Nur Otan партиясының Алматы облысы Қаратал аудандық филиалында депутаттық фракция отырысы өтті. Онда аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев аудандық мәслихат депутаттары мен Nur Otan партиясының депутаттық фракциясы алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Нақтырақ айтқанда, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты жағдайды жан-жақты әңгімелеп, жетістіктерді саралап, кемшін тұстарды түгендеді.
Отырысқа Алматы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, депутаттық фракция жетекшісі Ғалиасқар Сарыбаев, аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Жандос Теңелбаев және тағы басқа ресми тұлғалар қатысты.
Есеп беру мен оны талқылау барысында аудандағы ең өзекті мәселелер, тұрғын үй салу, қоғамның әлжуаз топтарындағыларды баспанамен қамту, елдімекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету және білім беру, денсаулық сақтау саласындағы проблемалар айтылып, оларды реттеудің жолдары қарастырылды. Осы мәселелерге байланысты аудан басшысына алдағы кезде баса назар аударатын бағыттарға қатысты нақты бағдар берілді. Жиында тоғыз жолдың, оның ішінде ел мен елді, аймақ пен аймақты жалғастырып жатқан шойын жолдың аса маңызды торабында орналасқан Үштөбе қаласын абаттандыру мен тазалық сақтау, көшелерді көріктендіру, жарықтандыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру секілді шешімін таппай жатқан мәселелер де назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ осы отырыс кезінде аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Қайрат Найманбайұлы екі азаматшаны жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларды мұқият тыңдап, мәселелерін шешуге ықпал етуге уәде берді.
– Алдағы уақытта депутаттық фракция алдында есепті облысымыздың барлық әкімдері, партия төрағалары беретін болады. Жыл соңына дейін әр аудандық филиалда осындай отырыстар ұйымдастырылып, оларда аудандардың жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша жүзеге асырған жұмыстары сараланады. Анықталған кемшіліктер ашық айтылып, тиісті шаралар қолданылады. Отырыстар барысында қойылған сауалдар, көтерілген мәселелер мен басшылыққа алынатын ұсыныстар толығымен хаттамаға жазылып, облыстық филиалда жинақталатын болады, – деді аудандық партия филиалындағы депутаттық фракцияның есебін қорытындылаған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлы.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы