Жемқорлықпен күрес: Сингапур бізге үлгі ме?
Жемқорлықпен күрес: Сингапур бізге үлгі ме?
912
оқылды
Әлемдік сыбайлас жем­қор­лықты қабылдау индексінде Қа­зақ­стан алғашқы жүздікке кірген емес. Көбіне Африка, Азия елдерімен қатарласа 110-­120-орындарды бөліседі. Былтыр Непал, Сальвадор, Нигер, Зам­бия, Сьерра Леонеға жақын жай­ғасып, 113-орында болды. Бұл шынайы жағдайды көрсетіп тұрған секілді. Себебі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің құрығына ілінбеген мемлекеттік орган өкілдері кем­де-кем. Ал ұсталмағандары пара ­алмады деген сөз емес. Ұстат­паған болар. Мәселен, биыл жыл басында агенттік жемқорлық шар­пыған мемлекеттік орган­дардың рейтингін анықтады. Әдет­тегідей, көш бастаған Ішкі істер министрлігі, кейінгі орын­дар­да Қаржы министрлігі және Қор­ғаныс министрлігі. Ал өңір­лердің арасында Түркістан, Шы­ғыс Қазақстан және Жамбыл об­лысының тұрғындары өзгелерге қарағанда жемқорлық бабымен көбірек айыпталған. Қысқасы, бірінен-бірі озады. Карантиндегі жемқорлық. Жұрт коронавирустан көз жұ­мып, ауа жетпей, демігіп жат­қан қысылтаяң кезең де жем­қор адамдарға кедергі болма­ған. Карантинде 71 адам құрықталған. «71 жемқорлық қыл­мысы анық­талды. Олардың басым бөлігі блок-бекеттер ар­қылы заңсыз өткізгені және ка­рантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершіліктен жалтаруға мүм­кіндік бергені үшін пара алумен бай­ланысты», – деді агенттік. Тарқатсақ, солтүстіктегі шенді полицей ауданда бірнеше адамның еркін жүріп-тұруына рұқсат берем деп 1 млн 300 мың теңге алған. Ал Алматы облысында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары тендерде қамқорлық жасаймын деп 33 млн-ды қалтасына баспақ болған. Тізбектесек, осылай кете береді. Бұдан бөлек, жұрттың сы­ны­на қалған «СҚ-Фармация», Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қоры басшыларына қа­тысты да іс қозғалды. Бір сөзбен айт­қанда, төтенше жағдай, ел ба­сына түскен күрделі кезең пара алудан мемлекеттік қызметшілерді қайтара алмаған. Қайта пандемия­ны «сәтті пайдаланып», бюджет қаражатына сатып алынуы тиіс дәрі-дәрмек, түрлі аппараттарды жоғары бағамен пұлдауға тырыс­қан әкімдік өкілдері аз болмады. Олардың түрлі қитұрқы әрекеттерін Zertteu Research ұйымы жариялап отырды. Қолына билік тиген кейбір мем­лекеттік қызметкерлер, квази­сектор өкілдері, погондылар қан­дай жағдай болса да, құқықтық шектеулерді айналып өтіп, қыз­метін пайдаланып, заңсыз табыс табуға кет әрі емес екенін талай дәлелдеген. Бірі конвертпен сұ­раса, басқасы есепшотына жіберуді тех­никалық сипаттамасын бір компанияға арнап жазады немесе «рақметін» қымбат көлік ретінде алғандары қаншама. Алай­да көпшілігі әріптестерінің бірнеше жылды арқалап, түрмеге тоғытылуын ащы сабақ деп қа­былдамайды. Тек өзі ешқашан ұсталмайтындай. Сырттай қарасаң, бір басын кессе, екіншісі өсіп шығатын аңыздағы гидра дерсің. Енді не істеуге болады? Өзіміздің әдіс әзірге зор нәтиже көрсете қой­ған жоқ. Ал шетелде қайткен? Шетелде қалай күрескен? Жал­пы, сыбайлас жемқорлық көрініс таппаған ел жоқ. Дамыған елдер де зардап шегеді. 2014 жылы тақтан бас тартқан Испания королі Хуан Карлос І пара алуға қатысы бар деген айыптан әлі арыла қойған жоқ. Осы себепті жақында елін тастап кетті. 