Қ.Тоқаев АҚШ-тың саяси және сарапшы топ өкілдерімен кездесті
Қ.Тоқаев АҚШ-тың саяси және сарапшы топ өкілдерімен кездесті
191
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары АҚШ-тағы ықпалды талдау орталығы саналатын «Atlantic Council» («Атлантикалық кеңес») ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған белгілі америкалық саясаткерлермен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесумен басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сыртқы саясаттың негізгі басымдықтары, Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы егжей-тегжейлі баяндады. Қ.Тоқаев АҚШ-пен ынтымақтастықты арттыру Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті.

– Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізген келісімдерінің жүзеге асырылуына ерекше мән береміз. Бұл сапар екі ел арасындағы кең ауқымды стратегиялық әріптестіктің негізін қалады,– деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін еске салды. Бүгінде америкалық инвестицияның жалпы көлемі 45 млрд доллардан асқан. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптестерге энергетикалық саладағы бірқатар бірлескен жобалардың табысты жүзеге асқаны туралы хабардар етті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы және жоғары технология салалары бойынша өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта да америкалық бизнес өкілдерімен ұзақ мерзімді экономикалық байланыстарды нығайтуға ниетті.

Өз кезегінде америкалық әріптестер екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, Қазақстанмен өзара тиімді стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін атап өтті.

1961 жылы құрылған «Атлантикалық кеңес» АҚШ-тың жетекші сараптамалық және ғылыми орталықтарының бірі саналады. Кеңес трансатлантикалық байланыстар, интеграциялық процестер, қауіпсіздік және қоршаған орта мәселелерін зерттеумен айналысады.