«Кеш жарық Сауаташу Матем Орыс тілі Факултатив» Биылғы оқу жылы бастала салысымен WhatsApp топтар мен өзге де әлеуметтік желілерді аралап кеткен «приколдың» бірі – осы. Шамасы мұғалім ата-аналар отыратын топқа сабақ кестесін осылай жазған, ал кейбір ата-аналар оны түсінбей «кеш жарық деген не, оған да дәптер арнаймыз ба?» деп шулаған-мыс. Аяғында бұл «шу» WhatsApp-тағы басқа чаттарға салынып, одан өзге де желілер арқылы тұтас елге тарады.
WhatsApp демекші, қазір қалта телефонындағы осы бір қосымшасыз күніміз өтпейтіні рас. Таңертеңнен, түннің бір уағына дейін sms хабарламалар, әзіл-қалжың, бүгінгінің тілімен айтқанда, небір «хайптар» үсті-үстіне келіп жатады. Қарым-қатынастың бірден бір құралы да осы – WhatsApp. Расында әлеуметтік желілер мен гаджеттердегі қосымшалар адамның көңіл күйін, айтар ойы мен пікірін білдіретін ашық алаңға айналған. Десе де, ашық алаңда «ашық боламын деп тантық көрініп», тым еркінсіп кеткеніміз сонша желінің «жұртқа жаяр» және бір функциясын ескере бермейміз. Мәселен, әлеуметтік желіде болсын, WhatsApp, Messenger т.б. қосымшаларда болсын әр жазбадан адамның деңгей, қабілеті анық білініп жатады. Оған қысылудың орнына сауатты жазуға құлық танытпайтынымыз байқалып отыр. Оған бір мысал – жоғарыдағы сабақ кестесі. Ата-аналар тобына сабақ кестесін жолдаған мұғалімнің өзі айналдырған бес сөзде бір емес, үш қате жіберген. Яғни, «Кеш жарық» сөзінен кейін «!» белгісін қоймаған, «сауат ашу» пәнінің атауын қосып жазып, факультатив сөзінде жіңішкелік белгісін қоюды ұмытқан. Мұғалім сабақ кестесін асығыс отырып жазды деп ақтап алуға да болар. Алайда әлеуметтік желіге жазба қалдырғанда сауатына немқұрайлы қарап, қатемізді түзетудің орнына «етіміз өліп» бара жатқаны да шындық. Мұғалімнің сауаты демекші, жақында Алматыдағы бір колледжде тігін ісін үйрететін танысымнан мынадай әңгіме естідім. Колледж директоры мұғалімдерге оқу барысында қолданатын базалық материалдар тізімін «барқыт, атлас, сатин, велюр, хб...» деп ауызша айтып жаздырып жатса керек. Сөйтсе, жас мұғалімнің бірі хб (хлопчатобумажный, қазақша – мақта-мата) материалын алдындағы қағазға «қыбы» деп жазып қойыпты дейді. Яғни, естуі бойынша жазып тұр. Десе де, оқу бітіріп, тігін саласынан колледж оқушыларына сабақ беруге келген жас маман «хлопчатобумажный» сөзінің қалай дұрыс жазылатынын білмегені ғой. Ал ондай деңгейдегі ұстаз кімді оқытып қарық қылмақ?! Өкінішке қарай, сауатты жазу ісіне келгенде мұндай мысалдар көп кездеседі.
Қазақта «қатын өтірік айтпайды, қағыс естиді» деген сөз бар. Қазір көбіміз қағыс естігенімізді ақ-қарасын тексермей желіге жүктеп, жариялауды әдет қылып алдық. Жақында WhatsApp-тағы чаттар арқылы тағы бір әзіл тарады. Мұғалім оқушыларға тапсырма беріп, сөз орайы келгенде, «барлықтарыңның «құлақтарыңа алтын сырға» деген тұрақты тіркесті айтса керек, сөйтсе балалар дұрыс түсінбей үйге барғанда «мұғалім бізге алтын сырға тағып келіңдер деді» деп жеткізген. Оны естіген кейбір ата-аналар «алтын сырғаны қайдан тауып берем?» деп бірден шу шығарып, мектеп директорына дейін барыпты деп естідік. Міне, байыбына бармай, байбалам салудың мысалы.
Ресми деректерде ел тұрғындарының компьютерлік (цифрлық) сауатының деңгейі 76,2% деп көрсетілген. Бұл – үлкен көрсеткіш. Рас, цифрлық технология түрлерін жедел меңгеріп жатырмыз. Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қолымыздан гаджет түспейді, күніне бірнеше рет бармағымыз телефонның батырмасын баспаса, байыз таппайтын әдет таптық. Қазақстандық BRIF Research Group компаниясы 2018 жылдың қазан-қараша айларында сауалнама түрінде жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша, елімізде WhatsАpp қосымшасы – ақпарат алмасудың ең танымал көзінің бірі. Сауалнамада облыс орталықтары мен үш ірі қаладан барлығы 2 500 респонденттен жауап алынған. Белгілі болғандай, жауап берген қазақстандықтардың 77%-ы күнделікті өмірінде жоқ дегенде бір рет WhatsАpp қызметіне жүгінетінін айтса, 68%-ы оны күні бойы қолданамыз деп жауап берген. Кең қолданыстағы әлеуметтік желінің бірі – Instagram, сауалнамаға жауап берген әр үшінші адам (34%) Instagram-ды үнемі қолданатынын айтқан. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, тұрғындардың дені негізінен ойын-сауықтық, көңіл көтеретін контентті тәуір көреді, көбі «хайп» жаңалықтарды оқып, бір-біріне қосымшалар арқылы «лақтыруға» бейіл.
Сондай-ақ елімізде ресейлік әлеуметтік желілер де кең қолданыста. Біздің азаматтардың 40%-дан астамы «ВКонтакте», 30%-ы «Одноклассник» желісіне тіркелгені анықталған.
Ал Facebook мен Telegram желісі алдыңғыларына қарағанда азырақ көрсеткішке ие. Алғашқысын отандастарымыздың 20%-ы қолданғанымен күн сайын 8%-ы ғана кірсе, Telegram пайдаланушы қазақстандықтар саны 10%-дан аса қоймайды.
Иә, әлем қазір төртінші өндірістік революцияға аяқ басты. Ғаламтор, технология дәуірі. Бұл жаңалықтан біздің мемлекетіміз де тысқары емес. Елімізде 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Бұл ақпараттық-коммуникациялық ортаны дамытып, IT инкубаторлар, электронды мемлекеттік қызмет, киберқауіпсіздік, сандық кітапхана, блокчейн технология және басқа да цифрландыру салаларын қамтымақ. Прогрессивті қоғам дамуының алғашқы шарты – жақсы білім, сауаттылық десек, әлеуметтік желіге сауатты жаза білу де заман талабы екені анық.