Бауыржан Байбек Шымкент қаласындағы әлеуметтік мәселелерге назар аударды

Бауыржан Байбек Шымкент қаласындағы әлеуметтік мәселелерге назар аударды

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Сапар барысында ол шаһардағы бірқатар әлеуметтік мәселелерге назар аударып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ партияның қалалық активімен кездесіп, партиялық жаңғыру аясында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев анықтап берген жаңа міндеттер мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған басымдықтарға тоқталып өтті.

Елбасы 21 тамызда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Сол құжатта азаматтардың сұраныстарына уақытылы жауап беру, әсіресе өңірлердегі жұртшылықпен етене жұмыс істеу мәселесіне ерекше мән берілді. Сондықтан партия бұл бағытта белсенділікті одан әрі күшейтіп, қарқынды жұмысты қолға алды.

Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары Шымкент қаласындағы сапарын Водопьянов көшесінен бастады. Маусым айында бұл көшедегі №1 көп пәтерлі үйден өрт шығып, салдарынан 45 отбасы баспанасыз қалған. Сол кезде қала басшылығы отқа оранған үйдің толығымен сүріліп, орнына көп қабатты үй салынатынын және одан зардап шеккен отбасыларға пәтерлер берілетінін айтқан еді. Алайда тұрғындар тамыз айында құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне және құжаттардың рәсімделу мәселесіне алаңдап, наразылықтарын білдірді.

Бұл мәселемен әлеуметтік желі арқылы танысқан Бауыржан Байбек Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановпен бірге баспанасыз қалған тұрғындармен кездесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды «Nur Otan» партиясының тікелей бақылауға алғанын айтты. Сондай-ақ ол қазіргі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына, зардап шеккен әр отбасына жаңа үйден тегін пәтер берілетініне тоқталды.

– Елбасы, партия Төрағасы мемлекеттің халыққа жақын болу керектігін, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, ашық жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы да «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Сондықтан осы мәселені әлеуметтік желіден естіп, біліп, арнайы алдарыңызға келдім. Қазір қала басшылығы, партияның қалалық филиалы бұл түйткілді оңтайлы шешу үшін барлық шараны қолға алды. Біз бұл істі соңына дейін бақылауда ұстаймыз, – деді Бауыржан Байбек.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен қалалық жер қатынастары басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынған. Соның нәтижесінде бүгінде жерге орналастыру жобасы дайындалып, кадастрға келісім алу жұмыстары жүргізілуде. «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан инженерлік желілермен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама да сараптамаға тапсырылды. Алдағы қараша айында құрылысы басталатын 9 қабатты тұрғын үй 2020 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілмек.

Баспанасыз қалған тұрғындардың бірі Сафура Батырбек бастарына қиын-қыстау күн туғанда мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, барлық жағдайдың жасалғанын айтып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ дүние-мүлкі мен киім-кешектерінің өртеніп кеткенін айтып, қолдау сұраған тұрғындарға партияның мұрындық болуымен материалдық көмек көрсетілгенін де айта кеткен жөн.

Бүгінде елімізде қарқын алған игі істің бірі аймақтарда инфрақұрылымды дамыту. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында осы мәселеге үлкен көңіл бөлді. Мемлекет басшысы әр аймақ тұрғындарын таза ауыз сумен, табиғи газбен, жолмен біркелкі қамтамасыз ету және осы саладағы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру керектігін баса айтты.

Соған байланысты «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Шымкент қаласының «Азат» шағын ауданына арнайы барды. Бүгінде бұл аудан тұрғындары үшін ауыз су мен жылу мәселесі ең өзекті. Тіпті тұтас бір ауданға ауыз су жеткізетін жалғыз колонка ғана жұмыс ітейді. Оның өзі жекенің меншігінде.

Газбен қамту мәселесінде де аудан халқын әуреге салған түйткілдер аз емес. Ауданды газбен қамтып отырған жеке кәсіпкерлердің бағаны қымбаттатуы азаматтардың жанына батып отыр. Бұл мәселе де әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында аз көтерілген жоқ.

