Екатеринбургте кеткен есені Токиода қайтарамыз
Екатеринбургте  кеткен есені  Токиода қайтарамыз
328
оқылды

Бокстан кезекті Әлем чем­­­пио­наты мәресіне жет­ті. Ле­вит – Кастильо кез­десуінен қал­ған әсерді Бек­заттың ал­ты­­ны жуып-шай­ғандай бол­ды.

Әр турнир соңында үздіктер анық­талатыны белгілі. Ең үзік бапкер атағын ресейлік Вихтор Фа­рхутдинов алды. Тур­нир бокс­шы­сы – өзбекстандық Баходир Жа­лолов. Ол кәсіби және әуесқой бокс­пен қатар айналысады. Өз­бек­станда 91 келіден жоғары сал­мақта Баходирдің ба­ратыны та­лас тудырған. Осындайда AIBA-ның Қазақстанға деген «са­л­қын қа­бағын» байқауға бо­лады. Әйтпесе, 6 кез­десудің төр­теуін нокдаунмен жеңген, Ла Круз­ге лайықты қарсылас болған Нұр­­дәулетовтің аты аталуы керек еді. Де­сек те, хош делік...

Гамбургтегі ӘЧ олимпиадаға жо­лдама бер­ген еді. Бұл жолғы ӘЧ басқаларынан өз­герек. Өз­ге­­рек дейтініміз – 78 елден 365 боксшы келді. Гамбургтегі әлем бірін­шілігіне 85 елден 279 боксшы қатысты. ӘЧ дүбірі ес­тілгенде көбі Аманқұл мен Хи­жняк кез­десуін күтті. Токиоға жол­да­ма бермейтінін білген Украина жа­рысқа қатысудан бас тартты. Әбіл­хан Аманқұл жарақатының сал­дарынан турнирге қатыса ал­мады.

AIBA кәсіпқой боксшыларға әуес­қой бокс жарысына қатысуға рұқ­сат берді. Бұл алғаш рет Рио Олимпиадасында іске асты. Ека­теринбургте жалғасты. Нә­ти­же­сін берді. 52 келі салмақ дә­­режесіндегі фран­цуз Би­лал Беннама қола медаль, өз­бек­стан­дық Шахобиддин Зоиров ал­тын алды. Аса ауыр салмақта Баходир Жа­лолов топ жарды.


Өзбектер озды

Ала шапанды ағайынның 4 бок­с­шысы финалға шықты. Үшеуі алтын алды. Біреуі Бек­зат­тан жеңілді. Финалдық кез­десулерде ресейліктер бізге бо­лыс­ты, білем. Өйткені Ресейде – 3 алтын. Бәсеке уақытын да со­ған сай қойған тәрізді. Бәрі ке­зек­пен болушы еді. Бұл жолы 81 келіге дейінгі мен 91 келіден жо­ғары салмақта шешуші жұ­дырықтасуды соңынан тама­ша­ла­дық. Өзбектер озбасын дегені ме екен, құрамаға жақсылап жанкүйер болуға жағдай жасады. Дегенмен Өзбекстан құрамасы тиесілі бір алтынын алды. Қам­­­шыбек өзіндегі қателікті мойын­дады. Дилшодбек Рузметов ал­ған күміспен Өзбекстан 1-орын­ға шықты. Сонымен, жал­пыкомандалық есепте Өзбекстан көш бастады: 3 алтын, 1 күміс, 2 қола. Ресейде күміс жоқ болға­ны­мен, 3 алтын мен 1 қола бар. 1 ал­тын, 1 күміс, 4 қола жүлдемен Қа­зақстан үштікті түйіндеді.

 

Левит қайда – дау сонда

Бұл – Левиттің үшінші әлем бірін­шілігі. 2009 жылы Миланда медальсіз қалды. 2017 жылы қо­лаға қолы жетті. Биыл алтын алам ба деп келгенде, аяқтан шал­ды. Бапкерлер уақытында қи­мыл­дағанда бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін?

