Давос – 2020: Экология тағы да әлем назарында
Давос – 2020: Экология тағы да әлем назарында
390
оқылды
Биыл 21-24 қаңтар ара­лы­ғында Швейцарияның Давос қалашығында 50-рет Халықаралық экономикалық форум өтті. Бұл жолы 53 ел­дің басшысы мен жүзден аса миллиардер бас қосты. Бас-аяғы екі мыңдай қонақ кел­ді. Осынша мейман 4 күн бойы жаһанды мазалаған мәселелерді талқылады. Мұн­да әріптестер де, көз­қарас­тары мүлде кереғар Д.Трамп пен Г.Тунберг те бар. Сонымен, саясат пен биз­нестің серкелері жиналған Давос форумында биыл қай тақырыптар талданған? Жыл сайын қаңтардың со­ңын­да Швейцарияның тыныш жат­қан Давос қалашығына әлемнің назары ауып, жүздеген жеке ұшақ осында ат ба­сын бұрады. Қауіпсіздікке миллион­даған доллар жұмсалады. Прези­денттер, миллиардерлер, ғалым­дар, түрлі саланың қайраткерлер, беделді журналистер ортақ мәселені тал­қылауға асығады. Ал Давостың маңайына пикет өткізуге оқталған белсенділер келеді. Олар да өздері көтерген мәселеге саясаткерлер мен медианың назарын тартуға талпынады. Қысқасы, 50 жыл бойы осы бір сценарий қайта­ла­нып келеді. Барлығының басы-қасында Давос форумының негізін қалаушы профессор, экономист Клаус Шваб жүреді. Айтпақшы, Шваб мырзаны сонау 2001 жылы Қазақстан 1-дәрежелі Достық орденімен марапаттапты. Алайда ол кісінің Альпі мен Алатау баурайындағы елдердің достығына қандай үлес қосқаны белгісіз. Биылғы форумның негізгі та­қырыбы экология болды. Жа­һандық жылыну, мұздық пен айсбергтің еруі, Австра­лия, Сібір және Амазонка орман­дарының өртке орануы – барлығы да әлем халқын алаңдатып тұр. Алайда экология тақырыбында бас ауыртпауды жөн көретіндер де табылады. Соның бірі – АҚШ президенті Дональд Трамп. Ол экологиядан көрі экономиканы жоғары қоятын саясаткер екені мәлім. Осы Давос форумында ол экоқозғалыс өкілдерін сөзі­мен түйреп өтті. «Біз үнемі апат­­­ты болжап, ақырзаман төн­­ді­ретін «пайғамбарларды» жоққа шығаруымыз тиіс. Қазір пессимизмнің емес, оптимизм уақыты. Біз социалистерге эко­но­­микамызды бұзуға жол бер­мейміз», – деді ол. Экономи­ка­мызды бұзады дегені экологтер көмір қышқыл газының ауаға бөлінуін азайту үшін зауыттарды жабу керек дейді. Зауыт жабылса, жұмыс жоғалады, экономика кері кетеді. Сондай-ақ бұл форумға Шве­циядан шыққан жас эко­белсенді Грета Тунберг те ша­қырылды. Тунберг пен Трамптың жас айырмашылығы алшақ болса да, экология мәселе­сінде көзқарастары алуан түр­лі. Сондықтан екеуінің пікір қақ­тығысы болуы әбден мүмкін еді. Тунберг форумның сессиясында Швециядағы 18 айлық митин­гі жайлы айтып, әлем көшбасшы­ларына ғалымдарға құлақ түруге кеңес берді. «Біз климаттың өз­геруін қазіргі дағдарыс ретін­де сипаттамасақ, оны шеше ал­маймыз. Біздің ұрпақ оңай беріл­мейді. Біздің үйіміз өр­теніп жатыр, ал сіздердің бейқамдығыңыз отты үдете түседі» деп ұрандатып жіберді. Алайда форум басталмас бұрын Клаус Шваб климаттың өзгеруімен күрес мә­селесінде популизмнің қауіпті еке­нін ескерткен еді. Форумға жас белсенділерден тек Г.Тунберг қана келген жоқ. Пуэрто-Рикодағы дауылдан зардап шеккендерге көмек қорын ұйымдастырған Сальвадор Гомеза-Колон, Замбияда әйелдер мен қыздардың құқығын қорғайтын Наташа Мванса, Канададағы Анишинаабе тайпасының ауызсу мәселесімен айналысатын Отем Пелтиер де шақырылды. Бұдан бөлек, жиын бары­сында америкалықтар Еуропаны газды қарсылас тараптан (Ресей) емес, АҚШ-тан сатып алуға шақырды. Ал Халықаралық еңбек ұйымының төрағасы Гай Райдер әлемде 188 млн жұ­мыссыздың болуына қарамай, еңбек нарығында аса қауіп жоқ деп мәлімдеді. Давос форумына алғаш рет қатысқан Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақтан шығып бара жатқан Ұлыбританияның орнына Украи­наны қабылдау қажет деп мәлімдеді. Брюссельдегі еуробас­шылар бұл месседжге құлақ аса ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер. Сонымен, жаһандық мәселені жы­лына бір ретін талқылап, пысықтап алатын Давос форумы аяқталды. Жүздеген кездесу өтті, сессиялар ұйымдастырылды. Дегенмен бұл жиын жыл өткен сайын нақты пайдасы бар форум­нан гөрі пиар алаңға айналып бара жатқандай.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА