Шоқынудан шошыну

Шоқынудан шошыну

«Торгайская область» деген архив деректерінен құралған кітап қолымызға түсті. Авторы – З.Ижанов. Жинақ орыс тілінде жарық көрген. Кітап негізінен Торғай облысына қатысты архив деректерінен құралған. Әрине, бұл кітаптан облыстың тарихына қатысты құнды мәліметтерді көп кездестіруге болады. Бізді қызықтырғаны ол дүние емес. Көзге түскен нәрсе – жергілікті қазақтардың губернаторға жазған хаттары еді. Сол хаттардың ішінен бірнешеуін ықшамдап, жариялауды жөн көріп отырмыз.

1919 жылдың 29 қарашасында Ырғыз уезіне қарайтын Шалқар ауылында тұратын орынборлық шонжарлар, ағайынды Ахметжан және Меңлібай Айдарбековтер Торғай облысының губернаторына арнайы өтініш жазады.

Олар хатында әкелерінің, яғни қазақтан шыққан Темірболат Айдарбековтің, орысша есімі Иван Николаевич Василиев деген орынборлық шонжардың осыдан 12 жыл бұрын қайтыс болғанын айтады. «1905 жылы мамыр айын­да Министрлер комитетінің тө­рағасына жазған өтінішке бай­ла­нысты, орынборлық рухани консисториумның шешімі шық­ты. Ол шешімде 1904 жылы 12 жел­тоқ­санда жарияланған Жоғарғы жарлық бойынша 33 адамның православ дінінен шығарылғанын айтады. Олардың қатарында ана­мыз Тұташ Айдарбекова да бар. Ол ислам дінінде туған себепті бұл діннің қатарынан шығарылып отыр.

Ислам дініне өтті деген 33 адам­­ның тізімінде біз жоқпыз. Бі­рақ ислам дінінде дүниеге кел­­­гендіктен, әкеміз өмірден өтсе де, жесір қалған анамыз Тұ­таш Айдарбекова бізді әрқа­шан мұсылманшылықпен тәр­бие­­­леді. Сондықтан біз
1913 жыл­­­­дың 10 шілдесінде орын­бор­­лық губернатордың атына мұ­сылмандықты қабылдап, право­славие­ден шығаруға өтініш жаз­ған­быз. Бірақ олар бұл хатты Торғай облысының губернаторына беруді тапсырды.

Жоғарыда айтылған жағдайға қарай, заңдық тұрғыда негізге алып, бізді, яғни Ахметжан 16 жаста (Михаил) және Меңлібай 10 жаста (Трофим) Айдарбековтерді православиеден шығаруды тап­сы­руды сұраймыз.

 

Ахметжан және Меңлібай Айдарбековтер

Олардың сауатсыздығы мен өтініші бойынша А.Миронов қол қойды.

ЦГА РЛ ф.25, оп. 1, д. 798, л. 332».

 

***

№ 21381

10 желтоқсан 1913 жыл

 

Ырғыз уезінің бастығына

Облыс губернаторының тапсырмасы бойынша, облыстық басқарма аса мейірімді Шалқар ауылының тұрғыны, орынборлық шонжарлар Ахметжан мен Мең­лі­бай Айдарбековтерге пра­во­славиеден мұсылмандыққа өту жө­­ніндегі өтінішін Жоғары мәр­те­бенің қабылдамағанын хабар­лай­мыз.

 

Вице-губернатордың жоғары кеңесшісі Агапов

ЦГА РК ф. 25, оп. 1, д. 798, л 334

***

10 тамыз 1905 жыл.

Торғай облысы, Ақтөбе уезінің Қырғыз ІІД аса қадірлі мырзасы Байбақты Бекетовтің

 

Өтініші

Осы жылдың ақпан айында туған балаларым – 16 жастағы қызым Рахима мен 9 жасар ұлым Разыолланы орынборлық мис­со­нерлік комитеттің шешімімен аяқасты алып кеткен еді. Негізі қырғыздың жесірі Фатимамен 1886 жылы мұсылмандық жолмен некеміз қиылып, екі балам да не­­кеде дүниеге келген. Менің тұр­­ғылықты жерім – Торғай об­лы­сы, Ақтөбе уезі Ойсыл қара ай­мағындағы №8 ауыл. Міне, сол жерден отбасымды түгелімен алып кетіп, миссионерлік тұ­рақ­та қамауда ұстаған. Ол тұрақ Орынбордың маңында, теңіз жа­ғасындағы шамшырақта, Құдай­ға табынушы монастырьдің мек­те­бі екен. Сол жерде оларды 20 шіл­деге дейін тұтқын ретінде күзе­тіп, қарауылда ұстаған. Кейін 22 шілдеде орынборлық пер­зент­ха­на­ның қарамағындағы тас­тан­ды балалар үйіне ауыстыр­ған.

Бұған негіз болған – Фати­ма­дан туған балалардың пра­­вославиеге кіретіні. Себе­бі Фатима 40 жыл бұрын право­сла­виеде болған, тек қырғыз Еш­мұ­хамедке тұрмысқа шық­қан соң мұсылмандыққа өт­кен деп қабыл­даған. Сондықтан коми­теттің шешімі бойынша, Фати­маның балалары өзге күйеуден туса да, православ болып саналады. Соған орай, православие дінінің бақылауына берілу керек деп есептеді.

