Өскемен қаласы әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің лауазымды тұлғалары Абай өлеңін оқып, көпшілік шараға қатысып, карантин талаптарын бұзған, – деп мәлімдеді ШҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
"Тамыз айында Өскемен қаласы әкімдігінің қызметкерлері оннан астам адамның қатысуымен бейнеэстафета түрінде жаппай іс-шара өткізді. Ол кезде қала аумағында ойын - сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынды", - деп түсіндірді ведомство.
Видеоэстафетті өткізу кезінде қатысушылар маска режимі мен әлеуметтік ара-қашықтық талаптарын ескергеніне және сақтағанына қарамастан, карантиндік шараларды бұзу фактісі бойынша ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге жауапты болған лауазымды тұлғалар тартылды.
Қала әкімінің орынбасары мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына айыппұл салынды. Олар 320 мың теңге (115 АЕК) төледі.