Көмегі мол «мектепке жол»
Көмегі мол «мектепке жол»
408
оқылды

Жамбылда «Мектепке жол» акциясы аясында бүгінге дейін 29 927 балаға 435 миллион 224 мың теңгенің материалдық көмегі көр­се­тілген. Бұл – 1 шілде мен 16 қыр­күйек аралығындағы көрсет­кіш. Об­лыс әкімдігінің білім бас­қарма­сының ұйымдастыруымен өтіп жат­қан дәстүрлі жалпы рес­публикалық акциясы жыл бойы жалғаспақ.

– «Мектепке жол» қайырымдылық акция­сын ұйымдастыру және өткізу жө­нінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзір­леніп, облыс әкімдігі тарапынан бекітілді. Акция аясында өңірдегі түрлі себептермен оқумен қамтылмай отырған мектеп жа­сын­дағы балаларды анықтау мақсатында 1 шілде – 16 қыркүйек аралығында 1 276 рейд­тік іс-шара жүргізілді. Оған білім беру және балалардың құқығын қорғау ұйым­дары, ішкі істер бөлімінің қызмет­кер­лері, халықты әлеуметтік қорғау сала­сының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпараттық құралдары мен ата-аналардың өкілдерінен құралған барлығы 1905 тұлға қатысты, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Гауһар Байтелиева.

Оның айтуынша, акция аясында жер­гі­лікті бюджет есебінен 368 миллион 588 мың теңгеге 23777 балаға киім-кешек, мек­тепке керек құрал-жабдықтар алып берілген. Дәл осындай көмек түрлері демеушілер есе­бі­нен 66 миллион 635 мың теңгеге 6157 балаға көрсетілген.

Көмекпен қамтылғандардың дені көп­балалы, аз қамтылған, толық емес отба­сы­лардан шыққан және жетім балалар. Бүгінгі таңда облыстағы көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан бала­лардың саны – 28 230.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде «Мек­тепке жол» акциясы барысында 32106 балаға 324 миллион 752 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілген болатын.

– Бүгінгі күні өңірлік іс-шаралар жос­па­рына сәйкес жұмыстар жалғастырылуда. Білім басқармасында жыл бойы азамат­тардың өтініштері бойынша жедел шара қолдану мақсатында байланыс теле­фон­да­ры қызмет етеді. Ондай байланыс теле­фондары барлық білім бөлімде­рінде де қызмет етеді, – дейді Гауһар Байтелиева.