«Иә, мен адам баласын құртып жіберуді армандаймын».«Бұл менің адамзатты бағындыру жоспарымның басы ғана».Бұл – әйгілі София роботының журналистермен сұхбатта айтқан сөздері. Әрине, оның сәтті әзілі күлкіге айналып, лезде тарап кеткен болатын. Десек те,өздігінен үйренуге қауқарлы технологиядан төнетін қауіп жоқ емес. Бұл туралы әйгілі Стивен Хокинг, Илон Маск, Билл Гейтс сияқты тұлғалар жазып келеді. Оларды жақтайтындар да, келіспейтіндер де жетерлік. Бір анығы – цифрландыру нәтижесінде болатын өзгерістерге ертерек бейімделуіміз керек.
Жасанды интеллектің өміріміздегі орны
Жасанды интеллект – салыстырмалы түрде жақында қолға алынған сала. Алғашқы зерттеулер 1956 жылы жүргізіле бастады. Бүгінде біздің өмірімізді онсыз елестету мүмкін емес. Қарапайым смартфоннан бастап, күрделі технологиялар бізбен біте қайнасып кетті. Түрлі ақпараттық жүйедегі арнайы алгоритмдер де өздігінен үйренуге қабілетті. Осылайша, жасанды интеллект қиын тапсырмаларды шешуге пайдаланылып келеді. Денсаулық сақтау саласы, ақылды үйлер мен Siri, Ok Google сынды виртуалды көмекшілер, бәріміз қолданып жүрген чат-боттар да – жасанды интеллектің нәтижесі. Ақылды машиналар хирургия мен ауыл шаруашылығында тиімді қолданылып жүр. Ал болашақта жасанды интеллекті зауыттарды басқаруға, қауіпті әрі денсаулыққа зиянды жұмыстарды атқаруға пайдалану көзделіп отыр. Осылайша, ғарышты зерттеу немесе қауіпті сынақтар адам шығынынсыз әрі анағұрлым тез жүзеге асырылмақ.
Қауіп қайдан?
Оксфорд университеті жүргізген зерттеуге сенсек, жақында ІТ саласынан базалық білімі жоқ адамдарға жұмыс табу қиын болмақ. Ал McKinsey Global Institute мәліметінше, бүгінгі мамандықтардың 5% автоматтандыруға дайын. Ал 2030 жылы 57 мамандық жойылып кететін көрінеді. Алысқа бармай-ақ, еліміздің бірнеше қаласында жолақы төлеудің автоматты жүйесі енгізілгелі кондукторлардың қажет болмай қалуы да осыған дәлел. Ал дамыған елдерде мұндай мысал көптеп саналады. Сондықтан болар соңғы кезде жасанды интеллект дамып кетсе, жұмыссыздық жайлайды деген пікірлер де айтылып жүр. Алайда зерттеулер жақын арада адамдар түгел жұмыс орнын жоғалтуы мүмкін емес екенін көрсеткен. Әзірге кез келген жүйені толықтай автоматтандыруға болмайды. Оның үстіне жасанды интеллекті бақылайтын жаңа мамандықтар пайда болатыны да анық. Сондықтан «әзірге ізденіп, өз-өзін дамытқан адам екі қолға бір күрек таба алады», – дейді мамандар.
Жаһан жұртшылығын дүрліктірген жаңалықтың бірі – Facebook жасанды интеллектінің түсініксіз тілде сөйлесе бастауы болатын. Нәтижесінде, желі басшылығы оларды өшіріп тастауға мәжбүр болды. Адамдармен тілдесу үшін жасалған чат-бот өзара алдымен ағылшын, кейін өздері ойлап тапқан тілде хат жазыса бастаған. Digital Journal жасанды интеллектің бұл әрекеті «мақтаусүйерліктің» кесірі деп түсіндірді. Олардың айтуынша, чат-боттың өзара ағылшынша тілдесуіне операторлар ешқандай қолдау көрсетпеген соң, олар өздеріне ыңғайлы тіл ойлап тапқан. Ал Tech Times басылымы роботтардың тіл таңдауына ешқандай шектеу болмағанын атап өтті. Дегенмен сарапшылар боттар осылай өз тілінде сөйлесе берсе, ІТ мамандардың бақылауынан шығып кетуі ықтимал екенін айтады. Өйткені қазірдің өзінде боттардың не ойлап тұрғанын білу мүмкін емес. Бұл қауіп жайында Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры Арман Абдрасилов пікірімен бөлісті:
– Адамдардың көп алаңдап жүргені жасанды интеллект өздігінен үйреніп, қатты дамып кетіп, бағынбай кетуі. Бірақ мамандардың айтуы бойынша, қазір жасанды интеллекттің дәрежесі тышқанның миының деңгейінде. Өйткені тікелей бір тапсырма орындағанда, мысалы, шахмат ойнауды алсақ, жасанды интеллект жақсы ойнауы мүмкін. Бірақ адам секілді шешім қабылдау керек болса, жасанды интеллект қазір ол тапсырмаларды орындай алмайды. Сондықтан жақын арада жасанды интеллект өз-өзінен қатты дамып кетуі жақын арада болатын қауіп қатарынан алынған. Бірақ болашақта мұндай қауіп туындауы мүмкін, – дейді маман.
Жаңа кәсіп
Алайда бұл жасанды интеллект әзірге қауіпсіз деген сөз емес. Қазірдің өзінде сақтануға себеп бар көрінеді.
«Жасанды интеллекті қазіргі ең басты қаупі – дипфэйк технологиясы. Мысалы, дипфэйс деген бар. Адамның бетін көшіріп, одан бейнематериалдар жасап шығарады. Хакерлердің осындай әрекетіне бірнеше адам алданып үлгерген. Қазірдің өзінде белгілі адамдардың атынан сұхбат жасап, алаяқтық істеуге болады. Одан кейін дипвойс деген бар. Ол технология да жаңадан шығып жатыр. Адамның дауысын, интонациясын келтіріп, аудио хабарлама жіберуге немесе біреумен әңгімелесуге де болады. Бұлар қазіргі ең басты қауіптердің қатарына жатқызылған» деп түйіндеді ол.
Одан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де қазір күн тәртібінен түспей тұр. Бүгінде хакерлік шабуылдар үйреншікті жағдайға айналған. Сондай-ақ кез келген жүйенің басқару тетігін басып алу арқылы ақша бопсалауды кәсіпке айналдырғандар да бар. Бұл – қауіптің бергі жағы. «Егер бұзық ниеттілер маңызды мекемелердің жүйесін бұзып кіретін болса, сұмдық басталады», – дейді мамандар. Ондай шабуылдар жасалып та келді. Мысалы, Ирандағы ядролық бағдарламаның жұмысын тоқтатқан Stuxnet арнайы вирусы бұған дәлел болады. Ал біздің елдің маңызды мекемелері қалай қорғалған?
«Біздің заң бойынша ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығына қосылуы шарт. Немесе өздері ақпараттық инфрақұрылымына мониторинг жасауы керек. Болған оқыс оқиғалардың бәрі Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық координациялық орталығына жіберілуі тиіс», – дейді Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры Арман Абдрасилов.
Осыған қарамастан, біздің елде де хакерлік шабуылдар ауық-ауық жасалып тұрады. Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық координациялық орталығының мәліметінше, 2018 жылдан бері Қазақстанға жасалған шабуылдар 2 млрд-тан асқан. Ал еліміздің 336 мекемесі аса маңызды объекті қатарына енген.
Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