15 қыркүйек күні кешкісін Шамалған стансасы аумағында пойыз теміржол өткелінде тұрған автобуспен соқтығысты. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жолаушылар автобусы пойыз келе жатқанда теміржолдың үстінде тұрған. Машинист сигнал бергенімен, автобус орнынан қозғалған жоқ. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, теміржол өткелі маңында көлік кептелісі болған.
Осы оқиғаға байланысты Президент Алматы облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, тергеу жұмыстары басталғанын жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы теміржол өткелінде болған апатқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. «Алматы облысы Ақсеңгір – Шамалған теміржол өткелінде пойыз автобуспен соқтығысты. Автобуста 67 адам болған. Бір адам көз жұмды, жарақат алғандар бар. Туған-туыстарына көңіл айтамын. Тергеу жұмысы басталды», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
Жалпы, мұндай оқиғалар елімізде соңғы жылдары көп қайталануда. Теміржол өткелдерінде көлік кептелісін реттеудің де кезі келген секілді. Өйткені бұрындары өткелдердің біразы күзетілетін. Ол жоғарыдағыдай қайғылы оқиғаның алдын алуға көп себеп еді. Мұндағы тағы бір мәселе – қоғамдық және жеке көлік жүргізушілерінің көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі дейді мамандар.
Бүгінгі күні «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ филиалы, Жүк тасымалы Жамбыл бөлімшесі мен Жамбыл магистральды желі бөлімшесіне қарасты өңірде 74 теміржол өткелі бар. Оның 27-сі ғана күзетіледі. Бұрынғыдай біраз өткелдердегі шлагбаумдар алынып тасталған. Яғни, автоматты түрде басқару жоқ.
– Жоғарыда атап өткен өткелдердің қатарында Бурыл – Жаңатас және Жам-был – Шу теліміндегі теміржол өткелдері күзетілмейді. облыс орталығындағы екі-үш өткел ғана күзетіледі. Оларды өткел күзетуші-кезекші және «Әскериленген теміржол күзеті» АҚ Жамбыл филиалының сарбаздары күзетеді. Тараз қаласында көлік жүргізушілері үшін үлкен мәселе тудырып отырған «Қаратау өткелі», 5 шақырым – «Ауыл береке» базары мен 11 шақырым Асқаров көшесінің соңындағы орталық базарға баратын өткелдер мен облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы өткел күзетілмейді. Сондай-ақ 28 шақырымдағы Жамбыл – Талас бағытындағы өткел мен Қант зауытына баратын өткелде күзет бар. Бұл өткелдердегі үлкен мәселе – адами фактор. Жаяу жүргінші көп. Сол жағын да ескеріп отырмыз. Ал осы мәселе бойынша, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басшылығы мен Жамбыл облысының әкімдігіне бірнеше рет хат түсірдік. Әлі тұщымды жауап болмай отыр, – дейді Жамбыл магистральды желі бөлімшесі жол бөлімінің басшысы Ермек Мұсабеков.
Біз жоғарыда сөз еткен мәселе бойынша, көлік жүргізушілердің мәдениеті де мәселеге айналған. Жамбыл жол дистанциясының бас инженері Ғалымбек Батырбеков аймақтағы теміржол өткелдерінде көлік жүргізушілері жол белгілерін ескере бермейтінін алға тартады. Біз жоғарыда сөз еткен Ақсеңгір – Шамалған теміржол өткелінде пойыздың автобуспен соқтығысуында осы фактор себеп болып отыр. Автобус жүргізушісі бағдаршамды елемей, теміржол өткеліне шығып кеткен. «Егер жүргізуші жол ережесін сақтағанда, қайғылы оқиға болмайтын еді» дейді мамандар.
– Тура осындай жағдай 2013 жылы бізде де болды. Ол жолы жедел жәрдем көлігі асығамын деп телімнің бойына шығып кетіп, пойызбен соқтығысты. Бұл жерде көлемді шығын болат жолдың бойындағы қозғалысқа келіп отыр. Бір құрамда кемі жеті-сегіз вагон болса, ұлттық компания әжептеуір шығын көреді. Қозғалыс қауіпсіздігін ескеруде жүргізушілердің асығыстығы және жол белгілерін елей бермеуі осындай келеңсіздіктерге алып келеді. Өткен жылы ғана Жүк тасымалы Жамбыл бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың бастамасымен Жергілікті жол-патрульдік полициясының қызметкерлері күз айларында бірнеше рет рейд өткізді. Сол жолы біз сөз еткен «Қаратау өткелі», 5 шақырым «Ауыл береке» базары мен Асқаров көшесінің соңындағы 11 шақырымдағы өткелдерде жүргізушілерге жол ережесін бұзғаны үшін бірнеше хаттама толтырылды. Биыл біздің бөлімшеде көлік пен пойыздың соғысу оқиғасы болған жоқ. Ал біздің тарапымыздан теміржол өткелдерінде теміржолдың қауіпті аймақ екені жөнінде арнайы баннерлер ілініп, жергілікті БАҚ беттерінде хабарландырулар беріліп отыр. Дегенмен Жергілікті полицияның жол-патрульдік қызметі арқылы бірлесе жұмыс жүргізе береміз, – дейді Жамбыл жол дистанциясының бас инженері Ғалымбек Батырбеков.
Жамбыл облысы