Қорғаныс министрлігінің 7 лауазымды тұлғасы сотталды
Қорғаныс министрлігінің 7 лауазымды тұлғасы сотталды
5,198
оқылды
Биыл Қорғаныс министрлігі саласында жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны артқан. Бұл туралы Antikor News жобасының тікелей эфирінде белгілі болды.
«Биыл Қорғаныс министрлігі саласында жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны артқанын атап өткен жөн. Осы жылдың 7 айында 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыстық істердің саны 11-ден 31-ге дейін үш есеге артты. Оның ішінде: 22-сі (2019 ж. 7 айда - 9 іс) сотқа жіберіліп, Қорғаныс министрлігінің 7 лауазымды тұлғасы сотталды.», - дейді Агенттіктің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов.
Ол өткен аптада ҚР Қорғаныс министрлігінің кадр қызметінде жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілері анықталғанын айтты. «Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы Қорғаныс департаментінің бөлім бастығы мен Алматы қаласы Полиция департаментінің инспекторына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Олар адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы әскери қызметке жарамсыз ретінде әскери билет беруге жәрдем көрсету сылтауымен әскерге шақырылушыдан 1 мың АҚШ долларын құрайтын ақшалай қаражатты алдап алған. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында бөлім бастығы іссапарға жіберілген инспектор арқылы 1000 АҚШ доллары сомасындағы ақша қаражатын алу фактісі құжатталды. Күдіктілерге қатысты процессуалдық ұстау шарасы кінәсін толық мойындауға байланысты қолданылған жоқ», - дейді ол. Еске сала кетсек, бүгін Antikor News жобасының тікелей эфирінде ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды іске асыру туралы айтылды.