Қазақстандық Юлия Путинцева US Open турнирінің жартылай финалына шыға алмады.
Әлемнің 35-ракеткасы Ю.Путинцева ширек финалда рейтингіде 41-сатыда тұрған америкалық Дженнифер Брэдимен кездесті.
Теннисшілердің екеуі де 25 жаста, рейтингідегі орындары да шамалас еді.
Матчты сәтті бастаған америкалық спортшы бірінші партияда 4:0 есебімен алға шықты. Тек осыдан кейін ғана Ю.Путинцева брейк жасай алды. Дегенмен Д.Брэди бәсеке басындағы басымдылығын жоғалтқан жоқ – 6:3.
Америкалық теннисші екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Дегенмен Юлия таразы басын теңестіре білді – 2:2. Бірақ Брэди бұдан кейін қатарынан төрт геймді алып, жеңіске жетті – 6:2. Кездесу 1 сағат 11 минутқа созылды.
Жалпы, Ю.Путинцева бүгін өз шеберлігін толық көрсете алған жоқ. Бұдан бұрын екі мәрте «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына шыққан ол сол жетістігін биылғы АҚШ-тың ашық чемпионатында тағы бір қайталады. Бұл да – жақсы табыс.
Д.Брэди болса, өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» жарысының жартылай финалына жолдама алды. Ол финалға шығу үшін әлемнің 9-ыншы, турнирдің 4-ракеткасы, жапониялық Наоми Осака немесе рейтингте 93-сатыдағы америкалық Шелби Роджерстің біреуімен таласады. Ш.Роджерс екінші айналымда Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакинаны 7:5, 6:1 есебімен ұтып кеткен болатын.