Мұнайшылар партия бастамасын қолдайды
Мұнайшылар партия бастамасын қолдайды
256
оқылды
«Мықты лидер – мықты пар­тия» қағидасын басшы­лыққа алған саяси доданы мұнайшылар да қолдап отыр. Мұны сала өкілдері «Nur Otan» партиясы Қызылорда об­лыстық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешовамен болған кездесуде айтты. – Қазір праймериз қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Ашық, бәсекелестік негізінде өтетін пар­тияішілік іріктеуге үміткер ретінде тіркелушілердің саны 500-ге жуықтады. Олардың арасында елге танымал спортшылар, дә­рігерлер, ұстаздар және түрлі сала өкілдері бар. Өңіріміздің эконо­микалық дамуына елеулі үлес қосып отырған мұнай саласы өкіл­дерінің қолдап, қызығу­шы­лық танытуын біз қуанышпен қабылдаймыз. Себебі елімізді дамыту үшін әр салада мықты мамандардың болуы қажет. Біздің міндетіміз осы праймериз арқылы нағыз лидерден партияның кадрлық резервін жасақ­тап, жергілікті деңгейдегі мәслихатқа, Мәжіліске өз белсенді­лерімізді ұсыну, – деді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова. Кездесу барысында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орынбасары партияішілік ірік­теудің негізгі ережелері, үміт­керлерге қойылатын талап­тар, үгіт-насихат жұмыстары, прай­ме­риз ақпараттық жүйесінің артық­шылықтары туралы айтты. – Елдегі пандемияға бай­ла­нысты азаматтардың денсау­лығы мен амандығы үшін «Nur Otan» партиясы Төрағасының тікелей тапсырмасымен веб-портал мен мобильді қосымшадан тұратын «Праймериз» ақпараттық жүйесі әзірленді. Бұл жүйе партияішілік іріктеудің барлық кезеңін өткізуге мүмкіндік береді. Яғни, үміткер­лерді тіркеуден бастап, үгіт жұ­мыс­тары, дауыс беруге дейін онлайн режимі қарастырылған әрі қолдануға да жеңіл. Сондықтан іс-шараның басым бөлігін біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып өткізуге тырысудамыз, – деп түйіндеді сөзін Л.Төрешова. Жиында мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы сөз болды. Өз кезегінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның бөлім басшысы Тілеуберген Шаутай елдегі мұнай өндіру көлемінің азаюына қарамастан, пандемия кезінде мұнайшылардың айлық жалақылары сақталып тұрғанын айтты. Сонымен қатар халық қалаулысы праймеризге түсетін азаматтар жеке бас мүддесін ғана емес, партия мүддесін ойлау қажет екенін тілге тиек етті. Кездесу соңында партияішілік іріктеудің қыр-сырына қанық болған мұнайшылар саяси дода­ның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.  

Абылайхан ЖҰМАШ