«91 келі салмақтағы айқаста тө­решілер тарапынан «бармақ бас­ты, көз қысты» жағдай орын алды. Барлық көрерменге Ва­си­лий Левит эквадорлық Ху­лио Кастильоны жеңгендей кө­рінген еді. Кемінде екі раундта оның басымдығы байқалды. Алайда ақтық айқаста жерле­сі­мізді ресейлік Мүсілім Гаджи­мұ­­­ратовпен жолықтырмау үшін қазылар Панамерика ойын­­­­дарының үш дүркін жүл­­­­­дегерінің қолын көтерді. Осын­­­­дай келеңсіздік орын ал­ған жағдайда төрешілердің ше­шіміне наразылық, қарсылық білдіруге болатын еді. Осының ал­дында ғана Ресей құрамасының бапкерлері осындай қадамға бар­ған. Ақырында бұл даулы жағ­дай ресейліктердің пайдасына ше­шілді. Ал біздің мамандар со­­ның бәрін көре тұра, жұмған ау­­­зын ашпады. Арамыздан ақы­­ры­нып, әділдік сұрайтын еш­­кім табылмады. Басшылар да, бап­керлер де бас шұлғып отыра бер­геннен арыға бармады. Осы­лайша, Левит қитұрқы ойын­ның құрбаны болды» деді бел­гілі спорт журналисі Ғалым Сү­леймен.

Жөн-ақ. Өйткені Левит пен Кас­тильо кездесуінің алдында осы­ған ұқсас оқиға болды. Ширек финалда ағылшын боксшысы Эдвард Кларк Максим Бабанинді жеңді. Ресей бапкерлері да­был қағып, қайта қарауды ұсын­ды. Ақыры жеңіс Максим Баба­нин­нің пайдасына шешілді. Сонда қар­сылық алгоритмін Ғалымбек Кен­жебеков білмей қалды деу ар­тық шығар. Алаңнан кетпей, тез арада айбат көрсету керек еді. AIBA-дан сескенді ме, басқасы себеп болды ма, жұмбақ күйінде қалды. Кейіннен ҚБФ-ның атқарушы директоры Бекжан Бектенов AIBA-ға хат жолдағаны мәлім болды. Дегенмен біздікілер «қолымды мезгілінен кеш сер­медімнің» байбына бармаған-ау.

Ал Левит болса, бәз баяғы. Жылы жымиып, халқына алғыс айтты. Қола медаль таққан кісі Левитке бірдеңелер айтып жатты. «Бәріңнің соңынан ай­тар­ларың бар, басында қайрат көр­сетсеңдер, қайда қалдыңдар» деді-ау ішінен біздің боксшы. Үнсіз бас изеп қала берді...

   

Көк тудың желбірегені

Марат Жақиянов 81 келіде шәкірт таңдауда қателеспеді. Бұрындары 91 келіде Левитке қар­сылас боп жүрген Бекзатты таңдады. Салмақ түсіріп, бай­рақты бәсекеге дайындады. Пре­­зидент кубогында Ерік Әл­жановқа есе жіберсе де, Нұр­дәулетовке сенім артты. Оның үстіне, Бек Нұрмағанбет жарақат алған еді. Бапкер үмітін ақтаймын дегендей Бекзат ірі сөйледі. Ау­зына Құдай салды ма екен Хон Ингимен өткен кездесуден соң, «мақсатым – әлем чемпионы атану» деді. Біразы сенбегенімен, өзін дәлелдеп бақты. Қарасаңыз, финалға дейінгі 5 кездесудің төр­теуін нокдаунмен жеңді. Ла Крузды мойындатқан маңғыс­таулық өрен ерледі.