Алайда бұл шешім түбегейлі дұрыс емес. Оған негіз болатын бі­ріншіден, уақыттың өтіп кет­кені. Өйткені Фатиманың пра­во­славиеден мұсылмандыққа өт­­­кеніне 36 жыл өтті. Осы уақытқа дейін билік бұған ешқандай мән бермеген. Енді келіп, мұсылман ді­нінде туған, өсіп-жетілген ба­ла­лардың артына түсудің не қажеті бар? Анасының ондай қылығы болса да, ол үшін балаларды жазғырудың керегі жоқ.

Осындай қатыгездік жазаны кез­дейсоқ жағдайдың кесірінен шығарды деп ойлаймын. Әйт­пе­генде, бұл сұрақ мүлдем көтеріл­мес еді. Себебі келіншегім, бала­ла­рым­ның анасы Фатима 1902 жылы қайтыс болған. Право­сла­вие­ден мұсылмандыққа өтуінің ақ-қара­сын сол ғана біледі. Өкінішке қа­рай, оны өзімен бірге көрге алып кетті. Бұл жағдай оның көзі тірі­сінде болғанда, ол балаларының басына қауіп туғызбай, олардың көріп жатқан қиындығына жол бермес еді.

1899 жылы шағым түскендіктен, сол жылдың қараша айында ба­ла­ларым анасымен бірге сол мис­сио­нерлік комитеттің шешімімен, Ақтөбе уезінің басшысы ауылдан күшпен алып, Ақтөбе қаласына апарды. Әйелім екеуміздің қар­сы­лығымызға қарамастан, оларды православиеге күштеп кіргізбекші болды. Сол кезде әйелім де, ұл­да­рым да келіспеді. Соған қара­мас­тан, оларды босатқан болатын. Мұсылмандық салт-дәстүрімізді ұстап, бәріміз бірге тұрдық. Кейін Фатиманың өлімі себеп болды ма, кенбиліктегі дінбасылары іс­ті қайта қозғап қана қоймай, қа­тыгездікпен орындауды талап ет­кен.

Міне, балаларым жастығына қара­мастан, қиындыққа төзіп жат­қа­нына 7 ай болды. Қамаудан алғаш көруге мүмкіндік алғанымда, балаларым аштықтан қу сүйекке айналып, жұлма-жұлмалары шы­ғып, жалаңаш қалған. Қызым пра­во­славие дін өкілдері берген киімі мен тамағын өз еркімен алмай қойған. Әпкесінің істегенінен кіші ұлым да шықпаған. Олардың қи­налғанын көріп, босату мақ­са­тында жергілікті биліктің бар­лы­ғына шығып, балаларымды қайтаруды сұрадым. Бірақ өтінішім еш қараусыз қалды.

ЦГА РК ф. 25, оп. 1,с.93, д. 686, л 48-49

 

***

29 желтоқсан 1908 жыл

Ұлы мәртебелі императордың кеңсесіне жіберілген хатта орын­бор­лық губернатор 30 қарашадағы №2 493 хатқа қатысты хабарын жеткізген. Онда көрсетілген анық­­тамалар бойынша қырғыз Бекетовтан тартып алынған қызы Рахима (Анна) Чебыкина 1905 жылдың қазан айында тұрмысқа шыққанын, ал ұлы Разыолла (Нико­лай) сол аралықта әкесімен бірге ауылына кеткені айтылған.

 

ЦГА РК ф. 25, оп. 1, с.93, д. 686, л 67-70

 

***

17 наурыз 1910 жыл

 

Торғай облысының губернатор мырзасына

Аманқарағай аймағы №1 ауылының тұрғыны

Роман Гаврилович Сыгановтан

 

Өтініш

Алланың қалауымен, хрис­тиан­дықтан ислам дініне өтуге бел байладым. Бұл ойдың ойым­да жүргеніне он жылдан астам уақыт болды. Бұл мәселе әйелім Авдотьей Семеновна Цыганова мен балаларымның арасында та­лай рет талқыланды. Бірақ бұл ойы­мыз күннен-күнге тек ны­ғая түспесе, көңілімізден кет­пе­­ді. Сондықтан бұдан ары бұл се­зімді ішімізде бүкпей, жасыр­май, Жоғарғы манифестің за­ңын пайдалана отырып, ашық түр­де мұсылмандыққа өтуімізді сұрай­мыз» делінген.

 

P.S.

 

Бұл біз байқаған дерек­тер­дің бір парасы ғана. Мұндай «құпия» деректер архивтерде жасырын, жабулы жатыр. Қанша қазақ өз еркімен шоқынды, қанша қазақ шоқындырылды? Нақты мәлімет жоқ. Ал өз дініне қайтқан қа­зақтар туралы мәліметтер ара-тұра жарияланып отырғаны болмаса, нақты шындық әлі айтыла қойған жоқ. Зерттеушілер мен тарихшылардың шынайы тарихтың парақтарын ақтаратын кезі жетті. Жазушы Бейбіт Қойшыбаев қуғын-сүргін басталғанда ең алдымен, қазақтың дін басылары қуғын-сүргінге ұшырағаны туралы айтқаны бар-ды. Демек, қазақты ұлттық «мені­нен» айырудың төте бір жолы – шоқындыру. Патша үкіметінің бұл «жымысқы» әрекеті Абай бастаған қазақ оқығандарының қуатты қарсылығы арқасында ғана жүзе­ге аспай қалды. Бұл саясат жүзе­ге асқанда не болатын едік?!.