Ақтөбе облысынан «Nur Otan» праймеризіне 7 көпбалалы ана қатысып жатыр. Солардың бірі – алтын алқа иегері Бибігүл Абильдаева. Ол отбасы құндылықтарына қоғамның көңілін аударып, әйелдердің рөлін арттыруды мақсат тұтып отыр.
Бибігүл Абильдаева қазір 51 жаста. Осы жасқа дейін 7 баланы дүниеге әкелген. Өзі Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келіпті. 18 жасынан бастап зауытта, құрылыста жұмыс істеген. 1992 жылы отбасымен Ақтөбеге көшіп келіпті. Бірнеше жыл сауда-саттық жасаған ол 2003 жылы №51 гимназияға жұмысқа тұрады. 2016 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң, балабақшада 3 жыл жұмыс істейді. 2019 жылдан бастап №3 қалалық сотта медиатор. Ол бір жылдың ішінде мыңнан астам отбасының сақталуына ұйытқы болыпты.
–Алдымда үлкен жоспарларым бар. Партияішілік сайлаудан сәтті өтіп, көшбасшылар қатарынан табылсам, отбасы құндылықтарына қоғамның көңілін аударғым келеді. Өйткені қазір ажырасушылар көбейіп кетті. Соның салдарынан әке немесе ана жылуын көрмеген ұрпақ өсіп келеді. Екіншіден, жұмыс пен отбасын қатар ала жүріп, ұрпағын көбейтуге болатынын өзім арқылы дәлелдегім келеді, – дейді ол.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында бүгінге дейін 480 кандидат тіркелді. Олардың 169-ы – әйелдер, 138-і – 35 жасқа толмаған жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 222 кандидат ұсынылса, 258 адам өзін-өзі ұсынып отыр.