Бұл туралы Халықаралық олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс мәлімдеді.
ВВС-дің жазуынша, Олимпиада 2021 жылдың 23 шілдесінде басталады. Олимпиада осы жазда өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. ХОК Олимпиаданы кейінге қалдыруға болмайды деп есептейді.
«Ойындардың басты идеясы – Жапонияның жойқын цунамиден (2011 жылғы жер сілкінісі мен цунами – ред.) кейін қайта қалпына келуі болатын», – деді Джон Коутс.
«Енді олар туннельдің соңындағы жарық, COVID-19 вирусын символдық түрде жеңетін жарыс болмақ».
Шілде айында «Токио – 2020» ұйымдастыру комитеті жетекшілерінің бірі Тоширо Муто Олимпиада шектеулі аудиториямен өтуі мүмкін деген болатын. Алайда ұйымдастырушылар Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарын жеңілдету, сондай-ақ қатысушы елдердің делегациялары мен қызметкерлерінің санын қысқарту қажет болуы мүмкін екенін айтты.
2020 жылғы Олимпиадаға екі жүз ел мен аумақтан 11 мыңнан астам атлет қатысады деп жоспарланған болатын.
Қазіргі уақытта Жапония шекарасы негізінен шетелдіктер үшін жабық. Тоширо Муто Олимпиадаға келетіндер үшін коронавирусқа қарсы вакцина салдыру міндетті емес деп мәлімдесе де, мамандар вакцинасыз Олимпиаданың өтуіне күмән келтіреді.
«Егер вакцина пайда болса, жақсы жаңалық болар еді. Дегенмен біз вакцинасыз ойын өткізе алмаймыз деп айтпаймыз. Себебі бұл міндетті емес», – деді Муто.
Сәуір айында ұйымдастыру комитетінің басшысы Йоширо Мори егер Олимпиада 2021 жылы өткізілмесе, онда ол мүлдем өтпейтінін айтты. Мұндай шешімді түсіндіре отырып, ХОК президенті Томас Бах: «Ұйымдастыру комитетінің 3-5 мың адамнан тұратын штатын тұрақты ұстап отыра алмайсың. Жыл сайын әлемдегі барлық басты спорттық оқиғалардың күнтізбесін де түзетуге келмейді», – деді.
Пандемияға дейін Олимпиада тек Дүниежүзілік соғыстарға байланысты тоқтатылған, бірақ ешқашан кейінге қалдырылмаған.