Салық берешегі бар азаматтар 20 мың теңге айыппұл төлейді деген ақпарат жалған. Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі бұл қауесетті жоққа шығарды.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өткен салықтық кезеңдер үшін берешегі бар азаматтар борышын биылғы 1 қазанға дейін өтемеген жағдайда 8 АЕК (20 000 теңге шамасында) көлеміндегі айыппұл есептелетіні туралы хабарлама таратылуда. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды»,– деп жазылған хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, жеке тұлғалар бюджетке жер және мүлік салықтарын өткен жыл үшін биылғы жылдың 1 қазанына дейін төлеуі тиіс. Көлік салығы ағымдағы жыл үшін 31 желтоқсанға дейін өтеледі.
«Қолданыстағы ҚР Салық заңнамасында айыппұл есептеу шаралары көрсетілмеген. Тек салықты уақытылы төлемеген жағдайда өткізілген әр күнге өсімпұл есептеледі. Сондай-ақ, жылдың аяғына дейін жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық үрдісі жүруде. Оның ережелеріне сәйкес, жеке тұлға берешегінің негізгі сомасын өтеген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады»,– делінген хабарламада.
Салық төлеушілер борышының бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына http://kgd.gov.kz кіріп тексере алады.