«Торгайская область» деген архив деректерінен құралған кітап қолымызға түсті. Авторы – З.Ижанов. Жинақ орыс тілінде жарық көрген. Кітап негізінен Торғай облысына қатысты архив деректерінен құралған. Әрине, бұл кітаптан облыстың тарихына қатысты құнды мәліметтерді көп кездестіруге болады. Бізді қызықтырғаны ол дүние емес. Көзге түскен нәрсе – жергілікті қазақтардың губернаторға жазған хаттары еді. Сол хаттардың ішінен бірнешеуін ықшамдап, жариялауды жөн көріп отырмыз.
1919 жылдың 29 қарашасында Ырғыз уезіне қарайтын Шалқар ауылында тұратын орынборлық шонжарлар, ағайынды Ахметжан және Меңлібай Айдарбековтер Торғай облысының губернаторына арнайы өтініш жазады.
Олар хатында әкелерінің, яғни қазақтан шыққан Темірболат Айдарбековтің, орысша есімі Иван Николаевич Василиев деген орынборлық шонжардың осыдан 12 жыл бұрын қайтыс болғанын айтады. «1905 жылы мамыр айында Министрлер комитетінің төрағасына жазған өтінішке байланысты, орынборлық рухани консисториумның шешімі шықты. Ол шешімде 1904 жылы 12 желтоқсанда жарияланған Жоғарғы жарлық бойынша 33 адамның православ дінінен шығарылғанын айтады. Олардың қатарында анамыз Тұташ Айдарбекова да бар. Ол ислам дінінде туған себепті бұл діннің қатарынан шығарылып отыр.
Ислам дініне өтті деген 33 адамның тізімінде біз жоқпыз. Бірақ ислам дінінде дүниеге келгендіктен, әкеміз өмірден өтсе де, жесір қалған анамыз Тұташ Айдарбекова бізді әрқашан мұсылманшылықпен тәрбиеледі. Сондықтан біз
1913 жылдың 10 шілдесінде орынборлық губернатордың атына мұсылмандықты қабылдап, православиеден шығаруға өтініш жазғанбыз. Бірақ олар бұл хатты Торғай облысының губернаторына беруді тапсырды.
Жоғарыда айтылған жағдайға қарай, заңдық тұрғыда негізге алып, бізді, яғни Ахметжан 16 жаста (Михаил) және Меңлібай 10 жаста (Трофим) Айдарбековтерді православиеден шығаруды тапсыруды сұраймыз.
Ахметжан және Меңлібай Айдарбековтер
Олардың сауатсыздығы мен өтініші бойынша А.Миронов қол қойды.
ЦГА РЛ ф.25, оп. 1, д. 798, л. 332».
***
№ 21381
10 желтоқсан 1913 жыл
Ырғыз уезінің бастығына
Облыс губернаторының тапсырмасы бойынша, облыстық басқарма аса мейірімді Шалқар ауылының тұрғыны, орынборлық шонжарлар Ахметжан мен Меңлібай Айдарбековтерге православиеден мұсылмандыққа өту жөніндегі өтінішін Жоғары мәртебенің қабылдамағанын хабарлаймыз.
Вице-губернатордың жоғары кеңесшісі Агапов
ЦГА РК ф. 25, оп. 1, д. 798, л 334
***
10 тамыз 1905 жыл.
Торғай облысы, Ақтөбе уезінің Қырғыз ІІД аса қадірлі мырзасы Байбақты Бекетовтің
Өтініші
Осы жылдың ақпан айында туған балаларым – 16 жастағы қызым Рахима мен 9 жасар ұлым Разыолланы орынборлық миссонерлік комитеттің шешімімен аяқасты алып кеткен еді. Негізі қырғыздың жесірі Фатимамен 1886 жылы мұсылмандық жолмен некеміз қиылып, екі балам да некеде дүниеге келген. Менің тұрғылықты жерім – Торғай облысы, Ақтөбе уезі Ойсыл қара аймағындағы №8 ауыл. Міне, сол жерден отбасымды түгелімен алып кетіп, миссионерлік тұрақта қамауда ұстаған. Ол тұрақ Орынбордың маңында, теңіз жағасындағы шамшырақта, Құдайға табынушы монастырьдің мектебі екен. Сол жерде оларды 20 шілдеге дейін тұтқын ретінде күзетіп, қарауылда ұстаған. Кейін 22 шілдеде орынборлық перзентхананың қарамағындағы тастанды балалар үйіне ауыстырған.
