Тайқазанның төрге озғанына – 620 жыл
Тайқазанның төрге озғанына – 620 жыл
617
оқылды

Мемлекетіміз Тәуел­сіздік алғалы бері тамы­рынан ажы­рап қалған көп­те­ген жәді­гер­лер, әсі­ресе сырт­қа кет­кен құн­ды дү­ние­­лер елге ора­лып, жұрт­ты қуанышқа кенелт­­ке­ні белгілі. Соның бірі – сонау Ресейден тарихи Ота­­нына оралған Ясауи ке­­­се­не­сін­де­гі қасиетті тай­­қа­зан. Енді міне, Түр­кіс­тан түркі әлемінің мә­дени және ру­ха­ни орта­лығына айнал­ған шақта Тайқазанның құйыл­ға­нына 620 жыл және елге әке­лін­ге­ніне 30 жыл то­луы­на орай «Қай­та оралған жә­ді­­гер» атты көрме ашыл­ды. Қожа Ахмет Ясауи ке­се­­несі ішіне орна­лас­ты­­рыл­ған көрме бір ай бойы келу­­шілердің назарына ұсынылады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен қасиетті Тай­қазан­ның құйылғанына 620 жыл, тарихи Отанына оралғанына 30 жыл толуына орай «Қайта оралған жәдігер» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Айтулы шараның ашылу сал­танатына филология ғылым­да­рының докторы, профессор Құл­бек Ергөбек, тарих ғылым­да­рының кандидаты, Тайқазан тарихын зерттеуші Ділдәш Мұстапаева сын­ды тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, қаланың Құрметті азаматтары, Ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйым мүшелері, студенттер мен жоғары сынып оқу­шылары, қала тұрғындары және музейге келуші қонақтар қатысты. Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейінің директоры Нұрбо­лат Ахметжанов ашты.

Өз сөзінде қорық-музей ди­­­ректоры Қожа Ахмет Ясауи ке­­сенесіндегі тарихи жәді­гер­лер­дің бірегейі қасиетті Тай­қа­зан Қа­зақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру», «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» бағдарлама­лық мақаласындағы «Ұлы да­ла­дағы ежел­гі металлургия» бағыт­та­ры­ның мәнін ашатынын және құн­ды мұраның жасалу тарихынан бас­тап, әрбір элементтерінің мән-ма­­ғынасын кеңінен насихаттау бү­гінгі басты мақсат екендігін жет­кізді.

«Қайта оралған жәдігер» көр­ме­сінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Ай­та­­лық, олар­дың қатарында орыс сая­хат­шысы А.Кунның аль­бо­мын­дағы 1864 жылғы фото­су­рет­тер, 1935 жы­­лы Тайқазанды Санкт-Петер­бор­ға алып бара жатқаны мұ­­­рағаттық суреті, Эрмитаж му­­зе­йі­­нің экспозициясына қойыл­ған бірегей фотосы және 1989 жы­лы Эрмитаж музейінен Тай­­қа­зан­ды шығарып жатқан сәті­нің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Яса­уи кесенесіне келген тұл­ға­лар­дың фотосуреттері мен қорық-му­зейдің мұрындық болуымен 2009-2014 жылдар аралығында өт­­кен жастар арасындағы қазақ күре­сінен республикалық «Тай­қа­зан» турнирінің фотосуреттері, ме­­дальдары, мұрағаттық құ­жат­тар бар.

Көрменің мақсаты – ор­та­ғасырлық құнды мұраларды дә­ріп­теу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.

Естеріңізге сала кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақ­тал­ған ортағасырлық Тайқазан осы­­дан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жы­лы Түркістаннан 25 шақы­рым жерде орналасқан Қарнақ ел­­ді­мекеніндегі Тұранның билеу­ші­­сі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Теб­ри­зи шебердің ұстаханасында құ­йыл­ған. Тайқазан алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қа­лайы сынды жеті түрлі металдың қосын­ды­сынан жасалған.

Қасиетті Тайқазан 1935 жы­лы Ленинград, қазіргі Санкт-Пе­тер­­­бор қаласында өтетін Иран ше­­­берлерінің III Халықаралық кон­­­ференциясына үш айға жібе­ріл­­генімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні та­­­рихи Отанына қайта оралған. Тай­­қазанның тарихи мекеніне ора­­луына мемлекет және қоғам қай­раткері, ғалым-этнограф Өз­бек­әлі Жәнібековтің қосқан үле­сі зор. Жиын­ға қатысушылар Тай­­қа­зан тарихы мен жәдігердің ма­ңыз­­ды­лы­ғы жөнінде келелі пікір біл­дірді.

 

Түркістан облысы