Желі арқылы аталған мәселелердің мән-жайына қанық болған Бауыржан Байбек азаттықтармен кездесіп, мемлекет тарапынан ауданның инфрақұрылымын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғанын айтты. Алдағы уақытта осы мәселеге қатысты барлық бастама партияның жіті назарында болмақ.

– Әрине, бұл жерде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселенің бар екенін білеміз. Бірақ бәрін бірдей шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан мемлекет тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, ең алдымен, газ, жарық және ауыз су мәселесін шешуді қолға алды. Кейін жол және басқа да мәселелерді шешеміз, – деген партия Төрағасының Бірінші орынбасары барлық жұмыстардың заң аясында жүргізілетінін айтты.

Сондай-ақ ол мемлекет тарапынан жер мен үйді заңдастыру жұмыстары қолға алынғанын айтып, тұрғындардың өздерін барлық істе заңға сүйеніп әрекет етуге шақырды. Бауыржан Байбек «Азат» шағын ауданы қарайтын қаланың Қаратау ауданының әкіміне бұл мәселені басты назарға алу керектігін айтты.

– Әкім елдің ортасында жүруі керек. Ешқашан халықтан қорықпай, азаматтарды алаңдатқан мәселелерді шешу үшін жұмыс істеу қажет. Қандай жағдай болсын әкім халықтың алдына шығып, түсіндіріп, елді ұйыта білуі керек. Өз кезегінде халық та бәрін мемлекеттің мойнына артып қоймай, қоғамдық бақылауды қолға алып, белсенділік танытуы тиіс, – деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, аталған шағын аудан 2014-2015 жылдары Түркістан облысының Сайрам ауданынан қала аумағына қосылған. Ал 2017-2018 жылдары қала әкімдігі тарапынан тұрғын алабының жерлерін рәсімдеуге рұқсат берілді. Сондай-ақ биыл, яғни 2019 жылы қала әкімдігі тарапынан 370 жер учаскесіне ауыз су, электр, табиғи газ желілерінің құрылысын жүргізуге арналған жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін 12 млн. тенге қаражат бөлінді.

Жалпы жобалардың болжамдық құнына келер болсақ, ауыз су желілері – 260 млн. тенгені, электр желілері – 220 млн. теңгені, ал табиғи газ желілері 250 млн. теңгені құрап отыр. Бұл жұмыстарды жүргізуге 2020 жылғы бюджеттен 480 млн. тенге бөлу жоспарланған. Келесі 2020 жылдың наурыз айында бюджетті қайта қарау барысында қалған 250 млн. тенгеге түзету енгізу қарастырылуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары да келер жылы жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың барлығын партия өз бақылауына алады.


Сонымен қатар Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс XXXVIII конференциясына қатысып, қаланың партиялық активімен кездесті. Кездесуде партия Төрағасы айқындап берген жүйелі жаңғырту жұмыстарына баса назар аударылып, алдағы басым-бағыттар кеңінен сөз болды. Соның ішінде партияның халық арасындағы беделін арттыру, сайлаушылардың сенімін ақтау, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі фракциялардың жұмысын күшейту, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру, партияның идеологиялық әлеуетін нығайту сияқты маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.

Конференцияда Бауыржан Байбек Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасымен Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың кандидатурасын партия қалалық филиалының төрағалығына ұсынды. Нәтижесінде конференцияның бірауыздан қолдауымен шаһар басшысы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы болып сайланды. Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары қалалық филиалдың бұрынғы төрағасына партиялық бағытта атқарған жұмыстары үшін барша нұротандықтардың атынан алғыс білдірді.

Сонымен бірге ол партияның Шымкент қалалық филиалында жоспарланбаған қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрді. Қабылдау барысында негізінен жер учаскелерін заңдастыру, бөлу және рәсімдеуге қатысты мәселелер көтерілді. Нәтижесінде Бауыржан Байбек партияның қалалық филиалына әр мәселені бақылауға алып, оң шешілуіне ықпал етуді тапсырды.

Сапар барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның Шымкент қалалық филиалының қызметкерлерімен және аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларымен кездесті. Еркін форматта өткен басқосуда тараптар қалалық филиалдың алдағы бағыт-бағдарын пысықтады.