Шымкенттік Мұсаевтар отбасы жақында көптен күткен қуанышқа кенелді. Олар қалада «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алғаш болып пәтер кілтіне қол жеткізді.
Ақтолқын Төлегенқызы – алты баланың анасы. Отағасы Ербол екеуі үш ұл, үш қызды тәрбиелеп отыр, өзі қаладағы №2 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп мұғалімі. Биыл сәуір айында қуаныш иелері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кеңес беру орталығына келіп, жаңа бағдарламаның жаз айынан бастап жүзеге асырыла бастайтынынан хабардар болады. Депозит ашып, бастапқы жарнаны жинай бастаған. Ал шілде айында бағдарлама бастала салысымен көпбалалы отбасы санаты бойынша қалалық тұрғын үй басқармасынан жолдама алып, төлем қабілетін растайды. Осылайша, Мұсаевтар отбасы «Нұрсәт» шағынауданынан екі бөлмелі пәтерге қол жеткізеді.
«Бақытты отбасы» Шымкентте алғашқы отбасын осылайша бақытқа бөледі. Жалпы, биыл Шымкент қаласында 26 үй, 1164 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тұрғын үй «7 – 20 – 25», «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып, желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының міндетін атқарушы Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, үшінші қалада тұрғын үйге мұқтаж 39 170 адам тіркелген.
– Бүгінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, «Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар мен отбасылардың тізімі бөлек шығарылды. Бұл санаттағы мұқтаждардың саны – 4 152 адам, – дейді М.Әбдінұров. Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша биыл 17 шілде мен тамыз аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардан бағдарлама талаптарына сәйкес келетін 1010 азаматтан өтінім қабылданған.