Семейдегі спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді
Семейдегі спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді
332
оқылды

Семей қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді,– деп хабарлайды Семей қаласының ақпарат орталығы.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен салтанатты шараға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

«Спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтың есімінің берілуі мені қуантады. Ол спортта аты аңызға айналған тұлға ғана емес, еңбектің шыңына шыққан қайраткер. Әрбір қазақстандық осындай болуы керек. Келесі жылдан бастап Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесіне арналған жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол турнир жыл сайын балалар мен жастар арасында өткізіледі», – деді облыс әкімі.

Семей – спортшының өмірінде терең із қалдырған қала. Олимпиада чемпионы жас кезінде Семейдегі зооветинститутта оқыған.

Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР Жамбыл облысы Свердлов ауданы «Чапаев» совхозында дүниеге келген.

Ол – КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, классикалық күрестен Олимпиада чемпионы, еркін күрестен Қазақ КСР чемпионы, әлем чемпионы (1981), әлем кубогының екінші жүлдегері (1982), Еуропа чемпионатының екінші жүлдегері (1980), КСРО екі дүркін чемпионы (1975, 1980), КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (1978, 1979), КСРО чемпионатының қола жүлдегері (1973, 1977) және КСРО халықтарының спартакиадасының чемпионы (1975).