Жол апаты қайтсе азаяды?
Жол апаты қайтсе азаяды?
406
оқылды

Қазақстан халқының пайдаланымындағы авто­көліктер санының күннен-күнге көбеюі қуанар­лық жағдай. Бірақ автомобиль жолдарындағы күнде орын алып жатқан адам жанын түршіктіретін қанды жол оқиғалары басқаша әсер береді. Ресми статис­тика бойынша Қазақстанның авто­көлік жолдарында жыл сайын 3 000-ға жуық адам қаза тауып, 22 000-нан астам адам әртүрлі дене жарақатын ала­ды екен.

Біздің он сегіз мил­лионнан астам ғана халқы бар мем­лекет үшін ол аз өлім, аз жа­рақат емес. Жарақат алып тө­­секке таңылған адамдардың бі­разының алдағы өмірінен үміт­сіз­дері қаншама?

Дүниежүзілік денсаулық сақ­­тау ұйымының соңғы мәлі­мет­­тері бойынша Қазақстан – әлем бойынша жол апаты көп болатын бес елдің бірі, жол апатының әсер­лік салмағы жө­ні­нен бірінші орын­да. Жол бойын­дағы өлім коэ­ффициенті әр­бір жүз мың адамға 24,5 адам және жолдағы өлім қаупі Еуропа ел­де­рінен он бір есе жоғары екен.

Статистикадағы жол оқи­­ғасы санының азды-кем­ді өз­­­геруі халықты қана­ғат­тан­дыр­майтындығы және ол сан­дар­ға күмәнмен қарай­тын­ды­ғы байқалады. Оны қазалы жан­ұя­лардың жанайғайынан естіп жүрміз.

Жыл сайын жол апатынан үш мың адам өмірмен қоштасып, 22 000 адам төсекке таңылып жатса, еліміздің автожолдарында жол апатының қазіргі жағдайын қарусыз соғысқа теңеуге толық­тай болады.

Әділін айту керек, жол апа­ты­­ның алдын алу бағытында жа­салып жатқан жұмыстар көп. Жол қозғалысын қада­ға­лай­тын камералар, арнаулы құ­рал­дар қойылып, жол айрық­та­ры салынып, заманауи тех­ни­­калармен жабдықталған бе­кеттер мен арнайы автокө­лік­тер іске қосылып жатыр. Ел­­ді­­мекендердің біразында жол қоз­­­ғалысы техникалық құралдар ар­­­қылы қадағалануда. Оны ха­лық көріп те, біліп те отыр.

Бірақ жол бойында адам­дар­дың өмірі қиылуымен жарақат алуы толассыз жалғасуда. Соң­ғы мезгілде топтап қаза табу дәс­түрі күн ара орын алуда. Өмі­рі қиыл­ған­дардың арасында жас­та­ры 15-пен 29 жастағылар көп.

Бұл адам өмірімен ден­сау­лы­ғына байланысты туындап тұр­ған күрделі мәселе жөнінде ағым­дағы жылдың сәуір айында ел Президенті Қ.Тоқаев ІІМ жеке құрамымен кез­дес­кен­де ай­тып, шұғыл арада шешім шы­ғаруды тапсырған болатын.

Халық ортасында жүр­­ген Атырау облысы ішкі іс­тер ор­гандарының кезінде МАИ, Жол полициясы құры­лым­да­рын­­да еңбек еткен зейнеткер – ар­дагер­лер жол бойындағы то­лас­сыз адам өмірінің қиылуын көріп отырып, «шаралар әлі де жеткіліксіз, мемлекеттік дең­гей­де түбегейлі реформалық шара жасалуы керек» деп есептейміз. Бұл, әрине жергілікті деңгейде шешілмейтін мәселе.


Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауына сай ІІМ-не жаса­ла­тын реформалар бірнеше мәселені ескергені жөн. Ең алды­мен, жол тәртібіне нақты жа­уап беретін құзырлы мекемені анықтап, яғни жауапкершілікті қазіргі мезгілдегідей поли­ция қызметінің бір-бірі­не бағын­бай­тын екі құрылым­дар­дың (әкімшілік және жергілікті полиция) құзырына бөлмей, біреуінің немесе жаңа құры­лым құрып, толықтай жауап­кер­шілікті міндеттеуі керек. Екін­шіден, жол қозғалысына нақты жауапты құрылымға жо­ға­ры техникалық немесе ар­нау­лы жоғары кәсіби білімді, «Жол қозғалысы туралы» заң­ды, жол ережесі және жол қоз­­ғалысына қатысты тех­ни­­­калық стандарттарды, жол қоз­­­ғалысын реттеу әдістерін жақ­­­сы меңгерген мамандарды ірік­­теп тағайындауы тиіс. Үшін­­ші­ден, жол қозғалысына қа­ты­­­насатын әрбір адам өзінің мін­детімен құқын нақты біліп есте сақтауына мүмкіндік бе­ру үшін «Жол қозғалысы ту­ра­­­лы» заңға және жол ере­же­­сіне сараптамалар жасап, мем­­лекетаралық стандарттармен нақ­ты қажет баптардан басқа жол қозғалысына қатынасымен пайдасы аз, жұмыс істемейтін баптары қысқартылуы керек деп есептейміз. Сондай-ақ автокөлік жүргізушілерін дайындау бағ­дар­ламасына, жүргізушінің авто­кө­лікті басқару кезіндегі өзін ұста­уы, көлікті, соның ішінде қа­зіргі жүрдек машиналарды бас­қару әдісі, кенеттен болатын жағдайларда жасалатын әрекеттер туралы пси­хологтар, тәжірибелі ма­ман­­­дардың қатынасуымен қо­сым­ша бағдарлама дайындап ен­гізіп берсе. Бесіншіден, авто­кө­лікті тоқтатып тексерудегі шек­теулерді пайдаланып біраз адамның автокөлікті алкоголдік ішімдік, нашақорлық заттарды шеккендер жүргізу куәлігі жоқ немесе айырылған күйінде жүргізіп жол апатын жасауының, автокөлікті қуып (угон) немесе пайдаланып қылмыс жасаудың жолын кесу үшін қазіргі қолда­ныс­­тағы шектеулерді кері қараса.

Бүгінде жол қозғалысын рет­теуші полиция қызметкер­ле­рінің жұмыс құралы болып есеп­телетін «жезль» қайтадан қол­­данысқа енгізілді. Бірақ оны тек жол қозғалысын реттеу ке­зін­де пайдаланып, автокөлікке тоқтау белгісін беруге пайдалана алмайтындығы түсініксіз. По­ли­­ция қызметкерлерінің ста­тусын кері қарап, олардың заң­­ды әрекеттерін заңмен қор­ғау­ды, яғни олардың қыз­меттік мін­дет­те­р­ін атқаруына кесірін тигізген, заңды талаптарына бағынбай қарсылық білдірген, өмірі мен денсаулығына зиян келтірген және ар-намысын таптаған адам­­­дардың жауапкершілігін заң­мен қатайту керек-ақ. Бұ­ған қоса, болашақ ұрпаққа жол­да жүру мәдениетін мектеп қа­­­быр­ғасынан тұрақты да са­па­­лы қалыптастыруды заң­мен нақ­тылап, Қазақстан Жол қоз­ғалысы қауіпсіздігі ассо­циа­­циясын халықты жолда жү­ру мәдениетіне тәрбиелеу мә­се­лесіне араластыру қажет. Жол бойына жылжымалы үгіт-насихат жүргізу және халықты қабылдау топтарын шығаруды тұрақтандыруды, жол ережесінің жол апатына негізгі себепші болатын түрлерін (олар шамамен 10-нан аспайды) саналы түр­де бұзғандардың жазасын қатай­туды және бұзушының тәрті­бін жұмыс (оқу) орнында тал­қылауды заңдастыруды, жол ережесін білмейтіндігі бай­қал­ған жүргізушілерді авто­мек­тептерден ақылы жол ережесін қай­талау сабақтарын (лекция) өту­ге жолдау әдісін заңдастыру сияқты жол апатының алдын алуға себепші болатын көптеген шараны қамтуды ұсынамыз.

Жол бойында адам өмірінің қиылуына тосқауыл қою туралы осы мемлекеттік деңгейде ғана шешілетін маңызды мәселені құптайтын ел азаматтарымен құзырлы органдар қолдап, тиісті реформалық шара қолға алынар деген үмітіміз мол.

Жол апатын азайту шарасын жүзеге асыру уақыт күтпейді.


Дюсенбек ГАЙСИН, 
Атырау облысы 
ІІМ Жол полициясы 
ардагерлері кеңесінің төрағасы