Осындайда бапкер тәсіліне таңдай қағасың. Кезінде Ния­зымбетов 69 бен 75-тің арасында жүргенде 81 келіні таңдауына себепші болған еді. Нәтижесінде, Әділбек бірқатар әлемдік додада топ жарды. Бекзатты 91-ден 81-ге ауыстырып еді, асығы ал­шы­сы­нан түсті. Не десек те, Жа­қия­нов жарады.

Дилшодбек Рузметовпен бол­ған финал елдің соңғы үміті екенін Бекзат жақсы түсінді. Сол үшін барын салды. Ашына қи­мылдап, дәл соққы жасауға ұмтылды. 1 айналымнан кейін есеңгіреп қалған Дилшодбек ары қарай құламаудың амалын жасады. Осылайша, көптен кү­т­кен алтынның сыңғырын есті­дік. Көк тудың желбірегенін тама­шаладық. Екатеринбургте кеткен есені Токиода қайтарамыз...


бекзат2.JPG
Бекзат НҰРДӘУЛЕТОВ,
бокстан әлем чемпионы:

Көк туды көкте желбіреткім келеді

Сарапшылар оның Әлем чем­пио­на­­тынына баратынын сәттілікке бала­ды. «Бек Нұр­ма­ған­бет жарақат алма­ған­­да ғой» де­гендер болды. Нұр­дәу­­ле­тов­ке Жақиянов пен Кен­же­баев сенім артты. Сенімге сел­кеу тү­сір­гісі келмеді ме, маң­­­­­ғыстаулық жігіт жасы­ма­ды. Бірінші күн­нен алтынға қол со­за­мын деп еді. Сөзінде тұр­ды. Күллі қа­зақ­ты қуантты. Бек­­­заттың арқасында әнұран орын­далып, көк тудың жел­бі­ре­геніне куә болдық.

– Әр жұдырықтасудан соң «мен тек бапкердің айтқанын орын­дадым» дедіңіз. Ол қандай тактика?

– Қарсыластарға әртүрлі тактикамен шықтық. Бапкерім барынша зерттеу жүргізді. Айтқанын тыңдап, лайықты бокстасуға тырыстым.

– ӘЧ-де жеңіске жетуге себепші болған не? Салмақ ауыстыру кәдеге жараған сияқты?

– Әлем чемпионатына келгеннен кейін алға қойған мақсатым болды. Сол мақсатқа жету үшін аянбай тер төктім. Бапкер сөзін тыңдап, ағалардың ақыл-кеңесіне жүгіндім.

– Кезінде Левитке қарсылас болған едіңіз? Әлем біріншілігіндегі қиянатқа не дейсіз? Немесе Василийге жеңіске жету үшін не жетпеді?

– Иә, 91 келіде бокстастым. Ол кезде де салмағым 91-ге жетпейтін еді. Бапкеріммен ақылдаса келе, 81 келіде бокстасамыз деген шешімге келдік. Сөйтіп, салмақты 81 келіге түсірдік. Василийдің боксын көре алмадым. Себебі шаршы алаңға шығатындықтан, дайындықта болдым.

– Ла Крузбен өткен кездесуге әлем таңданды. Әділбек берген ақыл-кеңеспен жеңдім дедіңіз. Ниязымбетов сізге не деді?

– Әділбек ағаның ақыл-кеңесі кәдеге жарады. Қашықтықта бокстасып, ақылмен әрекет етуімді ескертті. Айтқанын орындадым. Нәтижесін көрдіңіздер.

– Енді сізді Бек Нұрмағанбетовпен ішкі айқас күтіп тұр. Олимпиадаға кім барады?

– Олимпиадаға кім баратынын бапкерлер шешеді. Біздікі барынша дайындалып, сәтті бокстасу. Кімнің бағы шабарын уақыт көрсетеді.

– Сіз үшін ендігі меже?

– Қаңтар айында жолдама беретін турнир өтеді. Барынша соған дайындаламын. Мақсатым жолдама алу, Токиоға бару. Бұйырса, көк туды көкте желбіреткім келеді.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