Аграрлық салада жас ғалымдар керек - Тоқаев
Аграрлық салада жас ғалымдар керек - Тоқаев
608
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 17 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Ақорда ақпарына сәйкес мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіндегі нақты мәселелердің бар екеніне назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар міндет қойды.
Президент отандық аграрлық ғылымды дамыту ісіне және кейінгі жылдары деңгейі айтарлықтай төмендеген кадрлардың әлеуетіне арнайы тоқталды.

– Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталықтарындағы еңбеккерлердің тек 20 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Сондықтан аграрлық салада болашағы бар жас ғалымдардың пулын жасақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан өзге Қазақстан Президенті ауыл халқының 85 пайызы тұратын келешегі бар тірек елді мекендерді дамыту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл елді мекендер жол, қол жетімді байланыс жүйесі мен Интернет, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, мәдениет және спорт кешендері сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін 3 жыл ішінде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін салуды тапсырды. Соның ішінде 22 нысан биыл іске қосылады.

Елбасы ұсынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қосымша 90 миллиард теңге бөлінетін болады. Президент «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бөлінетін қаржыны жылына 20 миллиард теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрмысының сапасын жақсарту жөнінде жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, әсіресе ірілері шетте қалмауы тиіс. Аграрилер мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі қағидатына сәйкес ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты әлеуметтік жауапкершілікті бөлісуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Республикалық кеңес барысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко, «Агрофирма «Родина» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр, «ҚазЭкспортАстық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Руслан Молдабеков, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев және «Bioperations» ЖШС құрылтайшысы Әлихан Талғатбек баяндама жасады.