«Балдәурендегі» көңіл күй
«Балдәурендегі» көңіл күй
299
оқылды

Күздің басталысымен Балдәуренде «Шешендік өнер және көркемсөз оқу шеберлері» атты 12 ауысым жұмысын бастап кетті.

Ауысымға Абай, Махамбет, Мағжан, Шәкәрім, Мұқағали, Оралхан Бөкей, Тұманбай, Қадыр, Фариза оқуларының жеңімпаздары келді. Бұл ауысымның мақсаты балаларға қазақ халқының би-шешендерінің нақыл сөздерін үйрену арқылы сөз қолданысында пайдалана білуді, шешендік өнер дәстүрін бойларына сіңіру арқылы ой жүйелілігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру. Шешендік өнерге дарынды және мақсат қоя білгіш жасөспірімдерді тарту; тәуелсіз ой қалыптастыруға, өзіндік тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік беру, жағдай жасау болатын.

«Балдәурен – Қапшағайда» балалардың бос уақытын тиімді пайдалану жолында әртүрлі қызықты танымдық үйірме бар. Балалар жеке қабілеттерін арттыру мақсатында өздеріне керекті әртүрлі ақпарат алмасып, тәжірибе жинап, оны жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Жалпы орталықта 24 үйірме жұмысын істейді. Олар: «Жас медбике», «Вокал», «Балдәурен пресс», «Актерлік шеберлік», «Кітаптар әлемінде», «Жас аспазшы», «Оригами», спорт түрлерінен (мерген, фитнес, теннис, үстел-үсті ойындары), «Қыш құмыра» және т.с.с. «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» демекші біздің орталықта жаңадан «Жас зергер» үйірмесі ашылды. Үйірме балалардың бойына қазақтың тарихи-мәдени материалдық мұрасының жарқын тұсы жайында хабар беріп, эстетикалық талғамын, дағдыларын қалыптастырады.


Ерекше атап өтетін жайт – екінші жыл қатарын өткізіліп жатқан «Бойтұмар-2019» атты ІІ Республикалық тіл олимпиадасы. Олимпиада мақсаты – мемлекеттік тіл мен халықаралық тілдік қатынас қолданысындағы ағылшын тілін терең меңгеруге ынталандыру, зерттеушілік, сыни ойлау, сыни қабылдау дағдыларын жетілдіруге күш салу. Олимпиада жоғарғы деңгейде өтті. Олимпиадаға қатысу арқылы балалар тілдік дағдыларын, сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін жетілдіре алды.

Балдәурендіктердің әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін қалыптастыру әрі ашу мақсатында әртүрлі іс-шара ұйымдастырылады. Олар: «Шаттық - 2019», «Абай, Махамбет, Мағжан, Шәкәрім, Мұқағали, Оралхан Бөкей, Тұманбай, Қадыр, Фариза» оқулары, «Бриколаж» т.с.с. Мұндай іс- шаралар балдәурендіктердің білімін тереңдетуге, іскерлік дағдысын дамытуға қабілеті мен қызығушылығын арттыруға, демалысын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік туғызады. Атаулы күндерде, мерекелік шараларда арнайы концерт мен көрме ұйымдастырылып, балалардың жеке жұмыстары бағаланып отырады

.

Дәстүрлі түрде орталықта «Олимпия» СМ спорттық ойындары өтеді. Олимпия барысында топтық және жекелей біріншіліктер өткізілді. Ауысымда «Мерген» үйірмесіне қатысқан балалар өздерінің дағдыларын жарыста көрсетті. Ал командалық ойында балалар бір – біріне қолдау көрсету арқылы жақындай түсті.

Қорыта келгенде, балалардың «Балдәуреннен» алған әсері ерекше.

Лагерь балалардың қабілетін жетілдіріп қана қоймай, оларды тұлғааралық қарым-қатынасқа тәрбиелеп, өнерге деген қызығушылығын арттырды. Қалай десек те, «Балдәурен» – балалар үшін ерекше демалыс орны. Баламен бірге қуану, мұңаю оның әсері мен қуанышын бөлісу – ұйымдастырушы -ұстаз үшін бақыт. Ал осындай бақытқа жол ашу – біздер, тәрбиешілер, үшін үлкен табыс.

«Балдәурен-Қапшағай» РОСО әдіскері Әсел Тукушова