Ғылым мен техника бәсекесі
Ғылым мен техника бәсекесі
1,143
оқылды
Әлем таңсық дүниенің сы­рын ұғуға құмар. Сол үшін біл­мекке ұмтылып, зерттеу жүр­гізіп, миллиардтаған қа­р­жы жұмсайды. Техниканың сан түрін сынап көреді. Осы­ған дейін ғылым мен техника майданында АҚШ алдыңғы орында тұрған. Қазір алпауыт ел Азия құрлығына жол беріп, кейін шегінді. Сәйкесінше Америкада білім саласын­да­ғы ғылыми-зерттеу азайып кеткен. Сонымен, АҚШ-тың құр­метті орны кімге бұйыр­ды? Иә, жұмыс нәтиже берсін де­сек, қомақты қаржы құю ке­рек. АҚШ-тың ұлттық ғылыми кеңесі мен ұлттық ғылым қоры баяндамасында федералды қар­жы­ландырудың азаюы білім сала­сындағы зерттеудің бәсеңдеуіне әкелгенін мәлімдеді. АҚШ-тағы ғылым мен техника негізінен ел эко­номикасы мен ұлттық қауіп­сіз­дікпен тығыз байланысты еке­нін атап өткен. Сондай-ақ Амери­каның аталған саладағы жаһандық үлесі 25 пайызға азайып, Азия елдерінің үлесі артқан. Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Иран бастаған Азия елдері АҚШ-ты ғылым на­рығының көшбасшысы атағынан айыру үшін күш салып жатыр. Олар ғылыми мақала жазу, зерттеу жүргізу, жасанды интеллект жа­сау мен техниканың жаңа мүм­кіндіктерін сынап көруден алдына жан салмай келеді. Әсіресе, Қы­тай инвестиция тарту, жасанды интеллекті қолдану жөнінен көш ілгері. Жапония да қалыспай келеді. Мәселен, Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындары кезінде электронды палитрадағы автокөлікті пайда­лануды жоспарлап отыр. Toyotа-ның кезекті түрінде жүргізуші жоқ, аккумулятормен жұмыс істейді. Спортшыларды Face ID арқылы танып, стадион маңына жеткізіп салады. Қазір ғылым мен техника жаңа­лығын қалт жібермей қада­ғалап, зерттеуді зерделеу маңызды. Мәселен, Англиядағы Лафборо университеті ғалымдары көлік жүргізу кезінде ішудің пайдалы екенін зерттеген. Ішімдік емес, сұйықтық ішудің маңызы зор. Егер ағзаға белгілі бір мөлшерде су бармаса, адам машинаны мас күйінде жүргізгендей нәти­же көр­сетеді. Сонымен бірге зерттеу­шілер фитнестің арықтаумен байланысы жоқ екенін айтады. Бәрі тамақты мөлшерімен қабыл­дап, режимді баланста ұстаған жөн деп көрсеткен. Осыған ұқсас зерттеу жүргізуге, ғылыми мақала жазуға қыруар қаржы мен уақыт кетеді.

Ғылыми мақала демекші, АҚШ-тың ұлттық ғылым қоры әлем елдері арасындағы ғылыми мақала жазу рейтингін жасады. Нәтиже көрсеткендей, үздік көрсеткіш Қытайға тиесілі. Олар 2018 жылдан бастап жазылған ма­қала санын есептеген. Қытай барлығы 528 мыңнан астам ма­қала жазса, АҚШ 422 мың­нан аса жұмыс жинақтаған. Жаһан­дық үлеске шаққанда 5,31 па­йыз көрсеткішпен Үндіс­тан үз­дік үштікті түйіндеді. Атал­ған елдер­ден кейінгі орында Германия, Жапония, Ұлыбри­тания мен Ре­сей тұр. Нәтиже көр­сеткендей, ғы­лы­ми-зерт­теу жүргізіп, мақала жазу жер кө­лемі мен халық санына бай­ла­нысты емес. Егер сондай жүйе­ге негіз­делген болса, тізім басқа­ша түзілер еді. Айтпақшы, жоғары­дағы рейтингте Қазақстан 1 564 жарияланыммен 62-орында тұр.

Сондай-ақ 2018 жылы жасан­ды интеллектке қаржы бөл­ген компаниялардың 81%-ы Қытай мен АҚШ-та тіркелген. Ал жа­санды интеллект үшін па­тент­­ке өтінім берген үздік 20 ком­­­панияның 12-і Жапонияға, 3-еуі АҚШ-қа және 2-еуі Қытай­ға тиесілі. Аталған көрсеткіш жо­ғарыдағы баяндама тұжыры­мын айғақтайды. Ғылым мен техника өндірісі күресінде Қы­тай­дың алға жылжығанын, Жапо­нияның өркениет дамуына үлес қосарлық дүние игеріп жатқанын көрсетеді. Ұлттық ғылым кеңесінің тө­райымы Диана Сувейннің ай­туын­ша, жаһандық зерттеулер өсімі­нің үштен бірі – Қытай елінің еншісінде. Ал ғылыми-зерттеу ме­кемелері мен университет саны бойынша Жапония алда тұр. Бәсеке мен қарқынды даму болған жерде кез келген саланың ілгері басатыны анық. Сондықтан жоғарыдағы елдер ғылым мен техника күресінде тоқтамай келеді. Олар XX ғасырдың екінші жартысында басталған ғылыми-техникалық революция көшіне ілесіп қана қоймай, барынша жетілуіне жол ашады. Ғалым Александр Герберт 1965 жылы ғылыми-техникалық прогресс жөнінде болжам жасаған. Ол 20 жылдан кейін машинаның адам істей алмайтын істі атқара алатынын жазған. Алайда Гер­берт­тің айтқаны толығымен жүзеге асқан жоқ. Технология қа­рыш­тап дамып, ғылым жаңа ке­зеңге кө­терілгенімен, адамның ғана қолынан келетін кей нәрсені істей ал­майды. Қытай белгілі бір компаниясын тек роботпен басқарып, жұмыс істетуді қолға алды. Жұмыс күшін алмастырып, адам энергиясын сақтау жолында күш салып жатыр. Бұл – бәйге. Адамның ақыл-ойы мен техника мүмкіндігі сыналар жарыс. Қай елдің асығы алшысынан түсіп, еңбегі жанарына әуелі қаржы, сосын өнертапқыш идеясы әсер етеді. Темір сөйлеп, дрон көкке шолу жасағанымен, оның кілті – адамда! Ендеше технологияның қарыштап дамуын адам ғана биікке жеткізеді, төменге түсіретін де – өзі.    width= Айзат АЙДАРҚЫЗЫ