«Nur Otan» партиясы Саяси Кеңесінің Бюро отырысы өтті
«Nur Otan» партиясы Саяси Кеңесінің Бюро отырысы өтті
225
оқылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. Отырыста Бюро мүшелері «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылу барысын қарады. Сондай-ақ партияның ішкі сайлауын – праймеризді өткізу жайы жеке талқыланды. Қатысушыларға қайырылып, сөз сөйлеген Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазіргі уақытта қоғам тарапынан праймеризге үлкен қызығушылық байқалып отырғанына назар аудартты.
–Адамдар енді елдің қоғамдық және саяси өміріне белсене қатысқысы келеді. Біз партияны қайта жандандырудың дұрыс бағдарын таңдадық. Еліміздегі проблемаларды бірлесе шешу үшін ашық диалог орнату маңызды болып отыр. Праймериздің міндеті – халық таңдаған партиялық тізімді қалыптастыру. Белсенді адамдарды, істің ретін, шынайы ахуалды білетін, жұртшылықтың кең қолдауына ие беделді көшбасшыларды бәсекелі негізде таңдап алуымыз керек, – деді Тұңғыш Президент.
«Nur Otan» партиясының Төрағасы атап өткендей, праймериз қатысушылары жергілікті жерлердегі өткір мәселелерді ашық көтеруі, олқылықтар мен кемшін тұстарды ашып көрсетіп, оның нақты шешімдерін ұсынуы тиіс.
–Біз өзі тұрып жатқан өңірдің және бүкіл еліміздің дамуына нақты атсалысуға, өз ісімен үлес қосуға дайын барлық азаматтарға «әлеуметтік лифт» жасадық. Алдағы қыркүйекте жергілікті бағдарламалардың барлық 216 жобасы жарияланатын болады. Кеңінен талқылау біздің электоралды міндеттерімізді халықтың сұранысы мен мұқтаждықтарына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді. Бес жылдық мерзімге арналған бағдарламалар адамдардың пікірін ескере отырып жете пысықталады, сондай-ақ әрбір ауданның, қаланың және облыстың бюджеттік мүмкіндіктерімен байланыстырылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы партияның ішкі іріктеуінің келесі кезеңін іске асыру бойынша сапалы ұйымдастырушылық жұмысты қамтамасыз етудің маңыздылығына екпін түсірді.
–Праймериз адал, айқын және барлық қатысушылар үшін тең жағдайда өтуі қажет. Партия ішіндегі үгіт-насихат қыркүйекте басталады. Коронавирус инфекциясына қатысты ахуалдың өрбуіне қарай үгіт жұмыстары Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарына қатаң сәйкестікте ұйымдастырылғаны жөн. Қауіпсіздік шараларының бәрі қабылдануы тиіс. Біздің басты басымдығымыз – дені сау халық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сөз соңында партия Төрағасы қоғамды топтастыру және мемлекетіміздің ары қарайғы дамуын қамтамасыз ету ісінде «Nur Otan» партиясының маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
–Партиямыз қазақстандықтарды, қоғамның барша конструктивті және саламатты күштерін біріктіруі тиіс. Тек бірлік арқасында ғана кез келген қиындықты еңсереміз. Әсіресе, елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін үйлесімді, келісімді жұмыс істеу маңызды, – деп түйді Елбасы.
Сонымен қатар отырыс кезінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, Бюро мүшелерінің, Премьер-Министр Асқар Маминнің баяндамалары тыңдалды.

Елдос Сенбай