«Естімеген елде көп» деген. Енді шенеуніктер кәсіпкерлермен келіссөз жүргізгенде, тіпті келешекте әкім болатынын, қала берді оның орынтағының құнын да айтатын болыпты.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы әдеп жөніндегі кеңесінде айтылды. Яғни, Меркі ауданы әкімінің орынбасары мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мен әдеп нормаларына атүсті қарап, өзінің қызмет бабын пайдаланған. Ол кәсіпкерлер арасында келіссөз жүргізу барысында телефон арқылы өзін жоғары лауазымға тағайындау мәселесін де сөз еткен. Яғни, әңгіме барысында тіпті балағат сөздерді қолданып, әдеп нормаларын бұзған. Елдің құлағын елең еткізген осы жайды естіген облыс әкімі аталған тұлғаны жұмыстан босатты.
Сонымен қатар жиында облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының да мәселесі қаралды. Ол толық аяқталмаған нысанды қабылдау актісіне қол қойған. Мұның салдарынан «Бірлік – Мойынқұм – Ұланбел» автомобиль жолының 54-шақырымына көпір салу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаға сай орындалмағаны анықталған. Тексерушілер аяқталмаған жұмыстың құны 12 миллион 319 мың теңге екенін зерделеген.
Ал Байзақ ауданы Бәйтерек ауылдық округінің әкімі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Сарыкемер ауылы Жиделі көшесіне жүргізілген орта жөндеу жұмыстарын мердігерден қабылдап алған. Мұндағы орындалмаған жұмыс құны 1 миллион 898 мың теңге болған. Аталған соңғы екі мәселе бойынша да кейін олқылықтар түзелгенімен, әдеп кеңесінің мүшелері бұл азаматтар қызметіне сай емес деген жаза белгіледі.
Сондай-ақ жиында 28 желтоқсан Жалпыұлттық аза тұту күні жаңажылдық кешке қатысып, ондағы түскен суреттерін әлеуметтік желіге жариялаған қызметкерлері үшін облыс әкімдігі жастар саясаты басқармасының басшысы ескерту алды.
Асылы ӘДІЛ, Жамбыл облысы