ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Жиналысының Спикері Мұстафа Шентоппен кездесті,– деп хабарлайды Елбасының ресми сайты.
Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті екі мемлекет арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын ерекше атап өтті.
– Биыл біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікке 10 жыл толды. Екі мемлекет арасында тығыз саяси қатынастар қалыптасты, оның ішінде парламентаралық және ведомствоаралық іс-қимыл саласында да дамыды. Визасыз режим орнатылды, сауда көлемі өсуде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2 миллиард долларға жақындады. Екі мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылды. Екі мыңға жуық жас қазақстандық Түркияда білім алуда. Мұның бәрі біздің қатынастарымыздың жақындығын білдіреді,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде М.Шентоп Елбасына кездесу үшін ризашылығын білдірді және Түркия Республикасының Президенті Реджеп Ердоғанның жылы лебізін жеткізді.