Бұған негіз болған – Фатимадан туған балалардың православиеге кіретіні. Себебі Фатима 40 жыл бұрын православиеде болған, тек қырғыз Ешмұхамедке тұрмысқа шыққан соң мұсылмандыққа өткен деп қабылдаған. Сондықтан комитеттің шешімі бойынша, Фатиманың балалары өзге күйеуден туса да, православ болып саналады. Соған орай, православие дінінің бақылауына берілу керек деп есептеді.
Алайда бұл шешім түбегейлі дұрыс емес. Оған негіз болатын біріншіден, уақыттың өтіп кеткені. Өйткені Фатиманың православиеден мұсылмандыққа өткеніне 36 жыл өтті. Осы уақытқа дейін билік бұған ешқандай мән бермеген. Енді келіп, мұсылман дінінде туған, өсіп-жетілген балалардың артына түсудің не қажеті бар? Анасының ондай қылығы болса да, ол үшін балаларды жазғырудың керегі жоқ.
Осындай қатыгездік жазаны кездейсоқ жағдайдың кесірінен шығарды деп ойлаймын. Әйтпегенде, бұл сұрақ мүлдем көтерілмес еді. Себебі келіншегім, балаларымның анасы Фатима 1902 жылы қайтыс болған. Православиеден мұсылмандыққа өтуінің ақ-қарасын сол ғана біледі. Өкінішке қарай, оны өзімен бірге көрге алып кетті. Бұл жағдай оның көзі тірісінде болғанда, ол балаларының басына қауіп туғызбай, олардың көріп жатқан қиындығына жол бермес еді.
1899 жылы шағым түскендіктен, сол жылдың қараша айында балаларым анасымен бірге сол миссионерлік комитеттің шешімімен, Ақтөбе уезінің басшысы ауылдан күшпен алып, Ақтөбе қаласына апарды. Әйелім екеуміздің қарсылығымызға қарамастан, оларды православиеге күштеп кіргізбекші болды. Сол кезде әйелім де, ұлдарым да келіспеді. Соған қарамастан, оларды босатқан болатын. Мұсылмандық салт-дәстүрімізді ұстап, бәріміз бірге тұрдық. Кейін Фатиманың өлімі себеп болды ма, кенбиліктегі дінбасылары істі қайта қозғап қана қоймай, қатыгездікпен орындауды талап еткен.
Міне, балаларым жастығына қарамастан, қиындыққа төзіп жатқанына 7 ай болды. Қамаудан алғаш көруге мүмкіндік алғанымда, балаларым аштықтан қу сүйекке айналып, жұлма-жұлмалары шығып, жалаңаш қалған. Қызым православие дін өкілдері берген киімі мен тамағын өз еркімен алмай қойған. Әпкесінің істегенінен кіші ұлым да шықпаған. Олардың қиналғанын көріп, босату мақсатында жергілікті биліктің барлығына шығып, балаларымды қайтаруды сұрадым. Бірақ өтінішім еш қараусыз қалды.
ЦГА РК ф. 25, оп. 1,с.93, д. 686, л 48-49
***
29 желтоқсан 1908 жыл
Ұлы мәртебелі императордың кеңсесіне жіберілген хатта орынборлық губернатор 30 қарашадағы №2 493 хатқа қатысты хабарын жеткізген. Онда көрсетілген анықтамалар бойынша қырғыз Бекетовтан тартып алынған қызы Рахима (Анна) Чебыкина 1905 жылдың қазан айында тұрмысқа шыққанын, ал ұлы Разыолла (Николай) сол аралықта әкесімен бірге ауылына кеткені айтылған.
ЦГА РК ф. 25, оп. 1, с.93, д. 686, л 67-70
***
17 наурыз 1910 жыл
Торғай облысының губернатор мырзасына
Аманқарағай аймағы №1 ауылының тұрғыны
Роман Гаврилович Сыгановтан
Өтініш
Алланың қалауымен, христиандықтан ислам дініне өтуге бел байладым. Бұл ойдың ойымда жүргеніне он жылдан астам уақыт болды. Бұл мәселе әйелім Авдотьей Семеновна Цыганова мен балаларымның арасында талай рет талқыланды. Бірақ бұл ойымыз күннен-күнге тек нығая түспесе, көңілімізден кетпеді. Сондықтан бұдан ары бұл сезімді ішімізде бүкпей, жасырмай, Жоғарғы манифестің заңын пайдалана отырып, ашық түрде мұсылмандыққа өтуімізді сұраймыз» делінген.
P.S.