Ажал айтып келмейтінін білсек те, өзгелерге ажал төндіретіндер барын және олар түрмеге отырмайтынын ескеріп жүру керек болды. Бұған жаяу жүргіншілер жолында университетіне алаңсыз кетіп бара жатқан жасты қағып өлтірген көлік жүргізушісіне сот шешімімен жеңіл жаза берілгендігі сабақ болып отыр. Атыраулықтар сол күнгі жантүршігерлік жол-көлік оқиғасын әлі ұмытқан жоқ. Университет студентін жүргіншілер жолағында кетіп бара жатқан сәтінде жарыса жүйткіген екі көліктің бірі қағып, бірнеше метр жерге ұшырып жіберген және оның бір аяғының денесінен бөлініп жатқаны туралы ақпарат пен сол маңдағы камера түсірген бейнежазбалар әлеуметтік желіде жарияланды. Өтуге болмайтын жерден өтсе бір жөн, өз жолымен сабағына бет алған жас азаматтың осыншама аяусыз жантәсілім етуі жұртшылықтың ашу-ызасын келтірді. Ал Атырау қалалық №2 сотында жасөспірімді қағып өлтірген көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталып, үкім жарияланғанда жұртшылық тағы да сот шешімімен келіспейтінін жазып, әлеуметтік желіде қарсылығын білдірді. Қалың жұртшылықтың келіспейтіндей себебі бар. Біріншісі, жасөспірімді қағып өлтірген көлік жүргізушісіне берілген жаза – тым жеңіл жаза. Екіншісі, жолда жарысуға себеп болған автокөлік жүргізушісінің жазадан тыс қалып, тек әкімшілік жауапқа тартылуы. Атырау қаласының №2 сотында Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен сотталған көлік жүргізушісі сот отырысында өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінді. Сотталушының отбасы жол-көлік оқиғасынан көз жұмған жасөспірімнің отбасын қолдап, жастықпен абайсызда болған қайғылы оқиға үшін кешірім сұрағаны да айтылды. Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, қайтыс болған жасөспірімнің әкесі сотталушы азаматтың туысқандары келтірілген мүліктік және моральдық зиянды толық өтегенін, оған кешірім бергенін айтып, оған заң талаптарына сәйкес жаза тағайындауды сұрады. Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасына сотталды. Нақты айтқанда, сотталушыға ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде (қоныс колониясы) 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сайып келгенде, сот үкімімен жәбірленуші жақ ішінара келіскенмен де, сотталушының қаланың қақ ортасында машинаның жылдамдығын арттырудың қауіпті екенін біле тұра, сағатына 145 шақырым жылдамдықпен жүруіне себепші болды деген «Мерседес» жүргізушісін де қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап ететінін айтты. Яғни, қоғамдық пікір тудырып отырған да осы жайт. Бейнетаспада қала көшесінде жарыс ұйымдастырып, кісі өліміне себепші болған оқиғаны көргендер жас өмірді қыршынынан қиған оқиғаға себепкер болған көлік жүргізушілерінің біріне берілген жаза жеңілдігін, ал екіншісінің оңай құтылып кетуіне келіспей, заңмен жазалануын сұрап отыр. Сот үкімі заңды күшіне енбегенін ескеріп, жәбірленуші мен қоғамда талқыға түскен жайттар ескерілсе ғана көлікті басқарушылар адамдардың қауіпсіздігін ойлар деген үмітіміз бар. Себебі елімізде табиғи өлімнен гөрі жол-көлік апатынан көз жұмғандар саны көбейіп отыр. Жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың мерт болу факторы автокөліктер санының өсуімен бірге шарықтап барады. Жол-көлік апатынан жарақат алғандар саны еселеніп отыр. Ал қаза тапқандардың басым бөлігі – жұмысқа қабілетті жаста.
Жол-көлік оқиғасының орын алуына негізі фактор – жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақтамауы, ішімдік ішіп жолға шығуы және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі. Көлік тізгіндегендер төрт дөңгелекпен адамдарды жайратып, жаяу жүргендер жолда сақтық шараларын сақтамай қайғылы оқиғаларға себеп болуда. Жалпы, бізге заңсыздыққа жол беріп, барлық жағдайды ақшамен шешеміз деген ойдан арылмайынша, мәдениетті болуға өз-өзімізді тәрбиелемейінше, жолда тағдырлар қиыла берерін санаға тоқитын уақыт жетті. Үйінен аман шыққан адам үйіне аман оралсын десеңіздер, сақтықты ұмытпайық!Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі берген мәліметте, өткен жылы Атырауда 307 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 65 адам қайтыс болып, 424 адам дене жарақатын алғаны көрсетілген. Биыл жыл басынан бері 11 жол-көлік оқиғасы болып, 3 адам көз жұмып, 15 адам дене жарақатын алған. Тағы бір назар аударарлық жайт, Атырауда көлік басқаратын бір адамның 65 рет жол ережесін бұзып, 800 мың теңгеден аса айыппұл төлегені мәлім болып отыр. Көлік тізгіндегеннің барлығы дерлік көлік жүргізу мәдениетінен жұрдай деп пайым жасауға болмайды. Дегенмен еліміздегі жол-көлік оқиғасын болдыртпаудың сан-салалы тәсілдері Атырауда да жүзеге асып отыр. Бірнеше ондаған бейнекамералар, қалада жүруге болатын максималдық жылдамдық, жолдағы арнайы жолақтар, «Сергек» камералары да орнатылған. Қала көшелері де жыл сайын көлік нөпірі мен жол-көлік оқиғасын болдырмау мақсатында кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өтіп жатыр.