Швеция мешіттерінің біраз бөлігі Түркияға бағына ма?
Тарихқа сенсек, Швецияға мұсылмандардың иммиграциясы 1960 жылдардан басталып, бүгінде жалпы халықтың 8 пайыздан астам үлесін құрайды. Бұл Скандинав елінде негізінен Ирак, Иран, Босния мен Герцеговина, Косово, Сирия, Сомалиден келген мұсылмандар тұрады. Сондай-ақ соңғы онжылдықта Түркия мен Ливанның азаматтары да тұрақтап жатыр. Швецияның демографиялық ахуалы мәз емес. Халық саны 10 млн-нан асса да, елдің 22 пайызын не иммигранттар, не олардың ұрпағы құрайды. Кезінде Pew Research Center Швециядағы мұсылмандар санын 810 мың адам деп анықтап, 2050 жылға дейін миграцияның үш түрлі сценарийін болжаған еді. Оған сәйкес, нөлдік миграция жағдайында 30 жылдан кейін Швеция мұсылмандарының саны – 1 130 000 адам (халықтың 11,1 пайызы), орта миграцияда – 2 470 000 адам (халықтың 20,5 пайызы), жоғары миграцияда 4 450 000 адам (халықтың 30,6 пайызы) болады деп дабыл қағады. Швеция билігін алаңдатқан тағы бір мәселе – жергілікті мұсылмандардың діни білімді исламның уаһһабиттік бағытын ұстанатын Медина университетінен алуы. Бұл университеттерде әйелдер мен мұсылман емес азаматтарға оқуға тыйым салынғандықтан, швед билігі оларды демократиялық құндылықтарға қарсы деп, шетелдік гранттарға тыйым салды. Бұдан тыс Швецияның онға таяу мешітінің имамдарын Түркияның дін істері жөніндегі басқармасы тағайындайтыны белгілі болған. Бұл мешіттерде діни уағыздан бөлек, түрік президенті Эрдоғанның да саясаты насихатталады екен. Бүгінде Еуропада мұсылман әйелінің туу көрсеткіші – 2,2, ал еуропалық әйелдікі – 1,4-1,5. Демографтар мұсылмандардың туу көрсеткішінің демографияға тұрақты түрде оң әсер ететінін алға тартады. Еуропаның «кәрі құрлық» деп аталуының тағы бір астары – байырғы халықтың тез қартаю процесі. Есесіне, Еуропадағы мұсылмандардың төрттен бір бөлігін 15-29 жас аралығындағы жастар құрайды. Болжам бойынша, алдағы жылдары Франция, Германия мен Нидерландыдағы 11,3 млн мұсылман 16,4 млн адамға дейін артуы мүмкін. Еуроодаққа Түркияның кіруіне рұқсат бермеуінің бірден-бір себебі – исламизация үрдісінің күрт артуынан сескенуі. Егер 82 млн азаматы бар Түркия Еуропалық Одақтың мүшесі атанса, ол халқының саны бойынша ең ірі еуропалық мемлекет – Германиядан кейін 2-орынға көтеріліп, тіпті елдегі мұсылмандану процесін жылдамдатып, еуропалық құндылықтар – демократия, сөз бостандығы, гомосексуалды некелердің құлауына әкеп соғады деп қорқады сарапшылар. Америкалық ғалымдардың есебі бойынша, 2030 жылы Францияда – 6,9 млн, Германияда 5,5 млн мұсылман тұруы ықтимал. Мұсылмандары ең көп еуропалық қалаларға – Париж бен Лондон жатады. Париж мұсылмандары 2 млн адамға таяса, Лондонда 1 млн-нан асқан. Еуропалық сарапшылар әлем астаналарының мұсылмандануынан да қауіп көреді.ПЕГИДА қозғалысы – фашизмді қайта түлете ме?
Еуропаның мұсылмандануына қарсы қозғалыстар күн санап радикалды идеологияға бой алдырып жатыр. Оның ішінде ең ірі қозғалыс – ПЕГИДА, яғни Батыстың мұсылмандануына қарсы патриот еуропалықтардың қозғалысы. 2014 жылы Германияның Дрезден қаласында пайда болған ұйым неміс үкіметінің иммиграциялық саясатына қарсы шығып, радикалды үндеулер таратып келеді. Негізін қалаушы Лутц Бахманның үндеулері 2016 жылдан бері Германияның аясынан шығып, еуропалық деңгейде насихатталып жатыр. Өз үндеулерінде олар христиандық Германияны босқындардан «тазалау» қажетін талай мәрте көтерген. Бұл қозғалыс немістің көші-қон саясаты Нидерланды мен Швейцарияның босқындарды қабылдау бағдарламаларынан үлгі алуы керек деген пікірде. Бұл елдерде сырттан келген босқындардың жергілікті мәдениетке сіңісуі, интеграциясы қатты қадағаланады. Сондай-ақ бұл қозғалыс өкілдері өз елдерінде қылмыстық жазаға тартылған иммигранттар мен босқындарды елге кіргізбеу керек деп санайды.