Жемқорлықпен күрес күшейеді
Жемқорлықпен  күрес күшейеді
332
оқылды

Nur Otan партиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайластыққа қарсы күш біріктіреді. Тараптар бірлесіп, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алу үшін ауқымды жұмыс бастамақ.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл – Nur Otan пар­­тиясы үшін басым бағыттар­дың бірі. Партия жанындағы қоғамдық кеңестер сыбайлас жем­­қорлықтың кез келген көрі­нісіне төзбеушілік ахуа­лын қалыптастыруға жұмылды­рыл­ды. Партия бұл індетпен осы­ған дейін де жүйелі түрде күре­сіп келді. Дегенмен бұл жолы партия жанындағы жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс әдісі мен үлгісін жақсарту үшін нақты мақсат қойылып отыр.

Осы орайда Nur Otan пар­тиясы мен Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа қарсы қоғамды жұмылдыру мен осы бағыттағы саясатты жаңғыртудың басым бағыттарын талқылады. Nur Otan партиясының хатшысы Марат Сембековтің айтуынша, ең алдымен қоғамдық кеңестің кадрлық әлеуеті айтарлықтай күшейтіледі. Орталық және өңірлік деңгейдегі кеңесте жұмыс істейтін мамандар мінсіз беделге ие, шешім қабылдағанда ұстанымына берік, адал әрі объективті болуы шарт. Бұл жерде сыбайластықпен күрестің сингапурлық тәсілін мысалға алуға болады. Сингапурда бұл індетпен күресуде нақ осы салада жұмыс істеген маман­дардың жауапкершілігі мен өз ұс­танымына беріктігінің арқа­сында жақсы нәтижеге қол жеткен. Сондықтан жемқор­лық­пен күресетін кеңестің құрамына кіретін кадрларды іріктеудің тиімді жүйесі енгізіледі.

– Екіншіден, барлық дең­гей­дегі кеңес жұмыс барысында барынша жариялылық пен есеп беруді негізге алады. Бұл ту­ра­сында біз тағы да шетелдік тәжірибеге иек арта аламыз. Мәселен, АҚШ, Нидерланд, Гер­мания сияқты әлемнің көп­теген алдыңғы қатарлы елде­рінде жемқорлыққа қатысты материалдар, егер оның ұлттық қауіпсіздікке қатысы болмаса, міндетті түрде жарияланады, – дейді партия хатшысы.

Сондай-ақ Марат Сембеков кеңестің мониторинг және тал­дау жүргізу жұмыстары күшей­тіліп, тұрмыстық сипаттағы жемқорлықпен күресу мен оның алдын алуға басымдық берілетініне тоқталды.

Өз кезегінде Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының бірінші орын­басары Олжас Бектенов сы­бай­лас жемқорлықпен кү­ре­су­ге қоғамды жұмылдыру – осы бағыттағы заманауи сая­сат­ты жаңғыртудың басымдық­тарының бірі екенін айтты.

– Агенттік өз жұмысын үкі­меттік емес ұйымдармен, аза­маттық қоғам өкілдерімен тығыз әрекеттестікте жүргізуде. Біз еліміздің жетекші саяси күші – Nur Otan партиясымен тиімді ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлеміз, –  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Айта кетейік, партияның Jas Otan Жастар қанаты да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске атсалысуда. Мәселен, «Таза сессия» жыл сайынғы акциясы оқу орындарындағы академиялық адалдық қағи­даларын нығайтудың жақсы дәстүріне айналды. Акция бары­сында жүргізілетін сауал­на­ма студенттердің көңіл күйін бағалауға, жоғары оқу орнын­дағы немесе колледждегі сы­бай­лас жемқорлықты анық­тау­ға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар Jas Otan-ның қолдауы­мен оқу орындарының жатақ­ха­наларында бөгде адамдардың заңсыз тұруына мониторинг жүргізіледі. Былтыр осындай 84 жағдай анықталып, тиісті шара қолданылды. Таяуда ғана агенттік пен Jas Otan Жастар қа­наты арасында жемқорлықпен күресуде бірлесіп жұмыс істеудің негізгі бағыттары белгіленген меморандумға қол қойылды.

Бүгінде орталық және ай­мақтардағы мемлекеттік орган­дарда «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері құрылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелінің картасы жасалып жатыр.

 

Клара НАҚЫП