Кәсіпкерлер киберспортты қолдай ма?
Кәсіпкерлер киберспортты қолдай ма?
449
оқылды

Counter Strike, Dota, Tank... Microsoft Windows-ке лайықталған осындай көпқолданбалы компьютер ойындары қазір кең таралды. Тіпті аталған ойын­дар­ды ойнай алудың өзі шеберлік саналып, оған «киберспорт» атауы берілді. Киберспорт қазіргі заман тинейджерлері үшін таң­сық емес. Ойынға тек жастар ғана емес, тіпті ересектер де қы­зығушылық танытып келеді.

Қазақстанда соңғы уақытта ки­берспорттың даму тенденциясы байқалуда. Осы бағытта Ки­бер­спорт федерациясы мен альянсы қыз­мет етеді. Киберспорт фе­де­­ра­циясының өкілі Талант Ра­ма­зан «Хабар-24» телеарнасына бер­ген сұхбатында «киберспорт Қа­зақстанда кеше пайда болған жоқ» деген пікір айтты. Оның да­мығанына 20 жыл болды. Ком­­­пьютерлік ойынның түбін түсі­ретін жастар «Гамбите спортс» де­ген топ та құрған. Кейіннен ки­берспортқа қызығатын қыз-жі­гіттер бірігіп, федерация құрып, өз ұсыныстарын министрлікке жет­кізеді. Өткен жылдың 25 мау­сымынан бастап елде киберспорт­пен шұғылданатындар ресми спорт­шы ретінде танылды.

Қазіргі уақытта киберспортта Dota-2, Counter Strike, Liga of ligens ойындары танымал спорт қатарына енді. Осы тұрғыда «ки­бер­спортшы кім?» деген заңды сауал туындайды. Федерация өкілі Талант Рамазан «тек бір тетікті басып қойып, бос уақытында ойын­ның қызығына берілетін адам­ды киберспортшы деп атай ал­маймыз» деген пікірде. «Оны тек өзінің сүйікті ісімен, яғни хоб­биімен айналысатын жан деп қарау керек. Киберспорт дегеніміз – бел­гілі бір құраманың құрамында бар немесе жаттықтырушысы бар азамат. Оның алдына белгілі бір талаптар қойылады. Мысалы, алты ай ішінде менің көрсеткішім 10-деңгейден 15-деңгейге жетуі ке­рек деген сияқты. Мен сол үшін нақты жоба бойынша жұмыс істеуім керек. Ал біз федерация ретінде осыған тағы қосымша та­лап қойып отырмыз» дейді ол.

Ал Киберспорт альянсының же­текшісі Ержан Оңалбаев бұл пікірмен келіспейтінін ай­та­ды. Оның сөзінше, кибер­спорт­шы­ларға ең басты қойылатын талап – жаттығудан бұрын мықты концентрация және жылдам реак­ция. Ол «Киберспортты міндеттеу дұрыс емес» деген пікірде.

Федерация өкілі Талант Ра­ма­зан киберспортқа қолдау та­ны­туда мемлекеттен жәрдем күт­пейтіндерін алға тартады. Се­бебі киберспорт олимпиадалық спорт түрлерінің санатына кір­мей­ді. Дегенмен федерацияның жа­қын арада киберспорттың да өзге спорт түрлеріндей әлеуе­ті барын, спортшылар да ар­найы регламент аясында жұ­мыс істеп, жаттығатынын әрі ай­­­­­тарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жатқанын таны­ту ойда бар. Мәселен, осы жыл­­­­дың қыркүйегінде Қа­зақ­­­­станда киберспорттан он­лайн-лига өтті. Киберспорт фе­­дерациясының басшысы Қуа­­нышбек Есекеев өзінің Facebook-тағы парақшасында ойынға бүкіл республикадан 1 500 киберспортшы қатысқанын жаз­ды. Федерация 12 аталым бойын­ша ірі онлайн-лига өткізе алды. Ал шетелдік сарапшылар Қазақстанда киберспорт экожүйесінің жылдам дамып келе жатқанын айтады. Бұл сөзді федерация да растап отыр.

«Киберспорт түріне миллион­нан астам, көбіне 15 пен 45 жас ара­­лығындағы ер адамдардың 85-90 пайызы, ал қыз балалардың 5-10 пайызы қызығады. Қазақ­стан­да компьютерлік ойындарды ойнамайтын жас азамат жоқ. Жүз адамның 98 пайызы кибер­спорт­тың қандай да бір түріне қы­зығады, ойнайды. Соның ішін­де, жүз адамның 30-40 пайы­зы компьютерлік ойындарға ап­та­сына 2-3 сағаттан көп уақыт бө­леді. Сондықтан біз бір жағы­нан киберспортшылардың мүд­­­десін қорғауымыз керек. Екін­ші жағынан мемлекеттің, қо­ғамның мүддесін ұмытпауымыз ке­рек. Өйткені киберспортпен ай­налысатын азамат оқуын тас­тап кетпеуі қажет. Спортпен шұ­ғыл­да­нып, отбасын құрып, кәсібін алуы, ЖОО-ға түсуі керек. Яғни, ки­берспорттың дұрыс жолмен да­мығаны жөн», – дейді Т.Рамазан.

Киберспортты қолдау бойын­ша өткізілетін чемпионаттар мен арнайы лигаларға шет елдерде ау­қымды қаражат бөлінеді. Мә­селен, АҚШ-та 2017 жылы өткен International Dota-2 киберспорт ойынының жүлде қоры 24 миллион долларды құраған. Бас жүлдені жеңіп алған құрама жүлденің 50 пайызын қанжығасына байлап, 12 миллион АҚШ долларын ен­ші­леген.

Ал Қытай 2018 жылы бұл спорт түріне бюджеттен 14 миллион долларға жуық инвестиция бөлген. 2018 жылға дейін Қазақстанда ки­берспорттан шағын ғана тур­нирлер өтіп, оларға бөлінген жүл­де қоры 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықты құраған. Дегенмен киберспорт өкілдері соңғы жыл­дары қаржы бөлу жағының да оң­тайланып келе жатқанын ал­ға тартады. Оған өткен жылы «Тран­с­те­леком» ұйымдастырған, жақында ғана өт­кен киберспорттан онлайн-ли­ганың өтуі дәлел бола алады. Фе­дерация мен альянс өкілдері спорт түрін қолдауда отандық кә­сіп­керлермен де келіссөздер жүре­тінін алға тартады.

 

Компьютер мен тех­но­логия­ның дәуренінде заман спортқа да өз ықпалын тигізді. Бүгінде алдыңғы қатарлы мемлекеттер рес­ми спорт түрі деп қарайтын ки­берспорт Қазақстанда жаңа даму жолына түсті. Оның қаншалықты әлеует беріп, спортта елдің бәсін басым ететіні уақыттың еншісінде.  Дегенмен тек компьютерге телміртіп қоймай, күшті ми еңбегі мен логиканы қажет ететін спорт түріне қолдау танытып, оған спорт аренасында жол ашудан ұтылар тұс жоқ секілді.