740 мыңға жуық азамат Үкіметтің қолдау шараларын сезінді
740 мыңға жуық азамат Үкіметтің қолдау шараларын сезінді
Фото ашық дереккөзден алынды
236
оқылды
Үкіметтің қолдау шараларының арқасында жүйеден «тыс қалған»  740 мыңға жуық азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне ие болды». Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады. МӘМС жүйесі бойынша жеңілдік кезеңінен кейінгі жайларға талдау қорытындысы көрсеткендей, тұрғындардың «сақтандырылған» мәртебесінің болмауының негізгі себебі – жеңілдік санатындағы азаматтардың 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуі. Осыған байланысты ақпарат жүйелері ол азаматтарды автоматты түрде БЖТ төлеушілер санатына ауыстырды. Сәйкесінше, олар Saqtandyry дерекқорындағы  жеңілдік санатындағылар тізімінен «шығып қалды». Сондай-ақ, еліміздегі төтенше жағдай кезінде жарна аударымдарында үзіліс болған жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар МӘМС жүйесінен тыс қалған болатын.

Осыған байланысты, Үкімет мынадай шараларға қолдау көрсетіп отыр:

- жұмыскерлер соңғы 3 айда кемінде 1 рет төлем жасаған болса, және олардың жыл басынан бері төлемдер бойынша берешектері 2 айдан аспаса, МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебелері қалпына келтіріледі;

- жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, соңғы 3 айда төлем болған жағдайда, жыл басынан бері төлемдер бойынша берешектері 2 айдан аспаса (Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми ақпаратына сәйкес, олар қызметін тоқтатқан жағдайда), сақтандырылған мәртебесін алады;

- Төтенше жағдай кезінде бірыңғай жиынтық төлем жасаған  жеңілдік санатындағылардың төлемі есепке алынбайды және олардың сақтандырылған мәртебелері автоматты түрде қайтарылады;

- COVID-19-ға қарсы күрес аясындағы шектеу шараларына байланысты жұмыскерлердің ақысыз еңбек демалыстарына шығуға мәжбүр болған кезеңдері берешек ретінде есепке алынбайды. Бұл ретте табысынан айырылуына байланысты біржолғы әлеуметтік төлем (42500 теңге) алуы табыссыз қалғанына дәлел болады.

Бұл шаралар еліміздегі 740 мыңға жуық адамды медициналық сақтандыру жүйесіне қайтарды.  Аталған санаттарды жүйеге қосу жұмыстары әлі де жүргізілуде, Үкімет шараларының арқасында сақтандырылғандар саны әлі де арта түседі. Осылайша, коронавирус пандемиясы салдарынан табысынан айырылған немесе жеңілдік санатындағылар қатарынан шығып қалған азаматтар медициналық сақтандыру жүйесіне қайта енгізіледі және барлық медициналық көмекті ала алады. Сақтандыру мәртебесін алу үшін азаматтарға ешқайда барудың қажеті жоқ. Барлық деректер ақпарат жүйелерінде автоматты түрде жаңартылады.