Еңбегі еленген ғалым
Еңбегі еленген ғалым
320
оқылды

Алматы қаласында «Қазақстандағы XXI ғасыр құрылыс индустриясы: жетістіктер мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Беркімбай Пәрімбетовтің 90 жылдығына орай ұйымдас­ты­рылды.

Ол – Ұлттық инженерлік ака­­­­­демияның іргетасын қа­лау­­­шы­лар­дың бірі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құры­лыс­­шысы, еліміздің құрылыс ин­дуст­риясының мықты ұйы­м­дас­тыру­шысы, мемлекет және қоғам қай­раткері.

Ұлттық инженерлік академия, Қазақ бас сәулет-құрылыс акаде­миясы, Қазақ құрылыс және сәу­лет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, KAZGOR жо­балау академиясы, Құрылыс ма­териалдары және жобалау ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Парламент Сенатының де­путаты, академик Бақытжан Жұмағұлов төрағалық етті. Іс-шараға қазақстандық ғалымдар, жобалық құрылыс кешенінің мамандары, сәулет-құрылыс жо­ғары оқу орындарының про­фессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар мен студенттер және Ресей ғалымдары қатысты. Бас­қосу барысында құрылыс ма­териалдары, бұйымдар мен кон­струкцияларды дамыту, құрылыс индустриясы үшін кадрларды даярлау, қайта даярлау және бі­лік­т­ілігін арттыру мәселелері тал­қыланды. Сондай-ақ құры­лыс технологиялары мен кон­струкциялардың қауіпсіздігі мәселелері, жаңа технологияларды қолдана отырып ғимараттар мен құрылыстарды жобалау мәселелері көтерілді. Ал мазмұны өзекті мәселелерді қамтыған мақалалар мен пленарлық баяндамалар «ҚР ҰИА хабаршысы» журналының арнайы шығарылымында жарық көреді.

Беркімбай Пәрімбетұлы – артына жарық із қалдырып аққан жұлдыз. Ол – еліміздің өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген, құрылыс саласының дамуына жол ашқан, талай шәкіртке жөн сілтеп, жол көр­сеткен есімі естен кетпес ұлы тұлға.

Беркімбай Пәрімбетов екі рет Қазақ КСР құрылыс мате­риалдары өнеркәсібі министрі болып, салаға бірталай өзгерістер енгізді. Оның басшылығымен елімізде 20-дан астам кәсіпорын іске қосылды. Білікті басшының жүргізген саясаты мен адал ең­бегінің арқасында еліміз өзін не­гізгі және жаңа құрылыс ма­териалдарымен қамтамасыз ете бастады. Сондай-ақ ол Қа­зақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігінің басшысы қызметін атқарып, республикамызды КСРО Үкіметіне таныта білді.

Беркімбай Пәрімбетұлы уа­қыт тапшылығына қарамастан, әрдайым өзінің негізгі қызметін ғылыми ізденістермен ұштастыра білді. Оның жетекшілігімен 20 ғылым кандидаты және 4 ғылым докторы дайындалды. 20 жылдан астам уақыт Бүкілодақтық «Строи­тельные материалы» журналының редакция алқасының мүшесі болып, әлемдік сәулет құрылыс ғы­лымының дамуына зор үлес қосты.

Көп жылғы зерттеулерінің нәтижесі 1979 жылы «Строи­тель­ные материалы из минеральных отходов промышленности» атты монографиясында жинақталды. 1980 жылы «Бокситовые шламы – сырье для производства авток­лав­ных бетонов» атты еңбегі жарық көр­ді. Беркімбай Пәрімбетұлы 120-дан астам ғылыми мақаланың авторы. Оның керемет ғылыми ең­бектері және оларды өндірісте қолдануда биік жетістіктері болды. Сол үшін КСРО Министрлер Кеңе­сі арнайы сыйлығының ие­гері атанды.

Есімі тарихта алтын әріптермен жазылған мұндай тұлғалардың көзін көріп, дидарласқан жандар Беркімбай Пәрімбетұлын асқан құрмет, үлкен сағынышпен еске алады. Солардың бірі – Ұлттық инженерлік академияның бірінші вице-президенті, академик Нәдір Нәдіров. Ғалымның айтуынша, Б.Пәрімбетов сабырлы, төзімді, еңбекқор және мейірімді болған. Әдеттегі құрылыс сала­сының мамандарына тән дөрекілік пен дарақылық ол кісіге жат қылық еді. Нәдір Кәрімұлының жадында Беркімбай Пәрімбетұлы зиялы қауым өкілі, нағыз ер-аза­матқа тән асыл қасиеттерді тұла бойына жинаған ардақты азамат ретінде сақталып қалған. Оның адами қасиеттері өз ісіне деген адалдығымен астасып, та­лай лауазымды қызметтерді абыроймен атқаруына септігін тигізгені сөзсіз.

Бүгінгі таңда құрылыс инвес­ти­ция үшін тартымды сала ретінде ел экономикасының қарқынды дамуына айтарлықтай ықпалын тигізіп отыр. Үкімет отандық құ­рылыс индустрия­сының дамуына, оның ішінде осы саладағы заманауи техно­логиялық шешімдердің қа­был­­дануына ерекше маңыз бе­ре­ді. Бұл сала Төртінші ин­дус­триялық революция аясында да көптеген жұмыстар атқарып келеді. «Қазақстандағы XXI ғасыр құрылыс индустриясы: жетіс­тіктер мен болашағы» ғылы­ми кон­фе­ренциясын солар­дың бірі ре­тінде атап өтуге болады.

Биыл «Жастар жылы» болған­дықтан, еліміздің әр саласына жастарды жұмылдыру саясаты қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы­ған байланысты Ұлттық ин­женерлік академияның атқарып жүрген жұмыстарының маңызы зор. Құрылыс саласындағы Бер­­­кімбай Пәрімбетұлы сын­ды алдыңғы буын ғалым аға­лары­мыздың еңбектері жас ға­лымдардың жаңаша ізде­ніс­те­ріне арқау болып отыр. Бас­тысы – ҚР ҰИА аға буын өкіл­дері саналатын ға­лымдар мен ғылымға жаңадан қадам басқан жастар арасындағы алтын көпір. Б.Пәрім­бетовтің мерейтойына орай ұйымдастырылған кон­фе­ренцияға қатысып, белсенділік танытқан университет сту­дент­тері бұл сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. Осындай маңызды мәселелер қамтылған шаралар елі­міздің дамуына, құрылыс ин­дустриясының өркендеуіне, жас­тарды ғылым-білімге баулуға зор септігін тигізетіні сөзсіз.


Гүлнар ТӘЖИЕВА