Nur Otan партиясы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін туған күндерімен құттықтады. Бұл шара «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында ұйымдастырылатын дәстүрлі шара. Аталған жоба аясында жыл бойы қарияларға қамқорлық көрсетіледі.
Жоба аясында жасотандықтар ардагерлердің үй шаруасына көмек көрсетуді қолға алған. Ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіндей болған бұл игі іс-шара үйде отырған қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
17 жасында қан майданға аттанған Иван Хиценко құрлықтық әскер сапында болып, Одесса, Қырым, Сталинград қалаларын қорғады. Польша, Варшавадан Познани қалаларын жаяу жүріп өткен. Жеңісті Калининград облысының Пиллау қаласында қарсы алған. Алдыңғы шепте ерлік көрсеткен майдангер соғыстан кейінгі жылдары ұзақ уақыт бойы көлік жүргізушісі болып қызмет еткен. Тоқсанның үшеуіне келген қарияны партиялықтар арнайы құттықтады.
– Екі жыл бойы майдан шебінде болдым. Көпті көрдім. Отанымызға бостандық сыйлауда өзімізді аямадық. Кейінгі буын өкілдерінде тап сондай елжандылық, патриоттық қасиеттері болса екен деймін, – дейді майдангер Иван Хиценко.
Ал 94 жастағы Қасымхан ақсақал соғыс басталғанда небәрі 17-де болған. Училищеден кейін танкқа қарсы қару алып, майдан шебіне аттанды. Ардагері соғыстан кейін қаруды қаламға айырбастап, «Қостанай таңы» газетінде меншікті тілші болып жемісті еңбек еткен. Бүкіл саналы ғұмырында ұрпақ тәрбиесіне араласқан ұлағатты ұстаз-тәлімгер, халқымыздың ғажайып өнері – айтысты, жырау-термешілікті насихаттауға арнады. Туған күн иесін партиялықтар арнайы құттықтай келіпті.
– Әр атаулы күндері ардагерлерімізді құттықтап, қолымыздан келгенше көмек беріп, жағдайлары қиындарға қол ұшын созуға тырысамыз. Ардагерлерімізді қамқорлыққа алып, қарт майдангерлермен қатар, жалғызбасты тыл еңбеккерлеріне де көмек көрсетуге атсалысып келеміз, – дейді Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алмат Досмұхамедов.
Партиялықтар ардагерлерді туған күнімен құттықтап, көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. «Мұның бәрі жеңісті жақындатқан жауынгерлерге көрсетілген құрмет, ерлікке тағзым» дейді партия белсенділері.
Әбілмансұр ЖАСАН