Ең арзан туризм – экотуризм

Ең арзан туризм – экотуризм

 

«Алтын Емел» бюджетке 10 есе көп кіріс әкеледі

«Алтын Емел» ұлттық паркін да­­мыту тұжырымдасының таныс­тырылымына қоғам өкілдері де қа­тысты. Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрінің орын­басары Ерлан Нысанбаевтың айтуын­ша, жобаны жүзеге асыру 2025 жылға қарай жергілікті халық үшін 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал  жыл сайын келетін туристер 20 мыңнан 78 мыңға көбейеді. Бастысы, бюджетке түсетін қаржы 10 есе артады. «Алтын Емел» ұлттық паркін да­­мыту тұжырымдасы бойынша 3 мар­шрутты реттеп, түзеу жоспар­ланған. Мысалы, «Шыған» бақылау-өткізу пункті маңындағы аумақта автокөлік тұрағы дұрысталып, этно­ауыл салынады. Келушілер үшін ке­ле­сі тоқтайтын жер – Мыңбұлақ. Туристердің тамақтануы үшін қозғал­малы асхана, яғни караванинг болады. Демалыс жайлы өтуі үшін глэмпингтер орналастырылады. Әрі қарай туристер маршрут бойынша тарихи-мәдени нысан – Шоқан Уәлиханов бұлағына бара алады. Бұл жерде де жылжымалы ас­ха­на жұмыс істейді, демалып отыр­а­тын жер­лер де болады», – деді тұ­жырымдаманы та­ныстырған вице-министр. Бұдан бөлек, жабайы жануарларды та­ма­шалау үшін көру алаңы салынбақ. Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін инвес­тор тартылады. «Іле Алатау», «Шарын» ұлт­тық парктері мысалында «Алтын Емелде» жүріп жатқан жұмыс­тарды бақылап, тәуелсіз баға беретін қоғамдық кеңес құрылады. Айта кетейік, былтыр 2019-2025 жылдар­ға арналған туризм саласын дамытудың  мемлекеттік бағдарламасы  қабылданған болатын.  

«Шарынға» келушілер 190 мыңға жетеді

Ресми дерекке сүйенсек, былтыр «Ша­рын» шатқалына 20 мыңнан астам адам келген. Туристерге қызмет көрсеткені үшін парктің арнайы шотына 16,7 млн теңге түсіпті. Алайда «Шарындағы» ин­фра­құрылымның заман талабына сай кел­меуінен экотуризм тиісті деңгейде дамымай отыр. Соған орай, сала министрлігі ұлттық паркті дамыту жобасын іске асыру арқылы келушілер санын 190 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Жалпы, ұлттық паркті дамыту жобасы қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен талқыланып, қабылдан­ғаннан кейін ғана  ашық байқау не­­гізінде инвестор тартуға кезек келеді. Бөле-жара айтатын мәселе, ұлттық парк жерлері заң бойынша  ешқандай жағдайда жекеменшікке берілмейді.  Бел­гілі бір аумақтар ғана туризмді дамыту мақ­сатында уақытша пайдалануға берілуі мүмкін. Алайда инвестор өз міндетін орын­дамаған жағдайда мемлекет кез келген уа­қытта келісімшартты үзе алады. Қазақстан туризм қауымдас­тығының директоры әрі қоғамдық кеңес мүшесі Рашида Шайкенова ішкі туризмді дамыту халықтың табиғатқа деген аяушылығын оятып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қоса­тынын ай­тады.  

Әлемдегі экотуризм

Экотуризмнің негізі  табиғатқа деген жанашырлықта жатыр. Сон­дықтан  бізге де  табиғатта жаңа көз­қараспен демалуды үйрену керек. Мысалы, жыл сайын мил­лиондаған турист баратын Андоррада далада от жағып,  кәуәп пісіру деген түсінік атымен жоқ. Оның орнына табиғатта жаяу жүретін, тауға шығатын мар­шруттар дамып, шаңғы спорты жол­ға қойылған. Сансыз соқпақ жол ел­дің сұлу табиғатымен танысып, таза ауа жұтуға, жаяу жүру арқылы ден­­саулықты жақсартуға мүмкіндік бе­реді. Ал бұл бүгінгі пандемия кезінде өте қажет. Ұлттық парктерде экотуризмді жан­дан­дырудың келешегі зор екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.  Дү­ниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) болжауынша, алдағы екі онжылдықта экотуризм үлкен жыл­дамдықпен дамиды. Оған кете­тін шығын жалпы индустрияға жұм­салатын шығынға қарағанда жыл­дам өседі. Бүгінде ерекше қорғалатын аумақтарға  жыл са­йын 8 млрд  адам келетін болса, оның 80 пайызы Еуропа мен  Солтүстік Америкаға сәйкес келеді. Халықаралық экотуризм қа­уымдастығының мәліметіне сәйкес, бұл нарық жыл сайын 25 пайызға өсіп, 470 млрд доллар пайда әкеліп отырады. Ең арзан туризм – экотуризм. Мы­салы, табиғатта демалу үшін бір сөмке асынып, жеткілікті тама­ғыңызды алып шықсаңыз – болғаны. Ұлттық саябаққа кіру үшін  бюджетке түсетін 500-600 теңге ғана төлейсіз.  Егер бір-екі күнге қонуға қалсаңыз, кэмпинг, глэмпинг немесе экоотельге төлейсіз. Бірақ ол да арзан. Болашақ экотуризмде деуіміздің сыры  – осында.  

Айдана БЕГІМ