Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары АҚШ-тағы ықпалды талдау орталығы саналатын Atlantic Council («Атлантикалық кеңес») ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған белгілі америкалық саясаткерлермен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесуден басталды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан-Америка қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сыртқы саясаттың негізгі басымдықтары, Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен ынтымақтастықты арттыру Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізген келісімдерінің жүзеге асырылуына ерекше мән береміз. Бұл сапар екі ел арасындағы кең ауқымды стратегиялық әріптестіктің негізін қалады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы АҚШ Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін еске салды. Бүгінде америкалық инвестицияның жалпы көлемі 45 млрд доллардан асқан.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптестерге энергетикалық саладағы бірқатар бірлескен жобалардың табысты жүзеге асқаны туралы хабардар етті. Президенттің айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта да америкалық бизнес өкілдерімен ұзақмерзімді экономикалық байланыстарды нығайтуға ниетті. Өз кезегінде америкалық әріптестер екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, Қазақстанмен өзара тиімді стратегиялық ынтымақтастықты одан ары нығайтудың әлеуеті зор екенін атап өтті.
Бұдан бөлек БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Мемлекет басшысы БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездесті.Тараптар өзара іс-қимыл перспективаларын, атап айтқанда, дінаралық келісім мен өркениет-тердің жаһандық диалогын нығайту жайын талқылады.
Қазақстан Президенті Өркениеттер Альянсы бейбітшілікті, ынтымақтастықты қамтамасыз етуге және өркениетаралық диалогты қолдауға үлкен үлес қосып келе жатқан беделді халықаралық институттардың бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Bloomberg ақпарат агенттігінің негізін қалаушы әрі иесі Майкл Блумбергпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Bloomberg ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап, әлемдік экономиканың күн тәртібіндегі өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін Bloomberg Жаһандық бизнес-форумының маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Президент алдағы іс-шара жұмысына Қазақстанның атынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқару-шысы Қайрат Келімбетов қаты-сатынын айтты.
Мемлекет басшысы Майкл Блумбергке Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып, америкалық бизнесменді «Астана» халықаралық қаржы орталығымен белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды.