Қазақ отбасылық өмірді есеп-қисапқа салмаған. Баласының санын айтпаған. «Біреуді көріп бүкір боп, біреуді көріп шүкір боп» жүретін жүрісінен де жаңыла қойған жоқ. Байлардың мұңы әу бастан аз. Ал кедейлерді кім көзге іліп жатыр? Осындай мұқтаж топтың мүддесін қорғайтын жаңа бағдарлама оларды шынымен жарылқады ма? Төрт баласы үшін 10 405 теңге, алты-жеті баласы үшін 16 160 теңге алып келген аналарға әр балаға 21 мың теңге берілетіні бір серпілткені рас. Жасыратыны жоқ, көпбалалы отбасылардың қоғамда беделі артып, жастар жағы оларға қызыға қарап, көптің көкейінде көбеюге деген сезім күшейіп, отбасылық құндылықтың маңызы артқандай болып еді... Ал енді мұның арты неге «айқайға» ұласты? «Екі жеп, биге шығамын» деген пиғыл қайдан пайда болды? Жәрдемақыны көтеру масылдық туғызып жүрмей ме? Жыр болған жиырма бір мыңның есеп-қисабы қалай жүреді? Шетелде көпбалалы отбасылар мәселесі қалай шешілген? Бір бағдарламаның айналасында өрбіген көп сұрақтың жауабын іздеп көрдік.
АӘК кімдерге тиесілі?
Қолда бар мәліметке сүйеніп, 21 мың теңге қалай есептелетініне тоқталайық. Біріншіден, бұл төлем көпбалалы отбасылардың барлығына бірдей берілмейді. Әлеуметтің ең әлсіз топтарына ғана арналған жәрдемақыны есептеудің машақаты да аз емес. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының ортақ табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтындарға беріледі.
Бұл көмек нақты қалай есептелді? Төрт баласы барлар көпбалалы отбасылардың қатарына жатады. Олар толық отбасы болса, бұл атаулы әлеуметтік көмекті алуы үшін 124 734 теңгеден көп табыс таппауы керек. Ал 125 мың теңге жалақы алсаңыз, жәрдемақы жоқ дей беріңіз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Ғалия Жабағина атаулы әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз боп екіге бөлінетінін айтады. Маманның айтуынша, шартсыз атаулы әлеуметтік көмек отбасында еңбекке қабілетті мүшесі жоқтарға беріледі.
– Шартты атаулы әлеуметтік көмек берілгенде арнайы шарт қойылады. Отбасындағы еңбекке қабілетті азамат міндетті түрде жұмысқа орналасуы керек. Бұл – «қиыншылыққа толы өмірден арылу үшін мемлекет сізге қолдау көрсетіп тұр. Енді сіз де өз үлесіңізді қосыңыз» деген ұстаным. Ол үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып өтініш жазады. Онда үш ай тегін курс оқып, ай сайын 16 759 теңге шәкіртақы алып отырады. Ары қарай жұмысқа орналасуын қарастырады. Оларға үйде отырып қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыстар да ұсынылуы мүмкін, – дейді Ғалия Мырзабекқызы.
43 тауар
қырық жанымызға қорған бола ма?
Осы жерде ең төменгі күнкөріс деңгейіне тоқтай кетуді жөн санадық. Өйткені жан басына есептелетін жәрдемақы мәселесінде де бұл тақырыпты айналып өту мүмкін емес. Соңғы кездері Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің уақыт талабына сай емес екенін сарапшы мамандар жиі айтып жүр. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жалақының ең төменгi мөлшерi – 42 500 теңгені құраса, статистика агенттігі күнкөріс минимумын 29 689 теңге деп белгіледі. Демек, адам бір ай бойы осы ақшаға еркін өмір сүре алады деген сөз.
Шынтуайтында, бұл 30 мың қалталы адамның бір шай ішкенінен немесе киімінен артылмайды. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін бұл қаржы 43 тауар мен қызмет түрінің бағасы деп белгіленді. Оның ішінде ет пен балық, сүт, май және жұмыртқа, жемістер мен көкөністер, нан және жарма өнімдері, қант, шай және дәмдеуіштер бар.
Әлемдегі әрбір мемлекет өз тұрғындарының ең төменгі күнкөріс деңгейін белгілеу барысында азық-түлік себетін әртүрлі өнімдермен толтырған. Мәселен, Ресейде ең төменгі деңгейде өмір сүру үшін ай сайын 156 түрлі тауар мен қызмет түрі қажет деп есептеледі. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 300, Францияда – 250, Англияда – 350, Германияда 475-ті құрайды.
Тіпті, Ресейдің күнкөріс минимумы белгіленгенде әр адам үшін 18 шаршы метрлік өлшемдегі баспана шығыны қоса есептелген. Оның сыртында арнайы мәдени орындарға бару ақысы тағы бар. Бұл ел ең тұрмысы төмен халықтың өзінің мәдени орындарға барып, көңіл көтеруге, демалуға хақысы бар екенін білдіріп тұр.
Белгілі экономист Жангелді Шымшықов бұл 43 тауардың біздің қырық жанымызға қорған болмайтынын айтады. «Біздегі күнкөрістің ең төменгі сатысындағы азық-түлік тұтыну себетінде бар болғаны 43 түрлі тағам мен қызмет түрі бар. Олардың 40 пайызы – азық-түлік өнімдері. Сонда біз тек тамақ жей беретін елміз бе? Оның өзіне жеткіліксіз. Ал мына жәрдемақыны беру арқылы біз екі нәрседен ұтамыз. Біріншіден, ел демографиясын көбейтсек, екіншіден, қайыршылық деңгейден арыламыз. Өйткені бұл көмекті әлеуметтің ең аз қамтылған тобына беріледі десек те, сол 21 мыңды жымқырып қалғысы келетіндердің қатары көбейіп отыр. Неге? Бұл қанша жылдан бері көпшіліктің жинақталып келген қайыршылық психологиясын көрсетіп тұр. Бұл – қазақ халқының трагедиясы» дейді ол.
Кім үшін көбейеміз?
Әлеуметтік көмек көпшілікте талқылана бастағаннан-ақ «Балаға берілетін жәрдемақы үшін бала табатындар көп» деген жадағай пікірлер де бой көтерді. Бұл рас па? Рас болса, бұл халықтың әлеуметтік жағдайының тым төмендігін көрсетпей ме?
Бүгінде АӘК-ті еліміз бойынша 291 мың отбасы алып отыр. Соңғы үш жылдың ішінде 330 қылмыс қозғалған. Биылдың өзінде табысын дұрыс көрсетпеген, мемлекетке алған ақшасын қайтаруы тиіс 21 мың отбасы бар. Олардың басым бөлігі жобаның дайындықсыз басталып кеткенінің зардабын тартып отыр. Яғни, бұл жерде түсіндіру жұмыстарының аздығы мен мамандардың шикі жұмысының әсері де болған. Бүгінде мемлекетке берешек боп қалған көп отбасылар: «Бізді келіп тексерді, сіздер бұл көмекті аласыздар деді. Енді кеп, қайтаруымызды талап етіп отыр» деп мұңын шағады. Ал енді бір топ шаруашылық табысын жасырғаннан, еңбекақысы туралы табысты әдейі дұрыс көрсетпегеннен сотқа сүйрелуге мәжбүр.
– Біз билікке наразы азаматтарға зерттеу жасағанда көбінде тұрақтылық жоқ екенін байқадық. Жұмыссыз жүрген кісілерге жұмыс тауып берсең, істемейді. Себебі олар өзін бір жерде тұрақты қалыптастырып үйренбеген. Тағы бір себебі мемлекет адамдарды тұрмысына қарай екіге бөліп тұр. «Жағдайы жоқтарға көмектесеміз» дейді. Қоғамды екіге бөліп қарағандықтан, бөлінудің ішіне ілесіп кету – даму деңгейі төмен адамдарға өте қолайлы. «Мен де алып қалайын» деген масылдық көзқарас пайда бола бастағаны да рас, – дейді психолог Серікгүл Салиқызы.
Жалпы, еліміз бойынша 340 377 көпбалалы отбасы бар. Көпбалалы отбасылары саны жағынан алдыңғы орында – Түркістан облысы (86 585) тұрса, одан кейінгі кезекте Алматы облысы (40 218) мен Жамбыл облысы (30 040) тұр. Көбеюден көпке үлгі бола алмай отырған аймақтардың қатарына Қостанай облысы (5 086) мен Солтүстік Қазақстан облысын (3 183) жатқызуға болады. Әлеуметтанушы Амангелді Құрмет – бұл көмекті көпбалалы отбасыларды бөліп-жармай беруін қолдайтындардың қатарында. «Бұл көмекті өте қалталы азаматтар алуға мұқтаж боп отыр дей алмас едім. Ал өз еңбектерімен орта тап қалыптастыруға ұмтылған көпбалалы отбасылардан да бұл көмекті аянып қалуға болмайды. Меніңше, бұл жерде әлеуметтік теңсіздік қалыптастырғаннан көрі, «Егер ер-азаматтарыңыз мемлекетке салық төлейтін тұрақты жұмыс істейтін болса, бұл көмекті барлық көпбалалы отбасыларға береміз» деген талаппен, жаппай жүзеге асыруға болады» дейді.
Шетелде көпбалалы отбасылар
мәселесі қалай шешілген?
Өзге елдің әлеуметтік қолдауына көз қыздырмаймыз. Десек те, дамыған елдердің демеуі мен біздегі айырмашылықтың аражігі қандай? Мәселен, Францияда көпбалалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында 1921 жылы қабылданған «Үлкен отбасы» мемлекеттік бағдарламасы табысты жұмыс істейді. Бала саны көбейген сайын салық азая береді. Мысалы, төрт баласы бар отбасы салықтан мүлде босатылады. Бұл жеңілдік бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел таралған. Ал Швецияда бұл топтағы отбасыларды пәтерақы төлеуден босатып, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне тегін қатыстырады. Сондай-ақ азық-түлікті тегін алуға арнайы талон беріледі. Біріккен Араб Әмірлігінде шаңырақ көтерген жас отбасына елдің неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Бұл қаржыны қайтару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарыз бірден кешіріледі.
Дегенмен жәрдемақысы жоғары елдерде бағаның қаншалықты төмен екені бізге белгісіз. Бірақ Финляндия, Корея секілді елдерде, әсіресе, Қытайда бала туғанға мүлдем жәрдемақы берілмейтінін білеміз. Тіпті, бала санын шектеп отырған елдер де бар.
Бізге белгілісі, қай істе де халықтың көптігі маңызды.