2014 жылы Еуроодақ комиссиясы Кәрі Құрлықтағы жемқорлықтың шығыны 120 млрд евро деп ресми жариялаған. Алайда 2016 жылы RAND Europe зерттеу ұйымы шынайы цифр 990 млрд евро деп мәлімдеді. Аз емес. Еуропа елдерінде бұл қыл­мыс­пен күресудің жолдары әр­түрлі. Мәселен, Нидерландта кү­рес­ жария түрде жүреді. Жем­қорлық қаупі туындайтын жер­лерге тұрақты мониторинг жүр­­гізіледі. Жемқорлыққа жақын қызметтерге азаматтар ерекше таң­­даумен сұрыпталады. Парамен ұсталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылып, барлық әлеу­меттік қолдаудан қағылады. Аталған қылмыспен күресетін құ­зыреті кең арнайы орган бар. Жемқорлыққа қатысты барлық ма­териалдар жарияланады. БАҚ ондай фактілерді зерттеуде ерекше рөл ойнайды. Яғни, ашықтық, тұ­рақты күрес, бақылау  негізгі ұс­таным деуге болады. Швеция – «заңсыз табыс та­будан» алшақтау елдің бірі. Жыл сайынғы әлемдік рейтингте ал­ғаш­қы үштікте жүреді. Салыс­тырмалы түрде «таза ел». ХІХ ға­сырға дейін жемқорлыққа бел­шесінен батқан екен. Алайда 1923 жылдан бастап «Параға қарсы ин­ститут» жеке ұйымы жұмыс іс­тейді. Оны қаржыландыратын кәсіпкерлер. Ол жемқорлыққа заңның түсіндірмесін жазады, жүргізеді. Бір қарағанда, түсіндірме жұмысының тиімділігі аздай. Де­генмен Швецияда нәтиже береді. Себебі ұйым жемқорлықты қо­ғамдық мәдениет, мораль арқылы кемітуге тырысады. Бұл елде жем­қорлыққа қарсы күресетін ар­найы прокурорлар бар. Бүкіл ко­рольдікте олардың саны – 7 ғана. Арнайы полиция да қызмет етеді. Штат саны – 25. 10 млн халқы бар елге аз емес пе? Жоқ, се­бебі былтыр пара жайлы 117 хабар түскен. Ал сот 10 іс бойынша ғана үкім шығарған. Яғни, әдеттегі жаза, тыйым салу емес, жоғары жалақы, салық және қоғамдық пікірдің салмағымен елді жегідей жеген жемқорлықты минимум деңгейге түсірген. Мәселен, биз­нес полициядан гөрі БАҚ-тан көбірек сескенеді деген ұғым бар. Себебі әлдебір компанияның пара бергені туралы газетте материал жа­рияланса, жұрт ол компаниядан теріс айналып, оның шығыны сот белгілеген айыппұлдан да көп бо­луы мүмкін. Азия. Оңтүстік Кореяның соң­ғы президенттері жемқорлық бабы­мен айыпталып, қызметінен қуылғанына қарамай,  бұл ел­дің тұрмыстық парамен күрес тәжірибесі кісі қызығарлық. 1999 жылдан бері мұнда OPEN жүйесі қызмет етеді. Бұл аза­маттардың өтінішін онлайн ре­жимде қарастыратын жүйе. Сон­дай-ақ 2002 жылы күшіне енген жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң жағдайды анағұрлым түзеген. Заңға сай, жемқорлық фак­тісін кәмелетке толған кез кел­ген азамат зерттей алады. Бұдан бөлек, шендінің пара алу туралы азаматтар жазған әрбір арызы бө­лек қарастырылады. Ал көпке үлгі болған Син­гапурдың тәжірибесіне де назар аударуға болады. Себебі мұнда Жемқорлықпен күрес бюросының саяси мүмкіндігі мол. Орган тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жеке сектордағы параның да жолын кесуге тырысады. Сон­дай-ақ бюро мемлекеттік қыз­меткерлердің жұмысына зерт­теу жүргізіп, қай жерлерде заңсыз табыс табу мүмкіндігі бар екенін анықтайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жеке сектормен те-­ ң­ес­тірілген. Мәселен, қазіргі  пре­мьер-министр Ли Сянь Лунның жылдық табысы 2,5 млн долларға жуық, ал министрлер 365 күнде 1,1 млн доллар арасында заңды жалақы алады. Яғни, жалақыны көтеру арқылы шенеуніктерді өз­геге дәмелі болудан, қол жаю­дан аулақ еткен. Дегенмен сол мемлекеттік қызметкерлердің бар­лық есепшоты, мүлкі жыл сайын бақыланады. Сөз соңында. Қысқасы, адам бар жерде заңсыз табу түсінігі қатар жүреді. Тек жазалау және қатал заңды қабылдаумен діттеген нәтижеге жету қиын екен. Се­бебі пара берсе, әлгі заңның орын­далуын қадағалаушылар көз жұмып қалуы әбден мүмкін. Енді не істеу керек? Қоғамның табысы артпаса, әлеуметтік жағдай түзелмесе, ке­дей кісі пара алуға да, беруге де бір табан жақын тұрады. Яғни, халықтың қаржылық жағдайы ортадан жоғары болуы тиіс. Бірақ мұның өзі аз. Қоғам лауазымды тұлғаларды – президент, әкім, судья, полицейлерді өзі сайлап, өзі бақыламаса, керісінше халық соларға қызмет ететін жүйе қа­лыптасады. Бұл жемқорлық кең жайылатын жағдайға әкеледі. Шве­циядағыдай қоғамдық пікір, медиа негізгі саяси, бизнес қа­тынастарды қадағалап, реттеп отырса, кәсіпкер, шенеунік жемқор атанудан үркіп, беделін бұзудан сескенсе ғана бұл індетті кемітуге болар еді.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА