Соңғы уақыттары азаматтардың медициналық қауіпсіздігі мен осы саладағы қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптардың күшеюіне және оған айрықша көңіл бөлінуіне қарамасатан, адамдарды емдеу кезінде жіберілетін қателіктер мен емдеудің кері нәтижелері клиникалық тәжірибеде белең алып барады. Ертеден келе жатқан: «Еш нәрсе істемеген адам ғана қателеспейді» деген қағида баршамызға белгілі. Алайда дәрігер қателігі кездескен жағдайда бұл ешбір жанды бейжай қалдыра алмайды және қалдыруы да мүмкін емес. Адам қай уақытта да күмәндануға бейім болғандықтан, өзінің кейбір сәтсіздіктерін белгілі бір деңгейде түзетуге болатын қателіктер қатарына жатқызады. Ал дәрігерге келер болсақ, ол өзі қызмет етіп жатқан ардақты мамандықтың иесі ғана емес, сонымен бірге оның болмашы қателігі орны толмас өкініш әкелетінін біле тұра, адамға өмір сыйлау құқығын өз еркімен мойнына алған ержүрек адам. Иә, медицинада қателіктердің болғаны, болатыны және келешекте де болуы мүмкін екенін барлығымыз да түсінеміз. Дегенмен пациент үшін медицинадағы қателіктер келеңсіз салдарға әкеп соқтыратын болса, мұның емдеуші дәрігер үшін және тұтастай алғанда медициналық мекеме үшін әрқашан да салдары өте ауыр болады. «Дәрігер қателігі» деген сөз тіркесі «қателік» деген ұғымды білдіретін жай ғана сөзбен салыстырғанда мағынасы өте терең және адам тағдырына әсері де салмақты. Дәрігер қателігін жай ғана құқықбұзушылықпен теңестіру – «дәрігер қателігі» ұғымының тарихи қалыптасқан бастапқы мағынасына қайшы келеді. «Дәрігер қателігі» дегеніміз – дәрігерлік қызметпен бірге қатар келе жатқан түсінік.
Оның пікірімен атақты хирург Н.Пирогов та: «...біз қателесуге тиіспіз, практикадағы қателіктерді, оның ішінде тіпті өрескел қателіктерді ұят немесе жазаланатын деп емес, оны болдырмау мүмкін еместігі ретінде қарастыруымыз керек. Өз қателіктеріңді әріптестеріңнің алдында ешқандай іркілместен мойындау керек. Ең алдымен, қателіктердің орын алу себебін ашу, ұғыну қажет...» деп келіседі. Демек, дәрігер қателігі еш уақытта заңды ұғым болып табылмаған және қылмыс деп саналмаған. Қазіргі уақытта дәрігер қателігіне қатысты жағдай шиеленісіп тұрған кезеңде дәрігер қателігін осылайша түсіндіру әрекеті бұл күрделі мәселенің күрмеуін шешуге кедергі келтіріп отыр. Бүгінгі таңда қоғамдық наразылық туғызып отырған дәрігер қателігіне медицинаның сөзсіз бір элементі ретінде дұрыс түсініктеме беру аса маңызды. Қоғам үшін сырқатты емдеу нәтижелері медициналық қызметкердің шама-шарқынан тыс жағдайға да байланысты екені түсінікті болуы тиіс. Мысалы, сырқат адам дәрі-дәрмекті қабылдағаннан кейін аллергиялық реакциясы шыға келуі мүмкін. Сауатты, ақыл-ойы салауатты, білімді адам клиникалық практиканың болжау мүмкін емес осындай кез келген сәттеріне түсіністікпен қарап, бұрын өзіне белгісіз болған сырқат түрінің бой көтергенін төзімділікпен қабылдайды. Шын мәнінде, қоғамда, жұртшылық арасында дәрігерлік қателік біздің дәрігеріміздің моральдық бейнесінен, білім берудегі олқылықтан, біздің сауатсыздығымыздан, орын алған жемқорлықтан, мемлекет пен оның құқық қорғау органдарының тарапынан жеткілікті бақылаудың жасалмауынан, қателік жіберген дәрігерге қатысты жазалау шараларының жеткіліксіздігінен деген ұшқары пікір кеңінен таралған. Барлығына дәрігерді ғана кінәлау қаншалықты дұрыс? Бүгінгі таңда дәрігер қателігі мен немқұрайдылық арасына теңдік белгісін қою орынсыз. Бұл екі ұғым екі басқа. Медицинада «қателік» деген терминді пайдалану қаншалықты дұрыс? Қазіргі уақытта Мәжілісте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының жаңа редакциясы талқылануда, оның шеңберінде «медициналық оқыс оқиға» және «қолайсыз оқиға» деген ұғымдар енгізілген. Дәрігер медициналық оқыс оқиға үшін жауапқа тартылмауы тиіс, бірақ пациент өзіне келтірілген зиян үшін өтемақы алуы тиіс. Бұдан басқа, әрбір жекелеген оқыс оқиғаны егжей-тегжейлі зерттеп қана қоймай, оның жүйелік себептерін анықтау үшін ғылыми талдау жүргізу қажет. Қазіргі уақытта біздің дәрігерлеріміздің қаншалықты деңгейде құқықтық жағынан қорғалатындығы туралы мәселе өзекті болып отыр. Егер дәрігер заң тұрғысынан қорғалатын болса, ол өзінің іс-әрекетіне сенімді болады. Бұл оның қателік жіберу ықтималдығын айтарлықтай азайтады және дәрігер мамандығының беделін арттыруға ықпал етеді. Себебі әрбір жіберілген қателік – дәрігер үшін ауыр эмоционалдық соққы. Егер біз емделушілердің қауіпсіздігін арттырғымыз келсе, біздің барлығымыз бір тілде сөйлесуіміз керек. «Медициналық оқыс оқиға» ұғымы кодекс жобасында ұсынылғандай, бүгінгі қоғамдағы көзқарасты бүкіл денсаулық сақтау жүйесін және дәрігерлер қауымдастығын негізсіз айыптаудан осы проблеманы азайтуға, тіпті оны түп-тамырымен жоюға бағытталған оң арнаға түсіруге ықпал етуі мүмкін. Иван КЛИМЕНКО, Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесіМәселен, белгілі патологоанатом И.Давыдовский «дәрігердің қателігі дегенде басқа адамның емес, дәрігердің жіберген қатесін көрсететін бұл сөздің мағынасын айрықша атап көрсеткені бекер емес, «дәрігердің қатесі» деген сөз дәрігердің өз ісіне адал қызмет етуіне қарамастан, тіпті кейде медицинаның толық дамымағанына байланысты қателеспеу мүмкін болмағандықтан белгілі жағдайда дәрігер мүмкіндігінің шектеулі екенін білдіреді».