Павлодарда полиция қызметкері өлі табылды
Павлодарда полиция қызметкері өлі табылды
200
оқылды

Павлодарда полиция қызметкері асулы тұрған күйінде табылды. Tengrinews.kz ақпарына сәйкес оның денесі Павлодардағы көпқабатты үйлердің біріндегі гараждан табылған. Көз жұмған Павлодар ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары 34 жастағы Руслан Оспанов.

Павлодар облысы полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарының жүріп жатқанын, қажетті сараптамалардың тағайындалғанын мәлім етті. Оның қорытындысы туралы кейінірек хабарланады.

Ал полиция қызметкерлерінің туғандары болса, оны өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген деп есептейді.

«Соңғы уақытта Руслан Павлодар облысының тергеу бойынша полиция департаментінің басшылығын айтып, жиі шағымданатын еді. Ағам өзіне бар жағынан қысым көрсететіндерін, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтіндерін айтатын», - дейді қаза тапқан полиция қызметкерінің інісі Әбілқасым Оспанов.

«Руслан өте мейірімді жан еді. Өмірді сүйді, жұмысын да жақсы көрді. Қызметінің ауырлығына қарамастан, әр күн қуана баратын. Біз оған бірнеше рет қызметінді таста деп айтсақ та, бізге құлақ асқан емес. Ағам өз-өзіне еш уақытта қол салмайды, оны соған итермелеген. Кінәлілер жазасын тартуы тиіс, біз тергеу амалдарының дұрыс жүргенін талап етеміз», - деді Ә.Оспанов.

Полиция майоры болған Руслан Оспанов 12 жыл бойы осы салада қызмет еткен. Қаза тапқан ер азаматтың артында бір баласы мен жүкті жары қалды. Осы жылдың желтоқсанында Руслан Оспанов 35 жасқа толар еді.