2020 жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға өседі. Яғни, театр артистерінің орташа жалақысы 231 мың теңге, ал кітапхана, музей және архив қызметкерлерінің еңбекақысы 164 мың теңге болады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы қаласындағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айтып, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шешім шығарған еді. Сөз барысында министр осы Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру жайына кеңінен тоқталды. Саланың дамуы үшін мамандардың әлеуметтік жағдайы жоғары болғаны маңызды. Сондықтан ұлттың өнері мен руханиятына еңбек сіңіріп жүрген мәдениет қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау арта беретінін жеткізді.
«Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жағдайын көтеру жоспарымыздың бір тармағы ғана. Қазір әлеуметтік жеңілдіктер мәселесі пысықталып жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі меморандумдар әзірлеп, әкімдіктерге жіберді. Оларды орындау үшін әлеуметтік қолдау шараларын, оның ішінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуды қамтитын салалық жоспар бекітілетін болады. Жастардың тұрғын үй алуы үшін 3 миллион 700 мың теңгенің көлеміндегі бюджеттік несие беріледі», – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Осыған дейін жазғанымыздай, еліміздегі әртүрлі сала мамандарының орташа есептік жалақысы 162 мың болса, мәдениет саласының мамандары одан 22 пайызға аз алады. Еліміздің түкпір-түкпірінде кітапханашылар – 43 мың, музей қызметкерлері – 45 мың теңге жалақымен де жан бағып жүр. Енді осы уақытқа дейін жанкештілік танытып, жақ ашпай келген мамандардың жалақысы жаппай өспей қала ма деген де қауіп бар. Өйткені Президент Жолдауына дейінгі министрліктің шешімі бойынша жалақысы өсетін 8 пайыз қызметкерлердің тізімінде 9 республикалық мекеме мен 33 мемлекеттік қазынашылық кәсіпорынның қызметкерлері – бар болғаны 42 ұйымның мамандары болды. Осыған дейін министрлік осы ұйымдарда жұмыс істейтін 5 399 қызметкердің айлығын көтеруді ғана жоспарлаған еді. Енді жалақы көтеру мәселесі Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған осы жоба бойынша жүзеге асып жүрмесе болғаны. Сала мамандары «Барлығымыздың еңбекақымыз бірдей көтеріліп, әлеуметтік көмек алу мүмкіндігіміз күшейсе» деген үміттің жетегінде жүр. Қанша рет қоғамдық талқылауға түссе де, бұл санаттағы қызметкерлердің мардымсыз жалақысы еш жоғарылаған жоқ. Сондықтан үш ай бұрынғы шешім күшін жойып, бұл жаңалық сала мамандарын жаппай жарылқаса игі. Бұған қоса, ауыл-ауылдағы есігі тарс жабылып қалған мәдениет үйлері мен кітапханалардың жұмысына жан бітіп, штаттық құрылымы артса деген де тілек бар.