ҚР Бас прокуратурасы 38 бірлескен кәсіпорынды тексеріп, 6,5 млн теңге айыппұл салған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық мүддені қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов айтты.
«Бұл мәселе жиі көтеріліп келеді. Оның ішінде біріккен кәсіпорындарға байланысты. Өтініштерді тыңдасақ, біздің азаматтардың құқығы бұзылып, жалақы көлемі шетел азаматтарымен салыстырғанда 2-2,5 есе төмен екені жиі айтылады. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бас прокуратураға ұсыныс жасаған соң біз оны қолдадық. 60-қа жуық кәсіпорынды белгілеп алдық. Бүгінгі күні 38 кәсіпорынға қатысты тексеру аяқталды. Соның нәтижесінде 460-тан астам еңбек заңдылығын бұзу фактілерін анықтадық. Оның ішінде рұқсатқа сәйкес емес жұмыстарды атқару бойынша 150-ге тарта факт анықталды»,– деп мәлімдеген Бас прокуратура өкілі жұмысшыларын алалайтын кәсіпорындарға тоқталды.
«Алматы облысында «Сити Констакшн» деген шетелдік кәсіпорын бар. Ол жерде азаматтарға жалақыдан бөлек сыйақы беріледі. Шетел азаматтары 750 мың теңге алатын болса, біздің азаматтар 2,5 есе төмен алып келген. Біз мұндай жағдайларды өте көп анықтадық. Осындай жағдай Ақтөбе облысында да анықталды. Сондай-ақ, «СинОпэк Қазақстан» ЖШС-нде сыйақы берер кезде шетел азаматтары біздің азаматтармен салыстырғанда 1,5-2 есеге дейін көп алып келген. Еңбек инспекциясымен бірге жұмыс жүргізіп жатқандықтан, біздің қойған талап бойынша 31 ұйғарым енгізіп, 60-қа жуық әкімшілік құқық бұзу істері қаралды. Ескерту алғандар бар. Оның үстіне 34 айыппұл салынды. Оның жалпы сомасы – 6,5 млн теңге», – деді Сапарбек Нұрпейісов.