Алматы қаласында «Қазақстандағы XXI ғасыр құрылыс индустриясы: жетістіктер мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Беркімбай Пәрімбетовтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Ол – Ұлттық инженерлік академияның іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы, еліміздің құрылыс индустриясының мықты ұйымдастырушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.
Ұлттық инженерлік академия, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, KAZGOR жобалау академиясы, Құрылыс материалдары және жобалау ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Парламент Сенатының депутаты, академик Бақытжан Жұмағұлов төрағалық етті. Іс-шараға қазақстандық ғалымдар, жобалық құрылыс кешенінің мамандары, сәулет-құрылыс жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар мен студенттер және Ресей ғалымдары қатысты. Басқосу барысында құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкцияларды дамыту, құрылыс индустриясы үшін кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ құрылыс технологиялары мен конструкциялардың қауіпсіздігі мәселелері, жаңа технологияларды қолдана отырып ғимараттар мен құрылыстарды жобалау мәселелері көтерілді. Ал мазмұны өзекті мәселелерді қамтыған мақалалар мен пленарлық баяндамалар «ҚР ҰИА хабаршысы» журналының арнайы шығарылымында жарық көреді.
Беркімбай Пәрімбетұлы – артына жарық із қалдырып аққан жұлдыз. Ол – еліміздің өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген, құрылыс саласының дамуына жол ашқан, талай шәкіртке жөн сілтеп, жол көрсеткен есімі естен кетпес ұлы тұлға.
Беркімбай Пәрімбетов екі рет Қазақ КСР құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі болып, салаға бірталай өзгерістер енгізді. Оның басшылығымен елімізде 20-дан астам кәсіпорын іске қосылды. Білікті басшының жүргізген саясаты мен адал еңбегінің арқасында еліміз өзін негізгі және жаңа құрылыс материалдарымен қамтамасыз ете бастады. Сондай-ақ ол Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігінің басшысы қызметін атқарып, республикамызды КСРО Үкіметіне таныта білді.
Беркімбай Пәрімбетұлы уақыт тапшылығына қарамастан, әрдайым өзінің негізгі қызметін ғылыми ізденістермен ұштастыра білді. Оның жетекшілігімен 20 ғылым кандидаты және 4 ғылым докторы дайындалды. 20 жылдан астам уақыт Бүкілодақтық «Строительные материалы» журналының редакция алқасының мүшесі болып, әлемдік сәулет құрылыс ғылымының дамуына зор үлес қосты.
Көп жылғы зерттеулерінің нәтижесі 1979 жылы «Строительные материалы из минеральных отходов промышленности» атты монографиясында жинақталды. 1980 жылы «Бокситовые шламы – сырье для производства автоклавных бетонов» атты еңбегі жарық көрді. Беркімбай Пәрімбетұлы 120-дан астам ғылыми мақаланың авторы. Оның керемет ғылыми еңбектері және оларды өндірісте қолдануда биік жетістіктері болды. Сол үшін КСРО Министрлер Кеңесі арнайы сыйлығының иегері атанды.
Есімі тарихта алтын әріптермен жазылған мұндай тұлғалардың көзін көріп, дидарласқан жандар Беркімбай Пәрімбетұлын асқан құрмет, үлкен сағынышпен еске алады. Солардың бірі – Ұлттық инженерлік академияның бірінші вице-президенті, академик Нәдір Нәдіров. Ғалымның айтуынша, Б.Пәрімбетов сабырлы, төзімді, еңбекқор және мейірімді болған. Әдеттегі құрылыс саласының мамандарына тән дөрекілік пен дарақылық ол кісіге жат қылық еді. Нәдір Кәрімұлының жадында Беркімбай Пәрімбетұлы зиялы қауым өкілі, нағыз ер-азаматқа тән асыл қасиеттерді тұла бойына жинаған ардақты азамат ретінде сақталып қалған. Оның адами қасиеттері өз ісіне деген адалдығымен астасып, талай лауазымды қызметтерді абыроймен атқаруына септігін тигізгені сөзсіз.
Бүгінгі таңда құрылыс инвестиция үшін тартымды сала ретінде ел экономикасының қарқынды дамуына айтарлықтай ықпалын тигізіп отыр. Үкімет отандық құрылыс индустриясының дамуына, оның ішінде осы саладағы заманауи технологиялық шешімдердің қабылдануына ерекше маңыз береді. Бұл сала Төртінші индустриялық революция аясында да көптеген жұмыстар атқарып келеді. «Қазақстандағы XXI ғасыр құрылыс индустриясы: жетістіктер мен болашағы» ғылыми конференциясын солардың бірі ретінде атап өтуге болады.
Биыл «Жастар жылы» болғандықтан, еліміздің әр саласына жастарды жұмылдыру саясаты қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Ұлттық инженерлік академияның атқарып жүрген жұмыстарының маңызы зор. Құрылыс саласындағы Беркімбай Пәрімбетұлы сынды алдыңғы буын ғалым ағаларымыздың еңбектері жас ғалымдардың жаңаша ізденістеріне арқау болып отыр. Бастысы – ҚР ҰИА аға буын өкілдері саналатын ғалымдар мен ғылымға жаңадан қадам басқан жастар арасындағы алтын көпір. Б.Пәрімбетовтің мерейтойына орай ұйымдастырылған конференцияға қатысып, белсенділік танытқан университет студенттері бұл сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. Осындай маңызды мәселелер қамтылған шаралар еліміздің дамуына, құрылыс индустриясының өркендеуіне, жастарды ғылым-білімге баулуға зор септігін тигізетіні сөзсіз.
Гүлнар ТӘЖИЕВА