­тады және дәрігер маман­ды­ғының беделін арттыруға ықпал етеді. Себебі әрбір жіберілген қа­телік – дәрігер үшін ауыр эмо­цио­налдық соққы. Егер біз емделушілердің қауіп­сіздігін арттырғымыз келсе, біздің барлығымыз бір тілде сөйлесуіміз керек. «Медициналық оқыс оқи­ға» ұғымы кодекс жобасында ұсынылғандай, бүгінгі қоғамдағы көзқарасты бүкіл денсаулық сақ­тау жүйесін және дәрігерлер қа­уымдастығын негізсіз айыптаудан осы проблеманы азайтуға, тіпті оны түп-тамырымен жоюға ба­ғыт­талған оң арнаға түсіруге ық­пал етуі мүмкін.   Иван КЛИМЕНКО, Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі